«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС САЯХАТШЫЛАР СЛЕТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде “Солтүстіктің інжуі маржаны – 2023” атты туристік слет өтпек. Іс-шара Айыртау ауданында ұйымдастырылып, оған колледж студенттері қатысады. Облыстық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен қолға алынған шара Имантау-Шалқар курорттық аймағында туристік мәдениетті қалыптастыруға арналмақ.

Ұйымдастырушылар туристік слетті жылда өткізілетін дәстүрлі іс-шараға айналдыруды көздеп отыр. Осы арқылы жастар арасында бұқаралық туризмді насихаттап, дамыту жоспарланған. Мақсат олардың бойында туристерге қажет негізгі дағдыларды қалыптастырып, саламатты өмір салтын ұстануға шақыру, табиғатты және қоршаған ортаны аялауға тәрбиелеу.

– Шараны ұйымдастыруға кәсіпкерлер палатасының туризм комитеті, облыстық білім басқармасы, “Зейнеп” көпбейінді жоғары колледжі, “Альпинизм, жартасқа өрмелеу, мұзға өрмелеу және спорттық туризм федерациясы” облыстық қоғамдық бірлестігі, сондай-ақ қалалық балалар мен жасөспірімдердің мектептен тыс жұмыс орталығының туризм бөлімі атсалысып жатыр. Слетте 15 пен 20 жас аралығындағы ұл-қыздардың басы қосылады. Біздің облыс колледждерінің студенттері де, сырттан келген командалар да қатыса алады, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев.

Слет барысында қызықты және танымдық конкурстар ұйымдастырылады, сондай-ақ тәжірибесі бар саяхатшылардың шеберлік сағаттары өткізіледі. Облыстық кәсіпкерлер палатасы туризм комитетінің төрағасы Сайран Хамзин жастарға туристік дағдылар үйретілетінін айтты. Олар фотоға түсіруді, жорықта ас дайындауды меңгереді, “Qazaq Expedition Club” автосаяхатшыларының тәжірибесімен танысады. Сондай-ақ слет барысында жастар жұмсақ зембіл тоқуды үйренеді және зардап шегушіні аспалы өткел арқылы тасымалдауды меңгереді. Іс-шараға қатысушылар кешке алау басында ән айтып, би кеші де ұйымдастырылады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp