«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ӨҢІРДІ ДАМЫТУДЫҢ БАҒЫТЫ АЙҚЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкіметте облыстың 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қабылданғаны белгілі. Ауқымды бағдарлама аясында 1,8 трлн. теңгенің 87 іс-шарасын жүзеге асыру белгіленген. Бұл қаржының 70 пайызы – жеке инвестиция. Осылайша өңірдің даму қарқыны ұлғайып, халықтың өмір сүру сапасы жақсарады. 64 инвестициялық жоба қолға алынып, АӨК, өнеркәсіп, көлік және логистика салаларына, сондай-ақ кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға бағытталады. “Қызылжар” арнайы-экономикалық аумағында “CLAAS” ауыл шаруашылығы техникасының өндірісі құрылды. “Jonh Deere” сервис орталығы салынады, “Ақсораң” және “Баян” вольфрам-молибден кен орындары игеріледі, жаңа өндіріс алаңдарын құру жалғасады. “Ауыл – ел бесігі” жобасы шеңберінде жаңа өңірлік стандарттарға сәйкес жолдар, ауруханалар, мектептер салынып, жөнделеді. Қалалар мен ауылдарда ұзындығы 412 шақырым сумен жабдықтау және су бұру жүйелері жаңғыртылады. Жыл сайын шамамен 2100 шақырым жол қалпына келтіріледі. Мұның өзі 2025 жылға қарай қанағаттанарлық және жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 98, сумен қамтамасыз ету көрсеткішін 100 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта облыс басшылығының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – белгіленген жобаларды уақытылы және сапалы іске асыра отырып, әлеуметтік-экономикалық дамуға тың серпін беру. Осы мақсатқа жету үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілуде.

Былтыр республикалық бюджет қаражатынан 62024,9 млн. теңге бөлінді, игерілгені – 60559,4 млн. теңге. Жеке инвестиция 129,4 млрд. теңгеге орындалды .

Биыл 55 жоба іске қосылады. Оның ішінде кәсіпкерлердің үлесі айтарлықтай. Облыс аумағында 9561 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 9304-і – шағын, 201-і – орта, 56-ы – ірі. Бұл кәсіпорындардың 883-і құрылыс саласына тиесілі, бұл саладағы кәсіпкерлердің жалпы үлесі – 2,4 пайыз. 2022 жылы құрылыста жұмыс істейтіндердің орташа еңбекақысы 217998 теңгеден айналып, 2021 жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға өсті.

Заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономиканы орнықтыруда шағын және орта бизнестің рөлі айрықша. Осы салаға көңіл бөлу жұмыссыздықты азайтып, жаңа жұмыс орындарын құруға айтарлықтай ықпал етері сөзсіз. Бүгінде өңірде 33 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, олардың республикадағы үлесі – 1,8 пайыз.

Өңірде құрылыс индустриясының дамуында қарқын бар. Оның ішінде әлеуметтік объектілерді салуға, уақытылы аяқтауға басымдық беріліп отыр.

Білім беру саласында бірнеше ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қанатқақты жоба аясында жаңа схема бойынша 50 орындық жатын корпусы бар 300 оқушыға арналған түзету мектебі, “Жайлы мектеп” ұлттық жобасына сәйкес 1800 орындық екі мектеп (“Береке” шағынауданында 1200, “Орман” шағынауданында 600 орын), 420 орындық екі балабақша (“Береке” шағынауданында 140, “Жас өркен” шағынауданында 280 орын), 488 орындық екі жатақхана (қызмет көрсету колледжіне 244 орын, спорт интернатына 244 орын), М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да 1200 орындық екі жатақхана, Тайынша ауданында 720 оқушыға лайықталған екі мектеп (Тайынша қаласында 600, Вишневка ауылында 120 орынды) пайдалануға беріледі.

Денсаулық сақтау саласында да жаңа нысандар пайдалануға беріледі. Бір ауысымда 500 адам қабылдайтын екі емхана (“Береке” шағынауданында 250, “Жас өркен” шағынауданында 250 орындық), “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” бағдарламасы аясында аудандарда жеті медициналық объект (Жамбыл ауданында – 1, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда – 2, Мағжан Жұмабаев ауданында – 2, Қызылжар ауданында – 2), Айыртау ауданында бір ауысымда 30 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулатория, Уәлиханов ауданында 250 науқасқа шақталған емхана тұрғызылады.

Спорт саласын дамытуда да бірнеше жоба жүзеге асырылады. Облыс орталығындағы “Береке” шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Жамбыл, Айыртау, Есіл және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Айыртау және Тайынша аудандарында екі жабық хоккей корты, Уәлиханов ауданында жаттығу залы бар жабық жүзу бассейні бой көтереді.

Алдағы уақытта Петропавлда ислам мәдениеті музейі іске қосылады.

Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желілерде жұртшылық жол сапасына жиі шағымданады. Сондықтан еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруда, көлік-тасымал торабында экономикамыздың күретамыры іспеттес сапалы жол байланысы қашанда маңызды. Мемлекет басшысы 2025 жылға таман еліміздегі жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. 2022 жылы 859 шақырым жол қалпына келтіріліп, 31,1 млрд. теңге игерілді. Республикалық маңызға ие 196 шақырым жолды орташа жөндеуге 9,4 млрд. теңге, 663 шақырым жергілікті және ауылішілік жолдарға 21,7 млрд. теңге жұмсалды. Қалыпты жағдайдағы жолдар көрсеткіші 78 пайызға дейін жеткізілді.

Биыл облыс жолдарын жақсартуға 34 млрд.теңге қарастырылған. Жөнделетін жолдардың ұзындығы 650 шақырым,110 шақырымы – республикалық (9,8 млрд. т..), 480 шақырымы – жергілікті (18,3 млрд. т.), 60 шақырымы – кентішілік (1,4 млрд. т.). Петропавл қаласындағы жолдарды жөндеуге 5 млрд. теңге бөлінген. Жалпы жолдардың 84 пайыздайының сапалық көрсеткіші жақсарады. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен жасасқан шарт бойынша сараптама және техникалық қадағалау қызметтері жұмыс істейді. Мердігер ұйымдарға талаптар барынша күшейтіледі.

Президент еліміздің газ саласын дамытуға қатысты өткен кеңесте Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыру жайлы айта келіп, “кемінде екі тәсіл бар: “Сарыарқа” магистральді газ құбырын жалғастыру немесе Ресей газ тасымалдау жүйесіне қосылу. Үкімет өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жақын арада таңдау жасауға тиіс”, – деген тапсырма жүктеген еді. Өңірді газдандыру “Сарыарқа” газ құбыры құрылысының III кезеңі аясында көзделген. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас сызбасына сәйкес “Сарыарқа” газ құбырын Петропавл қаласына дейін салудың жоспарланған мерзімі – 2025-2026 жылдар.

Ауылдарды таза ауызсумен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар да аса ауқымды. Бүгінгі таңда 415 ауыл (65,3 пайыз) орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, оларда тұратын халықтың саны 236,5 мың адам немесе ауыл тұрғындарының 85 пайызына жуық. 41,7 мың адам тұратын 220 ауыл (34,7 пайыз) бұл жүйеге қосылмаған. Облыс тұрғындарының (қалаларды қосқанда) сапалы ауызсумен қамтамасыз етілу көрсеткіші – 92,2 пайыз. Былтыр сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамытуға 8,9 млрд. теңге бағытталды. Нәтижесінде 240 шақырым желі салынды және қайта жаңартылды. Бұл жұмыстар тұрғындар саны 33,5 мың адам болатын 55 елді мекенде атқарылды. 2 мыңға жуық үйге су тартылды. 9 ауыл сапалы ауызсуға қол жеткізді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ауызсуға қолжетімділік 84,6 пайыз болды.

2023 жылы сумен жабдықтауға және су бұруға 16,2 млрд.теңге тарту көзделген. 22,8 мың адам тұратын 36 ауыл қамтылып, 250 шақырым желі жаңғыртылады. 1 мыңға жуық үй су жүйесімен жабдықталады. Тұтастай алғанда, жыл аяғына дейін ауыл тұрғындарының орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу көрсеткіші 87,9 пайызды құрайтын болады.

Сәтжан АБЛАЛИЕВ,

облыс әкімінің орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp