Атам қазақ “Дәніккеннен құныққан жаман” деп тегін айтпаған. Ашкөздіктің соңы жақсылыққа апармайды. Өңірде қылмыстық құқық бұзушылыққа барды деген айып тағылған облыстық адвокаттар алқасының бұрынғы қорғаушысына қатысты сот үкімі шықты.
Өзіне артылған сенімге селкеу түсірген адвокаттың қылмыстық әрекеті прокурорлық тексеру және бірқатар қылмыстық істерді қарау кезінде белгілі болды. Облыс прокурорының орынбасары Мұрат Қожамқұловтың айтуынша, бұл қорғаушыға тегін мемлекеттік заң көмегін көрсету және ол үшін бюджет қаражатынан төлем алу құқығы берілген.
– Бірақ бұл қаражатты аз көрген ол заңсыз ақша табу туралы шешім қабылдайды. Арнайы прокурорлар мұқият тергеу жүргізіп, адвокат бюджет қаражатын ұрлау мақсатында қылмыстық қудалау органдарының лауазымды адамдарының атынан “қорғаушының қызметтері үшін ақы төлеу туралы” 117 жалған қаулы дайындағанын анықтады, – дейді облыс прокурорының орынбасары Мұрат Қожамқұлов.
Мемлекетке келтірілген шығын 7 млн. теңгені құрады. Қылмыстық іс сотқа екі бап бойынша жолданды. Олар – алаяқтық және ресми құжаттарды қолдан жасау. Адвокат кінәсін толығымен мойындады. Сот оған 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ оған 5 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысуға тыйым салды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.