«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Жұпыны тірлік түзеле ме?

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Чистое – Мамлют ауданының құрамындағы елді мекен. Шекарада тұрған ауыл. Басынан бағы таймаған тұста бұл ауылда 800-ден астам адам тұрған екен. Үш қабатты мектебінде 200-ден астам бала білім алған. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтті. Қазір тоз-тозы шыққан ауылда небәрі 47 шаңырақ түтін түтетіп отыр.

Бұл ауылға жетудің өзі қиямет. Белое ауылдық округіне дейін және одан әрі 25 шақырымдай жол әрлі-берлі өткен жолаушыны әбден шаршатады. Көршілес Ресей елінен кіріп-шығатын жүк көлігінің жүргізу­шілері бұл жолды “қиын белес” деп атап кеткені де бекер емес. Тізбек­теліп келе жатқан жүк көліктерінің өгіз аяң жүрісін көріп, біреуін тоқта­тып, жүргізушісін сөзге тарттық. Өзін Сергей Добровольский деп таныс­тырған жүргізуші мына жолдан ығы­ры шыққанын айтып шағымданды.

– Екі жылдан бері осы жолмен көрші мемлекетке тауар тасымал­дап, отбасымды асырап жүрмін. Шекараға дейін жүріс өнбейді. Көп уақытымызды жоғалтамыз. Жыл­да­мырақ жүрейік десек, жолдың сиқы мынау. Қыста жол жүру мүлде қиын, жол-көлік оқиғасы жиі болады, көлік те тез бұзылады, – дейді ол.

Шынымен де, тозығы жеткен жолдың машақатын біз де көрдік. Қиыр­шықтас төселгенімен, салмағы ауыр жүк көліктері салған ой-шұңқыр жеңіл көлікке тосқауыл болып тұр. Әр шұқырды айналып өтіп, амалда­ғандай болдық. Бір барғанымызда осылай қиналсақ, бұл – жергілікті тұрғындардың күнде тартып жүрген азабы. Жалпы ауыл­дың ахуалын жолынан-ақ аңғаруға болады. Округ әкімі Әділхан Разиев Белое – Чистое бағытындағы жол­дың жөнделмей тұрғанына біраз жылдың жүзі болғанын жасырмады. Жолаушы көп қатынайтын бұл бөлік жөнделсе, ауыл тұрғындары бір ауыртпашылықтан құтылар еді. Алайда Чистое ауылы болашағы жоқ елді мекендердің санатына енген.

Чистое ауылына кірген бетте бір­ден көзге түсетін нысан – үш қа­батты мектеп ғимараты. Осыдан он бес жыл бұрын жабылған. Бір кез­дері үш қабаты да оқушыға лық толы болған білім ошағының күтімсіз қалған ғимараты да әбден тозыпты. Бұл мектепке енді жан бітуі екіта­лай. Ауылда мектеп ашар оқушы да, оларды оқыта қояр мұ­ғалім де жоқ.

Ауылдың негізгі көшелерінің өзі сүреңсіз. Тіпті қиыршықтас та төсел­меген. Жер езілген кезде жүрген кө­ліктер ауылішілік жолдар­дың ой­ран-топырын шығарыпты. Жаяу жүрген адам аяғын сынды­рар­дай. Сүрініп кетпейік деп аяғы­мыздың астына қарап келе жатып, ауылда дүкен мен медпункт бар еке­нін аңғардым. Мұнда тұрып жатқан 100-ден астам тұрғынның бар ал­да­нышы – осы қос нысан. Оның ма­ңайындағы үйлердің дені бос, кей­бірінің қабырғасы құлап, шатыры ортасына түскен. Ауыл тұрғыны Александр Чургиннің жастық шағы осы ауылда өткен. Сол кездегі тір­шілігі қайнаған ауылдың бүгінгі кел­бетіне көз тоқтатып қараған қа­рияның көзі жасаурап кетті.

– Ауылда ауызсу мәселесі өзекті. Көлігі барлар аудан, округ орталығынан тасып ішеді. Ал басқа­лары қардың не көлдің суын тұты­нуға мәжбүр. Ауылдың ішкі жолдары жөнделетін түрі жоқ. Қиналсақ та, туған жерді қимаймыз. Тұрғын­дар­дың саны жыл өткен сайын сиреп барады. Осыдан төрт жылдай бұрын оңтүстіктен бірнеше отбасы қоныс аударған еді. Олар да кері ке­туге ыңғайланып жатыр, – деді Алек­­сандр Чургин.

Қарияның балалары облыс ор­талығында тұрады. Зайыбы екеуі өздері іргетасын қалаған баспана­сын қи­майды. Оның үстіне мұнда 100 гек­тардай жерге бидай, қара­құмық, зығыр егеді. Осы шаруашы­лықтың арқасында біраз адам жұ­мыспен қамтылған.

Бұл ауылға көшіп келгендердің бірі – Анарбек Тұрсалиев. Жамбыл облысынан қоныс аударған ол қазір отырған үйді өз қаражатына сатып алыпты. Бұл отбасы бес бала тәр­биелеп отыр. Мектеп жасындағы екі баласы Белое ауылындағы интер­натта жатып оқиды.

Елдің оңтүстігінен солтүстікке көшіп келуінің негізгі себебі – мал шаруашылығымен айналысу. Ар­манын жүзеге асыру үшін мал алып, өрісін кеңей­тіпті. Бастапқыда ауыл­дың айналасы кең, төрт түлікті жа­йылымға шыға­руға қолайлы болып­ты. Кейін үйдің іргесіне дейін егін егіліп, жайылым тарылған. Қазір кү­ні бойы малдың соңында салпаңдап жүруге мәжбүр, қарамаса егінге түседі. Сол үшін күнде таңертең ма­лын алдына салып, ауылдан жырақ­тау жерге барып бағады.

– “Малым – жанымның садақа­сы” деген халықпыз ғой. Мал жая­тын жер жоқ деп налымаймын. Қазір бізді мектептің жоғы қинап тұр. Амал­сыздан интернатқа орналас­тырдық. Бала өз үйінен барып-келіп оқығанға не жетсін? Осы ауылға көшіп келгеннен кейін “анау жоқ, мынау жоқ” деп көше бергеннен опа таппаспыз деп, сіңісіп кетуге тал­пындық. Қазіргі жағдайымыздан оңтүстіктегі тұрмысымыз жақсы еді. Үкімет шекаралық аудан-ауылдарға жағдай жасап, бос тұрған үйлерді көшіп келем деушілерге тегін берсе ғой. Ауылда мектеп, балабақша, жол, ауызсу болса, қоныстану­шы­лар көбейер еді. Ал қазір ауылдың жайын көріп, түңіліп қай­тады, – деді ағынан жарылған Анар­бек Тұрса­лиев.

Қазір отбасы төрт сиыр сүтін сатып, нәпақасын айырып отыр. Со­дан түскен аз-мұз қаржыға күнде­лікті азық-түлік сатып алады екен. Әй­­теуір, өлместің күйін кешіп отыр­ған жайы бар. Өңіріміздегі көптеген ауылдардағы жағдай осын­дай. Чистое ауылында болған бірер са­ғаттың ішінде берекесі кеткен ауыл­дың томаға-тұйық тіршілігі оңала ма деген сауалға жауап берер жан болмады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Пар­ламенттің бірінші сессиясының ашы­луында сөйлеген сөзінде Үкіметке шекарадағы ауылдарды дамытуға қатысты нақты тапсырма берді. Шекара маңындағы аудандардан халықтың көшуін азайту үшін онда экономикалық дамуға жаңа серпін беру керектігін, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап, онда қоныстанғысы келетін азамат­тарға тұрғын үйді арзан бағамен беру жайын айтты. Біздің өңірде де бұл мәселенің өткір тұрғаны анық. Чистое секілді шекарада тұрған ауылдардың бо­лашағы жоқ елді мекендер санатына енуі онсыз да қыл үстінде тұр­ған тағдырына балта шапқанмен бірдей. Себебі қаржы да бөлінбейді, қол­даудан да тыс қала­ды. Жұртта қал­ғандай күй кешкен ауылдың жұпыны тірлігі түзелер күн қашан туар екен?

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp