Конфессияаралық келісім – Қазақстан халқы үшін өзара түсіністікке негізделген өте қастерлі құндылық. Әртүрлі конфессия өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатып, оларға қамқорлық таныту игі қадам болып табылады. Еліміздің әлемдік және дәстүрлі діндер арасында сенімді байланыстар орнықтыратын өркениетаралық үнқатысу алаңына айналуы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаһандық үнқатысуға бағытталған мемлекеттік саясатты тиімді жүргізудің нәтижесі. Елімізде радикализмнің кез келген түріне берік тосқауыл қойылған, адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, қорлауға еш жол берілмейді. Оған үш жыл сайын өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысы арқылы да анық көз жеткізіп отырмыз.
Қазіргі уақытта дәстүрлер мен көзқарастардың әралуандығына қарамастан еліміздегі конфессиялар бейбітшілік пен келісімді, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуді басты мақсат еткен. Діни іс-шаралар осы бағытқа жұмылдырылған. Көпэтникалық және көпконфессионалды қарашаңырақтың ортақ мүддесіне қызмет ететін 18 діннің өкілдері өзара әрекеттесе отырып, мемлекеттің ұстанымын бұлжытпай орындайды. “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” заң азаматтардың діни сенім бостандығы жөніндегі құқықтардың жүзеге асырылуына кепілдік береді. Мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың басты сипаты кез келген тұлғаның діни сенім еркіндігін қамтамасыз етуімен өлшенеді. Ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың халық мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі айқын. Бұл – ислам дінінің қазақ мемлекеттілігінің және халықтың рухани-мәдени құндылықтарының қалыптасуына негіз болғандығын, сондай-ақ қазақ елімен ортақ әрі көптеген этностардың дәстүрлі діні саналатын православиелік христиандықтың Қазақстан халқының өміріндегі рухани-мәдени маңызын айғақтайды. Сонымен қатар құқықтық негізде этнос өкілдерінің рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын білдіреді.
Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын жеткізу, деструктивті діни ағымдардан төнер қауіптің алдын алу, халық арасында профилактикалық жұмыс жүргізуде ең тиімді тетіктердің бірі – ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысын жандандыру. Уәлиханов ауданында мақсатты топтармен профилактикалық іс-шаралар атқару үшін ақпараттық үгіт-насихат топтары құрылды. Ондағы мақсат – жұмыссыздар, қоныс аударушылар, иманды жастар, ата-аналар қоғамдастығы, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату. Осыған орай 5 адамнан тұратын діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының жаңа құрамы бекітілді. Оған құқық қорғау органдарының, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, бюджет қызметкерлері тартылды. Жыл басынан бері діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатымен ауылдық округтерде 11 жоспарлы және жоспардан тыс бір іс-шара өткізілді. Дәрістер, “дөңгелек үстелдер”, семинарлар ұйымдастырылып, жарты мыңнан астам адам қатысты.
Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, жастар ресурстық орталығының директоры Б. Жұмағұлованың “Дәстүрлі емес діни ағымдардың қауіптілігі” тақырыбы бойынша баяндамасын 9-11-сынып оқушылары ықылас қоя тыңдады. Ал семинар барысында жастарды имандылыққа баулу, қауіпті діни ағымдардан сақтандыру, рухани тазалыққа үндеу, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу жайлы нақты мағлұматтар келтірілді. Кішкенекөл №1 орта мектебінде ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі М.Балтабаевтың ата-аналар қауымдастығымен “Қазақстандық теологиялық оқу орындарында діни білім алудың орнықтылығы” тақырыбындағы кездесуі тағылымға толы болды. Мұнда да діни білім беру жүйесі туралы ақпараттандыру, түлектерге болашақта мамандық таңдау жайы жан-жақты айтылды. Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері мен қоғамдық даму және ақпарат орталығы конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту бөлімінің теологы Д.Қабдолуалинов Кішкенекөл ауылында қоныс аударушылармен жүздесті. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары зор қызығушылық тудырды. “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” қолданыстағы заңның жай-жапсары түсіндірілді.
Барлық іс-шаралар әртүрлі форматта өткізіледі. Қоғамда, ең алдымен, жастар ортасында діни экстремизмнің алдын алуды күшейтуге, сондай-ақ дінге сенушілердің де, сенбейтін азаматтардың да құқықтарын құрметтеуге баса назар аударылады. Тұрғындар арасында зайырлы мемлекеттің дәстүрі және мәдениетімен үндесетін, діни сананы қалыптастыратын құндылықтар үзбей насихатталады. Дін саласындағы мемлекеттік идеологияның негізгі басымдықтары, оның ішінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуды діттейтін ақпараттар әлеуметтік желілерге, бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жарияланып тұрады.
Гүлнар АПЛЕСАНОВА,
аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.
Уәлиханов ауданы.