«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көктем келіп, күн күлімдеп, ауа райы жылына бастағалы табиғат та ұйқысынан оянғандай жаңа кейіпке енді. Жер-ананың бауыры жібігелі жұртшылық та қызу жұмысқа кіріскен. Тұрғындар аулаларды абаттандырып, көше бойын тазалап, қоршаған ортаға қамқорлық көрсетуде. Осы мақсатта өңір аумағында жыл сайын өтетін сенбілік биыл да кең ауқым алып, қоршаған ортаға бейжай қарамайтын жанашыр жандардың басын қосты.

Қызылжарлықтардың басым бөлігі өткен сенбіні өздері тұрып жатқан жерді абаттандыруға арнап, жалпыхалықтық сенбілікке қатысты. Облыс орталығынан бастап шалғайдағы елді мекендерге дейінгі барша тұрғындар тазалыққа атсалысып, таң ата қолдарына құралдарын алып, жұмысқа кірісті. Қай саланың маманы болмасын бұл күні күнделікті шаруасын жиып қойып, көппен бірге көктей бастаған жердің бетін күл-қоқыстан тазалап, елді мекендерді абаттандырды. Қарапайым тұрғындар да қарап қалмай, аулаларының аумағында тер төкті.

Облыс орталығында да сенбілік ерекше серпін алып түске дейін тазалық жұмыстарына шыққандардың саны 12 мыңға жуықтады. Осылайша қаладағы саябақтар, көше бойлары, аулалар мен ірі кәсіпорындардың маңайындағы қоқыс тазаланды. Өңір басшысы Айдарбек Сапаров қала орталығындағы ең ірі саябақтардың біріне барып, көгалды орынға күтім көрсетті. Игі шараға қала әкімі Руслан Аңбаев, аға буын өкілдері мен жастар да қатысты. Сонымен қатар аудан, ауыл әкімдері де өз елді мекендеріндегі сенбіліктерге барып, қоршаған ортаға қамқорлық көрсетті.

– Солтүстік Қазақстан облысы – біздің ортақ үйіміз. Біз қалаларымыз бен ауылдарымызды таза әрі ұқыпты ұстауымыз керек. Барша тұрғындарды сенбіліктерге қатысып, туған жерді көркейтуге үлес қосуға шақырамын, – деді облыс басшысы.

Қаладағы абаттандыру жұмыстары мұнымен шектеліп қалмай көктем бойы жалғасады. Атап айтқанда, облыс орталығындағы ескерткіштер жөнделіп, көшелер ретке келтіріліп, аулаларға ойын алаңдары мен спорттық тренажерлар орнатылмақ.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp