«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАМЫСТАН ЖАРАЛҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңірі тұмса табиғатымен ғана ерекшеленбей­ді, қол бастаған батырларға, сөз бастаған шешендерге, белдескеннің жауырынын жер иіскеткен балуандарға да бай. Бұрынғы бабалардың ізін жалғап, болашақ жастарға үлгі көрсетіп жүрген азаматтардың бірі – Бауыржан Құлжанов. Талай додада қазақтың көк туын көктен желбіреткен ол бүгіндері зейнет демалысында, алайда қоғамдық өмірден шет қалмай, жастарға дұрыс жол көрсетуден жалыққан емес.

Жетпісті алқымдап қалса да бо­йындағы күш-қайраты қайтпаған, әлі тың. Дәл қазір бозкілемге шығарып жіберсең, біраз балуанды алып та, шалып та жыға алатындай. Бауыр­жан Ниязұлы нағыз сардарлар сияқ­ты тік жүреді. Бұл да – қызмет бары­сында қалыптасқан әдет. Себебі ол өмірінің біраз бөлігін кеден саласына арнап, басшылық қызметтер атқар­ға­нын да жерлестері ұмыта қойған жоқ.

– Інішек, не жөнінде білейін деп едің? – деген сөздері мені алғашқы сұ­рағымды қоюға итермеледі. Әңгі­менің әлқиссасын әдеттегідей жас­тық шақтан бастамадық. Балуанның өмір жолы жайлы газетімізде бұған дейін де жазылды ғой. Cондықтан мені атақты балуанның есінен кетпес жеңісті сәттері қызықтырды. Сол ту­ралы айтып беруін өтіндім. Бауыр­жан аға сөзімді іліп әкетті.

– Біздің кезімізде… – деп барып сәл кідіріңкіреді. Жылдардың қал­тарысында қалған кейбір жайттарды есіне түсірген болуы керек. – Кеңес одағы тұсында Қызылжар өңірінде қазақ күресі кәсіби тұрғыда дұрыс дамымаған еді. Жасыратыны жоқ, қаракөздерімізді қолдаған азаматтар да аз болды. Бертін келе кәсіби бап­керлер шығып, жас өрендерді тәр­биелей бастады ғой. Жалпы әр ауыл­дың баласы күресе білетіні – дә­лелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ауылда туғандықтан мен де осы спорт­қа жақын болып өстім. 1971-1973 жылдары Талдықорған қала­сын­да әскери борышымды өтедім. Бір күндік демалыс кезі. Шаһарды ара­лап жүргенбіз. Көшедегі бір афи­шаға көзім түсіп кетті, еркін күрестен қаланың ашық біріншілігі өтеді деген хабарландыру екен. Жанымдағы офицерден осы жарысқа қатысуға рұқ­сат сұрадым. Ол құптап, бұл до­даға екеуміз қатысатын болдық. Тур­нирдің алдында салмақ өлшедік, мен 62 килограмм салмақтағы балуан­дармен белдестім. Екі күнге созыл­ған жарыста күміс жүлдегер атан­дым. Қарсыластарымның ара­сында республикалық сындарда топ жарғандар болғанын кейін білдім ғой, – деп өткен күндерді еске алған Ба­уыржан Ниязұлы осылайша спорт­­тық мансабы әскерде бастал­ғанын айтты. Бұл өңірде атақты балуан­дардың бірі Әбілсейіт Айха­нов ту­ғанын айта кеткен жөн.

Бір күні офицер жүгіріп келіп, ге­нерал шақырып жатқанын айтады. Басшылық жайдан-жай шақыр­май­тыны белгілі. Не бүлдіріп қойғанын өзі де білмейді. Ешкіммен төбелес­кен жоқ, демалыста да тыныш жүр­ген сияқты еді. Генералдың каби­не­тіне жүрексіне кіреді. Төрде бірнеше адам отыр екен. Араларынан Ма­нар­бек Есімов деген жаттықтырушы­ны көргенде жүрегі орнына түскен­дей болады. Бұл кісімен қаланың ашық біріншілігінде танысқан. Ге­не­рал уақытты көп созбай: “Күреспен айналысасың ба?” – деп сұрайды. Ба­уыржан Ниязұлы ойланбастан “Иә”, – дейді. Сол күннен бастап Манарбек Есімовтің қарамағында жаттыға бастайды.

Әскерде жүріп, қалалық, облыс­тық, республикалық жарыстарға қа­тысады. Еркін күрестен бөлек, сам­бо мен қазақ күресімен қатар айналы­сады. Уақыт деген – зымыран, әс­кердегі мерзім зу етіп өте шықты. Туған жерге оралған соң арнайы зал тауып, айла-тәсілдерін жетілдіре тү­седі. Кәсіби спортшы атану үшін об­лыс орталығында жаттығу керек. Сондықтан қалаға келіп, “Спартак” ерікті спорт қоғамына қа­былданады. Жаттығу залы қазіргі татар меші­тінде орналасқан еді. Кіш­кентай ғана залда үлкен жарыс­тарға дайын­дықты бастайды. Алда маңызды жарыс күтіп тұрған еді. Ол – бар­ша Кеңес одағы республикала­ры­ның балуандары қатысатын Қажы­мұ­қан Мұңайтпасұлы атындағы тур­нир.

– Жарыс Шымкент қаласының іргесіндегі ұлы балуанымыз Қажымұ­қан Мұңайтпасұлы жерленген Те­мірлан ауылында өтетін болды. Бас­тапқыда бапкерлер мені жібергісі келмеді. Себебі бізде команда жоқ еді. Бір облыстың атынан сопиып жал­ғыз менің барғанымды қалама­ды. Бірақ айтқан сөзімнен қайтпадым, ақыры рұқсат берді. Бұл жарыста жеңіске жеткендер ел біріншілігінде топ жарған болып есептеледі. Мен ашылу салтана­ты­на сәл кешігіп бардым. Барлық өңір­лердің спортшылары сап түзеп тұр екен. Ұйымдастырушыларға барып, солтүстіктен ат терлетіп әдейі келге­німді айттым. Қолыма “Солтүстік Қазақстан облысы” деген жазуы бар тақтайшаны ұстатты. Өзбектер мен тәжіктер де команда әкеліпті. Жа­рыс­қа қатысушылардың көбі – оң­түстік өңірдің күнге күйген жігіттері. Араларында жалғыз мен аппақ боп тұрмын. Бәрі ма­ған қарап, саусақ­тарын шошай­тып күліп жатыр, – деп сол сәтті еске алған Бауыржан Нияз­ұлы қаны ба­сына шауып, на­мыстан жарылып ке­те жаздағанын айтады.

Салмағы сол әскердегідей – 62 килограмм. Бұл салмақта белдесуге 33 балуан келген екен. Арасында та­лай жарыста топ жарған чемпиондар да бар. Олардың алдын орау оңайға түспесі анық. Дегенмен жерлесіміз намысқа тырысып, барлық қарсы­ласының жауырынын жер иіскетеді.

– Бұл жарыста балуандар 11 салмақ дәрежесі бойынша сынға түс­ті. Финалға шыққан спортшы­лардың 9-ы – шымкенттің жігіттері. Менің қар­сыласым да – сол жердің тумасы, қазақ күресінің майталманы Ұлықбек Момынов. Ол кезде белдесу үш раундқа созылады. Қарсыласымның жанында секунданты, бірнеше бап­кер жүр. Ал мен өз бұрышымда со­пиып жалғыз тұрмын. Бірнеше рет жеңіске лайықты айла-тәсіл жасадым. Бірақ төреші ұпай бермеді. Бұл әділетсіздікке шыдамаған жанкүйер­лер мені қолдап отырғанын аңғар­дым. Бұл маған қосымша күш бер­гендей болды. Ақыры жеңіс маған бұйырды, – деп еске алды балуан.

Осы жеңісінен кейін Бауыржан Ниязұлын барша республика спорт­шылары мойындаған еді. Жерлесі­міз Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы жүлденің иегері әрі Солтүстік Қазақстан облы­сынан шыққан қазақ күресінен тұң­ғыш спорт шебері атанады. Сол кез­де Қызылжар өңірінен чемпион шы­ғады деп ешкім ойламаған еді. Тіпті өзіміздің облыстың бапкерлері де сен­бегені анық. Қайсар рухты, жігер­лі жігіттің аламанда топ жаруы біз­дің өңірде қазақ күресінің дамуына тың серпін бергендей болды.

Атақты балуанның баста­ма­сымен кейін өңірде тұңғыш рет “Ақ бидай” және “Солтүстік” спартакиа­далары өтеді. Сонау сексенінші жылдары Мамлютка қаласында жазғы спорт­тық ойындар ұйымдастыры­лып, сол уақыттан бері бұл спорт мерекесі үздіксіз жалғасып келеді. Ал 2015 жылы қазақ күресінен тұң­ғыш спорт шеберінің мұрындық бо­луымен Пет­ропавлда “Қызылжар арландары” клубы ашылғаны бел­гілі. Бұл клуб жұ­мысының арқасында жерлес­теріміз республикалық және халықаралық додаларға қатысып, өңіріміздің на­мы­сын абыроймен қорғап жүр. Қазір осы клубты бас­қарып отырған Ал­тын­бек Аусағитов былтыр, яғни ара­ға ұзақ уақыт салып барып Бауыр­жан Ниязұлы жеңіске жеткен Қа­жымұқан Мұңайтпасұлы атындағы додада топ жарғанын да мақта­нышпен айта кеткен жөн.

Ардагер спортшының еңбегін Ұлт­тық Олимпиада комитеті де жо­ғары бағалап, мойнына күміс алқа таққаны белгілі. Әзірге мұндай марапат біздің өңірде тек Бауыржан Құлжановта ғана бар. Солтүстік Қа­зақстан облысының құрметті азама­тының айтуынша, жастар батыр ба­ба­ларымыздың, атақты спортшыларымыздың жеңісті жолдарын ұмытпауы керек. Осы мақсатпен өз үйінің жанынан аспан астындағы мұражай ұйымдастырып, әйгілі спортшылардың мүсіндері қойылған аллея ашқан. Алдағы уақытта ол об­лыс спортынан сыр шертетін үлкен музей салуды жоспарлап отыр. Алға қойған мақсатына қол жеткізбей тынбайтын атақты балуан бұл істі де атқаратынына ешқандай күмән жоқ.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp