«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бөгеттер жөнделіп жатыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есіл тасыса, Қызылжар ауданындағы 12 елді мекен зардап шегуі мүмкін. Қазір бұл ауылдардың маңындағы бөгеттер бекітіліп жатыр. Солардың бірі – Тепличное елді мекені. Су кіруі мүмкін қауіпті аймақта орналасқан ауылда 300-ге жуық үй бар. Қазір тасқынның алдын алу үшін дайындық жүргізіліп жатыр. Жұмыс наурыз айының соңында басталыпты.

– Алдын алу жұмыстарына жеке құрамнан 40 адам жұмылдырылған. Ұлттық ұлан, жергілікті атқарушы билік өкілдері де атсалысып жатыр. Судың жолын бөгеу үшін ауыр инженерлік техниканы қолданып жатырмыз. Тасқын су бір аптаның ішінде келеді деп болжанған. Оның қандай деңгейге көтерілетіні әзірге белгісіз. Соған қарамастан біз бөгетті барынша биіктетіп жатырмыз. Су жеткенше оның жолын жабу керек. Алдағы үш күнде жұмысты бітіреміз, – дейді Қызылжар ауданы әкімдігінің азаматтық қорғаныс бойынша бас инспекторы Ахметхан Тобылбаев.

Бұдан бөлек, елді мекендегі әр үйге мамандар кіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қызыл су жеткенде не істеу керектігі жазылған арнайы буклеттер әзірленген. Ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, халықты эвакуациялау жоспары да бекітілген. Қазір аудан аумағында 5 мың адамға арналған 13 эвакуациялық бекет бар. Сондай-ақ 15 тәулікке жететін азық-түлік қоры жинақталған.

Семипалатное, Бескөл ауылы маңында да бөгеттер салынып жатыр. Алдағы күні Прибрежное ауылы маңында да тұрғызылады. Соколовка елді мекенінде де су жолын бөгеу жұмыстары жүргізілуде. Петропавл қаласының Заречный кентінің маңында да өзен суынан қорғайтын бөгеттерді көтеру жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмысқа “Су тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар” коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жауапты. Директордың орынбасары Денис Маршалов бөгетті бекіту жұмыстары жылда жүргізілетінін айтты. Оның биіктігі 2,8 метр болса, ұзындығы – 1,5 мың метр.

– 2020 жылы кентті тасқын судан қорғау үшін осындай бөгет жасадық. Қазір оны ақ балшықпен бекітеміз. Өйткені топырақтан жасалғандықтан, жаңбыр суы шаяды. Жылда 5-7 сантиметрге отырады. Қазір бұл жерде 10 техника жұмыс істеп жатыр. Жұмысты су келгенше аяқтаймыз, –дейді Денис Маршалов.

“Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, Петропавлда су тасқынының шарықтау шегі осы аптаның соңы мен келесі аптаның басында болады деп күтілуде. Қазір өңірдегі шағын өзендерде қайтадан су деңгейі көтеріліп жатыр. 12 сәуірде Гусаковка елді мекенінің маңында Бабықбұрлық өзенінің деңгейі 33 сантиметрге, Возвышенка елді мекенінің маңында Аққанбұрлық өзені 66 сантиметрге көтерілді.

Қазір Сергеев су қоймасында су деңгейі төмендеді. Бөгеннің ернеуінен тасып аққан судың биіктігі – 110 см. 8 сәуірде мұнда ең жоғары көрсеткіш – 196 сантиметр тіркелген еді. Ал бөгеннен төмен қарай Есіл өзенінің суы көтеріліп келеді. Мәселен, Покровка ауылының маңында су деңгейі 57 сантиметрге жоғарылады. Новоникольское елді мекенінің маңында 24 сантиметрге, Долматово ауылының маңында 130 сантиметрге көтерілді.

Ал Петропавл қаласында бір тәулікте Есіл өзенінің деңгейі 194 сантиметрге жоғарылап, 814 сантиметрге жетті. Өзен арнасынан таситын қауіпті деңгей – 1050 сантиметр.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp