Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап “Ұлттық қор – балаларға” жобасын іске қосудың негізгі тәсілдерін әзірледі. Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы жыл сайын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында бөлінеді.
Инвестициялық табыстың ықтимал теріс мəндерін жекелеген уақыт аралықтарында нивелирлеу мақсатында инвестициялық табыс мөлшерлемесін есепті кезеңге өткен 18 жылдағы орташа жылдық мəн негізінде айқындау жоспарланып отыр. 18 жасқа дейінгі бала үшін болжамды жинақ сомасы шамамен 3,5 мың долларды құрауы мүмкін. Бұл сома капитал нарығының құбылмалылығын ескере отырып, тарихи деректер негізінде есептелген жəне əлемдік экономиканың конъюнктурасына байланысты түзетілуі мүмкін.
Жоба былай жүзеге асырылады:
– Шоттар “БЖЗҚ” АҚ-да (екінші деңгейдегі банктерге жүгіну талап етілмейді) Əділет министрлігінің жеке тұлғаларының дерекқоры негізінде автоматты түрде ашылады.
– Жыл сайын қаңтар айында жобаға қатысқан сəттен бастап 18 жасқа толғанға дейін “БЖЗҚ” АҚ-дағы балалардың шоттарына шартты түрде қаражат есептеледі. Мысалы, егер жоба басталған кезде бала 5 жаста болса, оған жыл сайын 13 жыл ішінде, яғни кəмелетке толғанға дейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігі беріліп отырады.
– Жобаға Қазақстан азаматтары болып саналатын балалар қатысады.
– Егер 18 жасқа дейінгі бала елден кетіп, Қазақстан азаматтығын өзгертсе, онда төлемдерге талап қою құқығы жоғалады. Қаражат барлық бала арасында қайта бөлінеді. Бала елден 18 жасқа дейін азаматтығы ауыспай кеткен жағдайда төлемдерге талап қою құқығы сақталады.
– Шот қаражатын салық салудан босату ұсынылады. 18 жасқа толған кезде шоттардан қаражат төлеуді АҚШ долларымен жүзеге асыру ұсынылады. Іс жүзінде 18 жасқа толғанға дейін ақша Ұлттық қорда қалады жəне қаржы құралдарына инвестицияланады.
– 18 жасқа толған кезде қаражат баланың меншігіне өтеді.
– Қаражатты мақсатты пайдалану үшін “БЖЗҚ” АҚ-да өзара іс-қимыл жасайтын уəкілетті операторларды (“Отбасы банк” АҚ-ы, екінші деңгейдегі банктер) анықтау ұсынылады.
– 18 жасқа толғанда шоттағы қаражат 5-10 жыл бойы сақталады. Талап етілмеген жағдайда 5-10 жыл ішінде шоттағы қаражатты зейнетақы шотына аудару ұсынылады.
– Сондай-ақ азаматтық заңнамаға сəйкес іс жүзінде жинақталған қаражатты мұрагерлік бойынша беру мүмкіндігі көзделеді.
– Бала əрекетке қабілетсіз болған жағдайда, ата-аналарға (заңды өкілдерге) Қазақстан заңнамасында белгіленген тəртіппен қаражатты пайдалануға құқық беру жоспарланып отыр.
“Тұтастай алғанда, ұсынылған алгоритм бойынша жобаны іске қосу үшін заңнамаға өзгерістерді қоса алғанда, дайындық жұмыстарын жүргізу қажет болады. Осы жылы Қазақстан Республикасының заңнамасына жəне тиісті нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізу жоспарлануда. Жобаны іске қосу тестілеуі тиісті платформаларда (қосымшалар, БЖЗҚ-ның сайты) өткізіледі”, – делінген Қаржы министрлігінің хабарламасында.
Әсет ҚАНАФИН.