«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮЙІНДІ МӘСЕЛЕЛЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Amanat” партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өтті. Оған мүмкіндігі шектеулі жандар өтініш-тілектерін айта келді. Партия көп жылдан бері “Кедергісіз келешек” жобасын табысты жүзеге асырып жатқаны белгілі. Осындай қоғамдық қабылдаулар арқылы өңіріміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын тыңдап, түйінді мәселелерін шешуге атсалысып жүр.

Қоғамдық қабылдауға келгендердің көбін мүгедектік алу мен әлеуметтік осал топ өкілдеріне баспана беру мәселелері толғандырады. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны Ольга Ослопова дәрігерлер 18 жасқа толған ұлының мүгедектігін алып тастағанына шағымданды.

– 2012 жылы ұлым жарақат салдарынан мүгедек болып қалды. Содан бері ол – 3-ші топтағы мүгедек. Алайда биылғы сараптама қорытындысы бойынша мүгедектігі алынып тасталды. Баламның денсаулығы әлі қалпына келген жоқ, ұмытшақтығы бар. Сондықтан бұл шешімге қарсылығымды білдіріп, сіздерден көмек сұрай келдім, – деді ол.

Тұрғынның бұл сұрағына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары Елена Сүгірова жауап берді. Оның сөзінше, баланың құжаттары жеткіліксіз болғандықтан, мүгедектігі алынып тасталған. Маман қабылдауына келген тұрғынға құжаттарды қайта жинап, тексеруден өтуге кеңес берді.

Ал екінші топтағы мүгедек Ильдар Қошапов болса 15 жылдан бері пәтерге қол жеткізе алмай жүр. Жүргізуші болып еңбек ететін ол отбасымен бірге ата-анасының үйінде тұруға мәжбүр. Мемлекетке иек артпай, баспананы сатып алайын десе, еңбекақысы күнкөрістен аспайды. Оның өтінішін тыңдаған партия өкілдері Ильдар Қошаповтың пәтер кезегі жеткенін, жаңа үйдің кілті биыл табысталатынын айтты.

Жалпы бұл күні осы тектес сұрақтармен партия қабылдауына бес адам келді. Аманаттықтар мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі тыңдалатын қоғамдық қабылдауды тоқсан сайын өткізуді жоспарлап отыр.

– Жыл басынан бері бізге 145 өтініш келіп түсті. Олардың әрқайсысын қарап, шешу жолдарын ұсынып, қажетті органдарға хабарласып жатырмыз. Өңірімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары қалың. Сондықтан да қажетті көмектің бәрі заңға сай беріледі, – дейді облыс әкімі кеңесшісінің мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесі жөніндегі орынбасары Сәлімхан Сәбитов.

Ілияс СӘБДИНОВ,

“Amanat” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp