Облыстық әкімдікте өткен жедел кеңесте өңір басшысы Айдарбек Сапаров Петропал қаласындағы және аудандардағы абаттандыру жұмыстарына жауапты органдардың жұмысын сынға алды. Әкім 20 сәуірге дейін барлық елді мекендерді қоқыстан тазартып, тәртіпке келтіруді тапсырды, оның орындалуын бақылауды бірінші орынбасарына жүктеді.
Өңірді абаттандыруда салғырттық басым. Қираған мәдени ескерткіштер, сынған аялдамалар, көшелерде шығарылмаған күл-қоқыс, арам шөп қаулап кеткен спорт алаңдары шұғыл түрде тәртіпке келтіруді қажет етеді. Жаңа нысан құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын рәсімдемес бұрын қолданыстағы ғимараттарды ретке келтірген жөн.
– Облыс орталығы мен аудандардағы абаттандыру жұмыстары көңіл көншітпейді. Көшелерде, мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің маңайларындағы қоқыс жәшіктері лық толы. Көшелер тазаланбайды, коммуналдық сала мамандарын қалада кездестіру қиын. Автобус аялдамалары лас, олардың бүлінбеуін ешкім қадағаламайды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасарының төрағалығымен абаттандыру комиссиясын ұйымдастыруды тапсырамын. Елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша үшайлық жариялансын. Аудан және қала әкімдері барлық елді мекендерді абаттандыру жұмыстарын жақсарту бойынша шұғыл шаралар қабылдауы тиіс. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт басқармалары іргелес аумақтарға да қарайласуы керек. Мектептер мен спорт нысандарында, ауруханаларда тазалық сақтауға арналған қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті. Полиция департаменті абаттандыру ережелерінің сақталуын қатаң бақылауға алуды күшейтуі тиіс, – деді облыс әкімі.
Кеңесте өрт қауіпсіздігі мәселесі де қарастырылды. Сәуір айынан бастап төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өрт шығу қаупі бар аймақтарда қамыстарды шабуға кірісті. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс та тым сылбыр жүргізілуде.
Өңір басшысы төтенше жағдайлар департаментіне облыс әкімі аппаратының азаматтық қорғау бөлімімен бірлесе отырып, өрттің алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде атқаруды, өрт гидранттарына, су қоймаларына және су алуға арналған пирстерге түгендеу жүргізуді міндеттеді.
Абаттандыруға байланысты белгіленген іс-шаралардың 20 сәуірге дейін қалай орындалғаны туралы тиісті ведомстволар мен аудан әкімдерінің есептері тыңдалатын болды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.