Петропавлда Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне арналған “Қазақстанның киелі картасын сақтау және дәріптеу” атты “дөңгелек үстел” отырысы өтті. “Абылай хан резиденциясы” музей-кешенінде өткен шарада ерекше аймақтарды сақтау, дәріптеу мәселелері талқыланды.
Аталған шараның мақсаты – “Қасиетті Қазақстан” жобасы аясында қандай жұмыс жүргізілгенін баяндау, қазақстандық патриотизмді насихаттау және ел тарихын құрметтеудің маңыздылығын түсіндіру. Жиынға Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова, “Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының” басшысы Рахат Мәмбеталинов, облыстық туристік қауымдастық директорының орынбасары Елена Мокей, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенттері және “Қасиетті Қазақстан” ғылыми-зерттеу орталығының өкілі Дастан Жұманбаев онлайн қатысты.
– Өңіріміздегі киелі жерлерді зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Қазір олар жайлы деректерді толықтырып жатырмыз. Мақалалар жазып, үлкен конференциялар өткіземіз. Мағжанның 130 жылдығына байланысты да біраз тың деректерді жинап қойдық. Халықаралық, республикалық деңгейде айтыстар, Мағжан оқулары, ғылыми жиындар өткізу жоспарланып отыр, – деді Сәуле Зейноллақызы.
Елімізде көп жылдан бері киелі жерлерді зерттеу бойынша біршама жұмыстар атқарылуда. Осындай ауқымды жұмыстың арқасында қалпына келтірілген нысандардың бірі – “Абылай хан резиденциясы” музей-кешені. Бұл тарихи нысан да еліміздің киелі жерлерінің картасына енген.
– Біздің облысымызда “Қазақстанның киелі жерлері картасына” 36 нысан енді. Ол өз ішінде республикалық және облыстық болып бөлінеді. Бүгінгі диалог алаңында картаның қалай жасалатыны туралы айтып, жоспарларымызбен бөлістік. Мұндай шара біздің музейімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Форматы да ерекше. Диалог түрінде өткен шарада барлық қатысушы өз ойларын емін-еркін айтып, пікір алмасады. Ашық әңгіме барысында түрлі ұсыныстар айтылды. “Тарихты білмей, болашақ жоқ” демекші, жастар үшін осындай жиындардың маңызы зор, – дейді “Абылай хан резиденциясы” музей-кешені директорының орынбасары Әсемгүл Қыдыбекова.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.