«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қолы жеңіл дәрігер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демей ме, тіс дәрігері Олжас Сағдиевке талайлардың сүйсініп отырғанын сан мәрте естіген едім. Ақыры кездесуге келістік. Іздеп барған адамым жұмыс орнында болғанмен, бос емес екен. “Қазір сырқаттарды қабылдап жатыр, сәл күте тұрыңыз”, – деді дәрігердің бөлмесіне бір кіріп, бір шығып жүрген мейірбике.

Байқаймын, кезек күтіп отырғандардың қарасы да әжептәуір. Дені – егде жастағы қариялар. Кәдімгі сырлас жандардай емен-жарқын әңгімелесіп отыр. Бос орынға жайғасып, отыра бергенім сол еді, есікке жақынырақ отырған, жасы жетпістің үстіне еркін шыққан әжей: “Мен Сағдиевтің қабылдауына келдім”, – деді. Сол-ақ екен, басқалары да “мен де, мен де” деп іліп ала жөнелді. “Осы емханаға келіп жүргеніме көп болды, несін сұрайсыздар, Олжас Болатұлы келгелі көзім ашылды, – деді әлгі әже әңгімесін жалғастырып, – қолы өте жеңіл”. “Мінезі қандай көркем, – деді кезекте отырғандардың тағы біреуі, – әңгімеге тартса болды, бойыңды билеген үрейдің қайда кеткенін де аңғармай қаласың”. Осылай іштегі дәрігердің құлағы шулап жатқанда, кезек күтушілердің қатары тез сиреп, мен де кабинеттің табалдырығынан аттадым.

Мен іздеп келген дәрігердің жүзі қандай жылы болса, мінезі де сондай ашық екен. Әңгімеге бірден үйіріле кетті.

– Бүгінгі күні тіс ауруы өзекті мәселеге айналды. Себебі тіс дәрігерін іздеп, жақсы маманға жолығуға асығып жүргендер көп. Оның үстіне емдету қаржысы қалтаны қағады. Көбіне тіс ауырған кезде басылады ғой деген оймен уақыт созып жүре беретініміз бар. Тіс ауруын басатын таблеткаларға сенім артып, дәрігерге көрсетпей жүріп аламыз. Десе де “денсаулық – басты байлық” дегенді ұстаным еткен абзал. Тіс емдету қаншалықты қымбат болса, тісіңіз ауырғандағы сәт соншалықты қиын. Сондықтан ауырмай тұрып, тіс дәрігерінің қабылдауына барып, тісіңізді толық тексертуден өткізген жөн, – деген стоматолог Олжас Сағдиевтің айтуынша, тіс дәрігерінің қабылдауынан бұрын үй жағдайында, өз бетімен ем жасамаған дұрыс.

Олжас Сағдиев 1990 жылы Тимирязев ауданында дүниеге келген. Анасы тіс дәрігері болғандықтан, бала күнінен үйде естіп, көргені – 32 тістің әңгімесі. Мектеп бітірген соң ойланбастан анасының жолын қуып, стоматологияны таңдаған. Сөйтіп, 2008 жылы Астана медициналық университетіне қабылданады. Бүгінде Қазақстан Конституциясы көшесінің бойындағы “стоматологиялық емханада” еңбек етуде. Жалпы еңбек өтілі – 8 жыл.

– Адамдардың ашық-жарқын күлуіне, аурудан айығуына себепші болатыным қуантады. Ал ең қиыны – әр адамның тілін тауып, дұрыс емдеу тәсілдерін түсіндіру. Яғни, пациентке тісті емдеуге болады десек, ол қалтасының қамын ойлап, тісін жұлдырып тастауды сұрайды. Алайда тіссіз жүру қиын, ақыр аяғында жасанды тіс салдыру емдеуден де қымбатқа соғады. Сондықтан тісіңізді емдеуге мүмкіндік болса, жұлып тастамай емдеген жөн. Осыны айтып жеткізудің өзі – оңай шаруа емес. Қоғамда “дәрігерлер тек өздеріне көбірек ақша алу үшін түрлі процедуралардан өткізеді” деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Не дегенмен пациенттер түбегейлі шешімді өздері қабылдайды. Ал дұрыс жолды нұсқау – менің парызым, – дейді дәрігер.

Стоматологтың айтуынша, денсаулығыңызға ақша үнемдемей, жылына кем дегенде екі рет жақсы стоматолог-дәрігерлерге қаралып тұру керек. Олжас Болатұлы – хирург, имплантолог әрі ортодонт. Яғни тісті жұлу, жасанды тіс салу, винир қою, барлығымен айналысады. Білікті маман имплант салудың жаңа әдіс-тәсілін жете меңгерген.

– Өзімнің жұмысымды жақсы көремін. Күндіз-түні демалыссыз істей аламын деп те еш мүдірмей айта аламын. Туысқан інілеріме “дәрігер мамандығын таңдасаңдар өкінбейсіңдер” деп айтып отырамын. Себебі бұл – сұранысқа ие мамандық. Әсіресе пандемия кезінде көргеніміздей, дәрігерлер қай уақытта да, қандай жағдай болмасын жұмыстарын тоқтатпайды, олар қоғамға керек. Ұжымым да жақсы. Жұмыста отырғанда өзімді үйдегідей сезінемін. Алда тек саланың қыр-сырын жетік меңгеріп, кәсіби шеберлігімді дамыта түскім келеді, – дейді Олжас Сағдиев.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp