Адам баласы қайда туса, сол жер – Отаны. Әркім туған топырақты қорғау үшін отқа да, суға да түсуге дайын болуы керек. Бірақ “Отаның Сүлеймен патшалығынан да сүйікті”, – деген аталы сөздің дәурені өткен сияқты. Себебі қазақстандықтардың арасында болашағын кіндік қаны тамған жермен байланыстырғысы келмейтін, қос азаматтық алып, ел басына күн туа қалса зыта жөнелуге дайын отырғандар көбейіп барады.
Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынғаны белгілі. Конституциямыздың 10-бабында “Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды”, – деп көрсетілген. Бұл сөйлем елдің Ата Заңында тасқа қашалғандай етіп жазылғанымен, төс қалтасына екі төлқұжат салып жүргендердің қатары азаяр емес.
Қазіргідей жаһанда геосаяси жағдай шиеленіскен уақытта қай тұстан қауіп төнерін болжау қиын. Қос азаматтығы бар адамнан сол мемлекеттердің әрқайсысы өз азаматтық міндеттерін орындауды талап етуге құқылы. Демек қазақтың жерінде жүріп, өзге елдің мүддесі үшін күресушілер болуы да мүмкін. Бұлар сырттан келген жаудан да қауіпті. Себебі елді ішінен ірітеді. Осы жерде тағы бір өзекті мәселенің шеті қылтияды. Жалпы бипатрид өз Отанын қорғауға міндетті. Ал оның Отаны – екеу ғой. Егер сол екі ел бір-бірімен жауласар шақ туса, оған біреуін таңдап, сол жаққа шығуына тура келеді. Мұндай ахуал қос азаматтығы бар адамның емес, елдің жағдайын қиындатады. Себебі Отанын да, туын да ауыстырып жүре беретіндерге сенім артуың – қорғанбай жатып жеңілгенің. Ал мына байтақ жердің тыныштығын сақтау үшін отандастарымыздың бір азаматтықта, бір ұстанымда болғаны маңызды.
Еліміз Қытай, Ресей, Түркіменстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерімен шекараласады. Қызылжар өңірі – Қазақстанның солтүстік қақпасы іспеттес. Еліміз өз егемендігін жариялаған тоқсаныншы жылдардың басында өңірде саяси жағдай күрт шиеленісіп, жар астынан шыға келген жау пиғылды бәзбіреулердің бас көтеріп, елді дүрліктіргені мәлім. Арада отыз жылдан астам уақыт өтті. Бірақ солардың сарқыншағы әлі де бар сияқты. Мәселен, жуырда өңіріміздегі бір топ адамның сепаратистік пиғылдағы үндеулері жұртшылықтың ашуын тудырды. Мемлекетіміздің тұтастығына нұқсан келтіретін, мызғымас тәуелсіздігіміз бен шегенделген шекарамызға қауіп төндіретін бұл әрекеттерден кейін құқық қорғаушылар да қырағылықты арттырғаны жөн.
Осы тұста қазір арамызда “қос мекенді” қанша адам жүр деген заңды сауал туындайды. Қос азаматтықты анықтаудың үш жолы бар екен. Құзырлы органдар 1998 жылғы ТМД елдерінің ортақ келісімі аясында жұмыс істейді. Соның біріншісі – ақпарат алмасу. Мәселен Қазақстан азаматы Қырғызстанда азаматтық алса, олар бізге ақпарат береді. Екіншісі – елшіліктер арқылы тексеру. Олар да осындай ақпараттар алмасып отырады. Үшіншісі – шекара арқылы өткен кезде жүргізілетін тексерістер. Жалпы қос азаматтығы барларды анықтау жұмысы жүйелі түрде жүргізілмейтіні ойлантады. Себебі көбі осындай тексеріс кезінде ғана анықталып жатады. Ал ешкімге білдірместен өзге елдің азаматтығын алған адам жылдар бойы арамызда алаңсыз жүре беруі мүмкін. Бұл жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында биыл қос азаматтық үшін жазаны күшейтуге қатысты заңға өзгерістер енгізілмекші.
Ресми мәліметке сәйкес, былтыр елімізде қос азаматтықпен жүрген 841 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соттың шешімімен 138-і елден шығарылған, қалғандарына айыппұл салыныпты. Соңғы бес жылда азаматтық туралы заңнаманы бұзған 3515 адам әшкере болғанын айта кеткен жөн. Барлығының Қазақстан азаматы деген статусы жойылды. Қос азаматтықпен жүргендер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 496 бабы бойынша әкімшілік жазаға тартылады. Аталған заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған адам біздің елдің төлқұжатын және (немесе) жеке куәлігін пайдаланса, жеке тұлғаларға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде шетел азаматтығын алғанын хабарламағандарға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады не Қазақстан Республикасының шекарасынан тыс жерге шығарылады. Мемлекеттік қызметтегі адамдар, сондай-ақ билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адамдарға осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер үшін үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе елден қуылады. Тәртіп бойынша кез келген адам өзге елдің азаматтығын қабылдағаннан кейін 30 тәулік ішінде Қазақстанның консулдық мекемесіне хабарлауы керек.
Елімізде қос азаматтық алғандардың ішінде қарапайым тұрғындардан бөлек шенеуніктер, депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер де бар екенін көріп отырмыз. Мәселен, былтыр өңірімізде облыстық басқарма басшыларының бірінің орынбасары 20 жыл бойы қос азаматтықпен жүргені белгілі болды. Көп жылдан бері мемлекеттік қызмет атқарып келген оның бірнеше төлқұжаты бар екенін құзырлы органдар білмеген сыңайлы. Сонда мемлекеттік қызметшілер жұмысқа алынарда және бұл саладан кеткенде егжей-тегжейлі тексерілетіні бекер болғаны ма? Осындай фактілер орын алып жатқанына қарағанда тексеріс те үстіртін жүргізіледі-ау деген күмән бар. Жалпы мемлекеттік қызметте жүргендердің арасында өзге елдің мүддесін алдыңғы орынға қоятын жат пиғылдылардың қаншасы жүргені бірінші кезекте анықталуы тиіс сияқты.
Жыл басында өткізілген “Мигрант” жедел-алдын алу іс-шарасы аясында қос елдің төлқұжатын қатар пайдаланып жүрген тағы бір адам Тайынша ауданында анықталып, шекарадан шығарылды. Құзырлы органдардың берген мәліметіне сүйенсек, өңірімізде 2018 жылғы қаңтардан 2023 жылдың ақпанына дейін қос азаматтық алған 464 азамат анықталыпты. Олардың 131-і – Петропавл қаласының тұрғындары. Облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Талғат Әбілов “қос мекенділердің” 95,5 пайызы Ресей азаматтығын алғанын айтты. Себебі Ресейде қос азаматтыққа рұқсат берілген. Яғни кез келген қазақстандық біздің құзырлы органға ләм деместен, көрші елдің азаматтығын алуға өтініш бере алады. Мұндай арам пиғылдылар көбіне көші-қон желісі бойынша мемлекеттік қызметтерді алуға өтініш бергенде анықталады. Себебі сол кезде ғана қосымша тексеріс жүргізіледі екен.
Бір сөзбен айтқанда, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған Қызылжар өңірінде қос азаматтықпен жүргендердің нақты санын анықтау – аса маңызды іс. Шекараны қалай қымтарымызды білмей, іргемізге үрке қарайтынымыз аздай, енді өз азаматтарымыздың қайсысының қалтасында басқа елдің паспорты жүр екен деп күмәнданатын болдық. “Іштен шыққан жау жаман”, – деп бекер айтылмаған-ау. Сондықтан оларды дер кезінде анықтап, айыппұлдарын арқалатып, шекарадан тезірек қуып шықпасақ, бір күні бармағымызды тістеп қалуымыз бек мүмкін.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.