«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ерліктері ел жадында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлттық ұлан академиясында тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгер­лерді еске алуға арналған шара өтті. Жиынға қатысқан білім ордасының ұжымы, ардагерлер мен курсанттар ерлікпен қаза тапқан сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Тәжік-ауған шекарасындағы ай­мақтың тыныштығын күзетуге 1992-2001 жылдар аралығында біздің ел­ден он мыңға жуық сарбаз бен офи­цер қатысқан деген дерек бар. Өкі­нішке қарай, содырлармен болған қақтығыстың салдарынан 46 жауынгер қаза тауып, 100-ге жуығы түрлі жарақат алған.

– Еліміздің сарбаздары Тәжік­стан­дағы Таулы Бадахшан жеріндегі өздеріне тапсырылған шекара бө­лігін күзету міндетін абыроймен ат­қара білді. 7 сәуір күні Пшихавр шат­қалында Қазақстан Ішкі әскерінің жетінші құрама ротасы содырлар­дың тұтқиылдан жасаған шабуылы­нан от пен оқтың құрсауына түсіп қал­ды. Жаудың күші басым болған ұрыста 17 әскери қызметші оққа ұшып, 33-і жараланды. Ауған жағы­нан шабуыл жасаған содырлар бір сағаттың ішінде Тәжікстан аумағына өтіп кетуді жоспарлаған еді. Алайда қазақстандық жауынгерлер жойқын тойтарыс беріп, бес сағаттық қарулы қақтығыстан кейін шабуылшылар кері шегінуге мәжбүр болды, – деді Ұлттық ұлан академиясының бастығы, полковник Артур Тоқышев.

Шара барысында “Тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік қи­мыл­дар мен әскери қақтығыстар ардагерлерінің одағы” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық фи­лиалының төрағасы Асқар Жәменов пен Тәжікстан Республикасынан келген курсант Мухрулои Бахром сөз сөйлеп, ержүрек жауынгерлер­дің ерліктері ұмытылмайтынын айт­ты. Петропавл қаласындағы №12, 13 және 14 мектептердің жоғары сы­нып оқушыларына елді сүюдің, Отанға адал қызмет етудің маңызы түсіндірілді. Іс-шара жеке құрамның салтанатты шеруімен аяқталды.

Олжас ӘДІЛБЕК,

Ұлттық ұлан академиясының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp