«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘРБИЕ МЫҚТЫ БОЛСА, БАЛА АДАСПАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осыдан 11 жыл бұрын елімізде кәме­лет­ке толмағандардың ісі бойынша ма­мандандырылған ауданаралық сот­тар құрылды. Ювеналды әділет жүйесінің құрамдас бөлігі болып та­былатын бұл соттардың мақсаты – жасөспірімдердің мүдделерін қоз­ғай­тын қылмыстық, әкімшілік және азаматтық заң бұзушылық істерді қарау. Жалпы “ювеналды әділет” кә­мелетке толмағандардың сот төре­лігі, олардың құқықтарын қорғау ке­пілі деген ұғымды білдіреді. Яғни кә­мелетке толмағандарға қатысты сот төрелігінің жазалау әдісінен бас тар­туды, құқықтың халықаралық прин­циптерін қабылдау және сақтауды, қайта тәрбиелеуді бір элемент ре­тінде енгізуді діттейді.

Президент Қасым-Жомарт То­қаев білімді әрі бәсекеге қабілетті ұр­пақ тәрбиелеу мәселесіне, жан-жақ­ты дамуына жағдай жасауға ұдайы назар аударып келеді. Халыққа арналған Жолдауында NEET санатындағы 237 мың жастың білім ал­майтынын, жұ­мыс істемейтінін мы­салға келтірген болатын. Сондықтан бүгінгідей құ­былмалы заманда өз білімін еліміз­дің игілігі үшін жұмсайтын еңбекқор, сын-қатерлер мен қиындықтарға да­йын, еңбексүйгіш идеялар мен құн­дылықтарды бо­йына сіңірген ұлағат­ты ұрпақ тәр­бие­леу – аса жауапты әрі күрделі міндет екенін бірінші ке­зекте ата-аналар түсінуі тиіс. Өйтке­ні буыны қата қоймаған жастар ара­сында қылмыс әлі азаймай тұр. Оны ста­тистикалық мәліметтер де айғақ­тайды. Бұрындары ұсақ бұзақылық, ұрлық жасау, өзгенің дүниесін, мүл­кін тонау басым болып келсе, қазіргі сот процесінде ауыр қылмыстар аз кездеспейді. “Ашық есік” күндері өт­кізілгенде құқық бұзушылықтың ал­дын алудан бөлек, жас­тардың қыл­мысқа бару себептері де талқыланады. Құқықтық сауатты­лық­тың төмендігінен өздеріне жүк­те­летін талап салмағын жете сезіне бермейтіндер аз емес. Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша кәмелетке толма­ған­дар түнгі мезгілде үйінен тыс жер­де жүргені үшін бірінші рет ұсталса, ата-аналарына ескерту берілетінін, екінші рет қайталанса, айыппұл салынатынын көбі біле бермейді. Түнгі сағат 22.00 мен таңғы 6.00-ге дейін жасөспірім ата-анасы немесе заңды өкілінсіз бейсауат жүрмеуі тиіс. Білмей қал­дым деу жауапкер­шіліктен құтқармайды. Заң талабы – баршаға ортақ.

Отбасы жағдайы нашар, толық­қан­ды тәлім-тәрбие көрмеген, бақы­лаусыз кеткен балалар түрлі қыл­мыстарға бейім, үйір келеді деген пі­кір­лер негізсіз емес. Бүгінде елімізде 6716565 отбасы болса, 2416364-нің жағдайы жақсы, 873974-ы – қа­нағаттанарлық, 1156815-і дағда­рыс­ты ахуалда өмір сүреді. 625 мың бала аз қамтылған отбасыларда тұр­са, 97 мыңы – ерекше санатта­ғылар. Бұдан қылмысқа баратын жасөспі­рім­дердің әрекеттеріне әлеуметтік жайттар көбірек ықпал етеді деген ой түюге болады. 2021 жылы маман­дандырылғана ауданаралық сотта 55 кәмелетке толмаған жасқа қа­тысты 43 қылмыстық іс қаралып, 25 үкім шығарылды. Былтыр 36 адамға қатысты 30 қылмыстық іс қаралды. Талдау көрсеткендей, кей ата-аналар ұл-қыздарының толыққанды тұл­ға ретінде қалыптасуына, келешек өмір тағдырына жете мән бермейді. Оған жұмысбастылықты сылтау етіп жатады. Қараусыз қалған баланың жаман әдеттерге еліктегіш келетінін, оның ақыры орны толмас өкінішке соқтыратынын ескермейді. Сот про­цестерінде сотталушылар “жаз­дым, жаңылдым” деп көз жастарына ерік бергенімен, жаңылыс қадам­дарын түзету мүмкін емес. Бұл орай­да, интернеттің өскелең ұрпаққа тигізіп жатқан залалы орасан. Са­рап­шылардың пікірінше, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді дағ­дыға, өмір сүру салтына айнал­дырғандар қылмыстың қармағына тез түсетін көрінеді. Шынында да таң атқаннан кеш батқанға дейін интер­нет желісінен бас алмаса, оның ер­те­ңіне ата-анасы алаңдамаса, “от­ба­сы ала болса, кереге басы сайын бәле бардың” кері емес пе? Үйішілік дау-жанжал, ұрыс-керіс, маскүнем­дік те бала жүйкесіне айтарлықтай кері әсерін тигізбей қоймайды. Қазақ “дәнікеннен құныққан жаман” деп текке айтпаған. Өзгенің қаңсығына еліктеудің аяғы түпсіз тұңғиыққа батырып, құрдымға кеті­ріп тынады. Сондықтан шалыс бас­қан жастарды түзу жолға салу, қыл­мыстық әрекет­тер­ден арашалау бар­ша қоғамның міндеті болмақ.

Мемлекеттік, әлеуметтік саясат­тың басым бағыттарының бірі бала құқығын қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. Ювеналды әді­лет­ті енгізу, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық деңгейін төмендету бағытында елімізде елеулі шаралар жүзеге асырылды. Ювеналды әділет жүйесін дамыту­дың тұжырымдамасы қабылданды. Онда атап көрсетілгендей, сот төре­лігінің міндеті – баланы жазалау, қо­ғам­нан оқшаулау емес, одан әрі қыл­мыс құрығында болуына жол бер­меу, әлеуметтік оңалтуға жәрдемде­су, оларға қылмыстық жазалау ша­раларын қолдануды азайту, қамқор­лықсыз, панасыз қалудың алдын алу. Біз өз қызметімізде іс қарап, үкім шығаруды ғана емес, бірлескен жұ­мыс­тың барлық кезеңінде жасөспі­рімнің дұрысталуына ықпал ету, олар­ға дұрыс бағыт-бағдар беру қа­ғи­даларын қатаң ұстанамыз. Кәме­летке толмағандар жасаған қылмыс­тық істерден басқа баланың тұратын жерін анықтау, ата-ана құқығынан айыру (шектеу), қалпына келтіру, бала асырап алу, неке-отбасы заң­намасына сәйкес қорғаншылық және қамқоршылықтан туындайтын азаматтық істер де қаралады. 2021 жылы барлығы 331 азаматтық іс қа­ралып, 235 шешім шығарылды. 2022 жылы 310 азаматтық іс бойынша 201 шешім алынды.

Бүгінде медиация ұғымы таңсық емес. 2011 жылы “Медиация тура­лы” заң қабылданғалы ежелгі би­лердің бітімгершілікке шақыру дәс­түрі сот саласында берік орнықты деуге болады. Әлемдік тәжірибеге зер салсақ, медиация өткен ғасыр­дың екінші жартысында қолданыла бастаған. Сот төрелігінде татулас­ты­ру рәсім­дерін жүзеге асыру өміршеңдігін анық байқатты. Жыл өткен сайын оның мүмкіндіктерін пайдалану көр­сеткіші жақсарып ке­леді. Былтыр медиация шеңберінде 310 азамат­тық іс қаралды. Сондық­тан татуласу рәсімдерін кеңінен насихаттаудың маңызы зор.

Қазіргі таңда ювеналды сот инс­титуты 60-тан астам елде жұмыс іс­тейді. Бұларда отбасылық соттың же­ке-дара қызметінің оң үрдісі қа­лып­тасқан. Қазақстанда отбасылық сот қанатқақты жобасы 2018 жылы енгі­зілді. Оған Сингапур мемлекеті­нің үлгісі таңдап алынды. Мұндай жаңа­шылдықтар жасөспірімдерге Конституция кепілдік берген, қолда­ныстағы нормативтік-құқықтық акті­лер мен халықаралық шарттарда бекітілген әлеуметтік-экономикалық, саяси жә­не жеке құқықтары мен бостандықтарының кепілдігін қамта­масыз етеді.

Айдархан ЖАНАҚОВ,

облыстық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp