Бүгінде балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылық өзекті мәселелердің біріне айналған. Әсіресе соңғы жайт қоғамның үлкен алаңдаушылығын тудырып отыр. Оның бір дәлеліне облыстық прокуратураның бастамашылдығымен өткізілген алқалы басқосуды айтуға болады. Жиында кәмелетке толмағандар зорлық-зомбылық құрбанына жиі ұшырайтынына нақты деректер келтірілді.
Уәлиханов ауданында болған оқиға менің де жағамды ұстатты, ұстаз, ана ретінде жүрегіме ауыр қабылдадым. 10 жасар бала патронаттық отбасында жүйелі түрде таяқ жеп, салдарынан шыдай алмай үйінен қашып кеткен. 25 қаңтарда белгісіз жаққа кетіп, із-түссіз жоғалған оны тайлы-тұяғымен іздеп, екі күннен кейін ауылдағы қараусыз қалған үйден тапқан. Жасқайрат елді мекенінің тұрғыны “Не молчиKZ” қорына хабарласып, оқушының үйден кетуінің себебін айтпағанша тиісті орындардың селт етпеуі, жауырды жаба тоқығаны қайран қалдырады. Денесі көгеріп, мектепке келіп жүрген баланың жағдайына білім беру ұйымының да селт етпеуін қалай түсінеміз. Прокуратура қызметкерлері хабарлағандай, 2017 жылдан бері ол ерлі-зайыптылардың патронаттық тәрбиесінде болған. Оған психологиялық және физикалық күш көрсеткен. Дене жарақатын алғанын дәрігерлер де растаған. Осындайда жұдырықтай құлыншақтың не жазығы бар еді деген сұрақ қойғың келеді. Туыстық жағынан бөтен емес көрінеді. Сіңлісі ұлын апасының бауырына салған. Патронаттық ата-ана өздеріне артылған міндетті жауапкершілікпен атқарудың орнына баланың тәрбиесіне жүрдім-бардым қараған. Бұл – бір күнде орын алған оқиға емес. Сонда жергілікті әкімдік, полиция өкілдері, мектеп басшылығы қайда қараған? Бесіктен белі шықпаған бала айналасынан сүйіспеншілік, мейірімділік, аялы алақан, жылы құшақ іздеп, бұл қасиеттерді таппағаннан кейін қатыгездікке, безбүйректікке, жаман әдеттерге, теріс қылықтарға ұрынбасына кім кепіл? Осы факті тәрбие тал бесіктен басталады деген ата-баба дәстүрінен тамыр үзіп қалғанымызды айғақтайды. Жасыратыны жоқ, бала қателік жасаса, ақылмен жайлап ұғындырудың орнына бірден жазалауға, ұрысып-жекуге бейім тұратын отбасылар аз емес. Оның ақыры небір психологиялық ауытқушылықтарға, дағдарыстарға соқтырып, теріс жолға түсуіне итермелейді. Көбіміз адам өміріндегі 14-25 жас аралығы агрессивті әсерлерге тез берілгіш, түрлі қиындықтарды еңсеруге қауқарсыз кезең екенін ескере бермейміз.
Ата-ана – баланың ұстазы, тәрбиешісі. Өмірлік ұстанымы қалыптаспаған жасөспірімнің еліміздің ертеңгі қорғаны болар азамат ретінде ержетуі қоршаған ортасына байланысты екенін де естен шығармайық.
Сәуле НӘБИҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының тұрғыны.
РЕДАКЦИЯДАН: Газетіміздің оқырманы жасөспірімдер тәрбиесіне қатысты өте түйткілді проблеманы көтеріп отыр. Бұл мәселе газет беттерінде де жүйелі түрде қозғалып, жазылып келеді.
Облыстық прокуратурада өткен жиында есеп берген білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова өз қызметтік міндеттерін тиісті дәрежеде орындамаған білім саласы өкілдері тәртіптік жазаға тартылғанын айтқан болатын. Біз де өз тарапымыздан Уәлиханов аудандық оқу бөліміне сұрау салып, кімдердің жазаланғанын білдік.
Аудандық білім бөлімі берген ақпарат бойынша, қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі әдіскер Жарқынай Уажанова, Жасқайрат негізгі мектебінің психологы Жанар Баймұқанова, әлеуметтік ұстаз Құндыз Рабкен, 5-сынып жетекшісі Наргүл Мұхамеджанова, мектеп директорының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Тазагүл Асылхан мен Жұмабике Оспанова тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Мектеп директорының міндетін атқарушы Ертай Рахымжанов қызметінен босатылған. Патронаттық ата-ананың әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (34500 теңге) айыппұл салынған.