Қызылжар өңірі тұмса табиғатымен ғана ерекшеленбейді, қол бастаған батырларға, сөз бастаған шешендерге, белдескеннің жауырынын жер иіскеткен балуандарға да бай. Бұрынғы бабалардың ізін жалғап, болашақ жастарға үлгі көрсетіп жүрген азаматтардың бірі – Бауыржан Құлжанов. Талай додада қазақтың көк туын көктен желбіреткен ол бүгіндері зейнет демалысында, алайда қоғамдық өмірден шет қалмай, жастарға дұрыс жол көрсетуден жалыққан емес.
Жетпісті алқымдап қалса да бойындағы күш-қайраты қайтпаған, әлі тың. Дәл қазір бозкілемге шығарып жіберсең, біраз балуанды алып та, шалып та жыға алатындай. Бауыржан Ниязұлы нағыз сардарлар сияқты тік жүреді. Бұл да – қызмет барысында қалыптасқан әдет. Себебі ол өмірінің біраз бөлігін кеден саласына арнап, басшылық қызметтер атқарғанын да жерлестері ұмыта қойған жоқ.
– Інішек, не жөнінде білейін деп едің? – деген сөздері мені алғашқы сұрағымды қоюға итермеледі. Әңгіменің әлқиссасын әдеттегідей жастық шақтан бастамадық. Балуанның өмір жолы жайлы газетімізде бұған дейін де жазылды ғой. Cондықтан мені атақты балуанның есінен кетпес жеңісті сәттері қызықтырды. Сол туралы айтып беруін өтіндім. Бауыржан аға сөзімді іліп әкетті.
– Біздің кезімізде… – деп барып сәл кідіріңкіреді. Жылдардың қалтарысында қалған кейбір жайттарды есіне түсірген болуы керек. – Кеңес одағы тұсында Қызылжар өңірінде қазақ күресі кәсіби тұрғыда дұрыс дамымаған еді. Жасыратыны жоқ, қаракөздерімізді қолдаған азаматтар да аз болды. Бертін келе кәсіби бапкерлер шығып, жас өрендерді тәрбиелей бастады ғой. Жалпы әр ауылдың баласы күресе білетіні – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ауылда туғандықтан мен де осы спортқа жақын болып өстім. 1971-1973 жылдары Талдықорған қаласында әскери борышымды өтедім. Бір күндік демалыс кезі. Шаһарды аралап жүргенбіз. Көшедегі бір афишаға көзім түсіп кетті, еркін күрестен қаланың ашық біріншілігі өтеді деген хабарландыру екен. Жанымдағы офицерден осы жарысқа қатысуға рұқсат сұрадым. Ол құптап, бұл додаға екеуміз қатысатын болдық. Турнирдің алдында салмақ өлшедік, мен 62 килограмм салмақтағы балуандармен белдестім. Екі күнге созылған жарыста күміс жүлдегер атандым. Қарсыластарымның арасында республикалық сындарда топ жарғандар болғанын кейін білдім ғой, – деп өткен күндерді еске алған Бауыржан Ниязұлы осылайша спорттық мансабы әскерде басталғанын айтты. Бұл өңірде атақты балуандардың бірі Әбілсейіт Айханов туғанын айта кеткен жөн.
Бір күні офицер жүгіріп келіп, генерал шақырып жатқанын айтады. Басшылық жайдан-жай шақырмайтыны белгілі. Не бүлдіріп қойғанын өзі де білмейді. Ешкіммен төбелескен жоқ, демалыста да тыныш жүрген сияқты еді. Генералдың кабинетіне жүрексіне кіреді. Төрде бірнеше адам отыр екен. Араларынан Манарбек Есімов деген жаттықтырушыны көргенде жүрегі орнына түскендей болады. Бұл кісімен қаланың ашық біріншілігінде танысқан. Генерал уақытты көп созбай: “Күреспен айналысасың ба?” – деп сұрайды. Бауыржан Ниязұлы ойланбастан “Иә”, – дейді. Сол күннен бастап Манарбек Есімовтің қарамағында жаттыға бастайды.
Әскерде жүріп, қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысады. Еркін күрестен бөлек, самбо мен қазақ күресімен қатар айналысады. Уақыт деген – зымыран, әскердегі мерзім зу етіп өте шықты. Туған жерге оралған соң арнайы зал тауып, айла-тәсілдерін жетілдіре түседі. Кәсіби спортшы атану үшін облыс орталығында жаттығу керек. Сондықтан қалаға келіп, “Спартак” ерікті спорт қоғамына қабылданады. Жаттығу залы қазіргі татар мешітінде орналасқан еді. Кішкентай ғана залда үлкен жарыстарға дайындықты бастайды. Алда маңызды жарыс күтіп тұрған еді. Ол – барша Кеңес одағы республикаларының балуандары қатысатын Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы турнир.
– Жарыс Шымкент қаласының іргесіндегі ұлы балуанымыз Қажымұқан Мұңайтпасұлы жерленген Темірлан ауылында өтетін болды. Бастапқыда бапкерлер мені жібергісі келмеді. Себебі бізде команда жоқ еді. Бір облыстың атынан сопиып жалғыз менің барғанымды қаламады. Бірақ айтқан сөзімнен қайтпадым, ақыры рұқсат берді. Бұл жарыста жеңіске жеткендер ел біріншілігінде топ жарған болып есептеледі. Мен ашылу салтанатына сәл кешігіп бардым. Барлық өңірлердің спортшылары сап түзеп тұр екен. Ұйымдастырушыларға барып, солтүстіктен ат терлетіп әдейі келгенімді айттым. Қолыма “Солтүстік Қазақстан облысы” деген жазуы бар тақтайшаны ұстатты. Өзбектер мен тәжіктер де команда әкеліпті. Жарысқа қатысушылардың көбі – оңтүстік өңірдің күнге күйген жігіттері. Араларында жалғыз мен аппақ боп тұрмын. Бәрі маған қарап, саусақтарын шошайтып күліп жатыр, – деп сол сәтті еске алған Бауыржан Ниязұлы қаны басына шауып, намыстан жарылып кете жаздағанын айтады.
Салмағы сол әскердегідей – 62 килограмм. Бұл салмақта белдесуге 33 балуан келген екен. Арасында талай жарыста топ жарған чемпиондар да бар. Олардың алдын орау оңайға түспесі анық. Дегенмен жерлесіміз намысқа тырысып, барлық қарсыласының жауырынын жер иіскетеді.
– Бұл жарыста балуандар 11 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Финалға шыққан спортшылардың 9-ы – шымкенттің жігіттері. Менің қарсыласым да – сол жердің тумасы, қазақ күресінің майталманы Ұлықбек Момынов. Ол кезде белдесу үш раундқа созылады. Қарсыласымның жанында секунданты, бірнеше бапкер жүр. Ал мен өз бұрышымда сопиып жалғыз тұрмын. Бірнеше рет жеңіске лайықты айла-тәсіл жасадым. Бірақ төреші ұпай бермеді. Бұл әділетсіздікке шыдамаған жанкүйерлер мені қолдап отырғанын аңғардым. Бұл маған қосымша күш бергендей болды. Ақыры жеңіс маған бұйырды, – деп еске алды балуан.
Осы жеңісінен кейін Бауыржан Ниязұлын барша республика спортшылары мойындаған еді. Жерлесіміз Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы жүлденің иегері әрі Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан қазақ күресінен тұңғыш спорт шебері атанады. Сол кезде Қызылжар өңірінен чемпион шығады деп ешкім ойламаған еді. Тіпті өзіміздің облыстың бапкерлері де сенбегені анық. Қайсар рухты, жігерлі жігіттің аламанда топ жаруы біздің өңірде қазақ күресінің дамуына тың серпін бергендей болды.
Атақты балуанның бастамасымен кейін өңірде тұңғыш рет “Ақ бидай” және “Солтүстік” спартакиадалары өтеді. Сонау сексенінші жылдары Мамлютка қаласында жазғы спорттық ойындар ұйымдастырылып, сол уақыттан бері бұл спорт мерекесі үздіксіз жалғасып келеді. Ал 2015 жылы қазақ күресінен тұңғыш спорт шеберінің мұрындық болуымен Петропавлда “Қызылжар арландары” клубы ашылғаны белгілі. Бұл клуб жұмысының арқасында жерлестеріміз республикалық және халықаралық додаларға қатысып, өңіріміздің намысын абыроймен қорғап жүр. Қазір осы клубты басқарып отырған Алтынбек Аусағитов былтыр, яғни араға ұзақ уақыт салып барып Бауыржан Ниязұлы жеңіске жеткен Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы додада топ жарғанын да мақтанышпен айта кеткен жөн.
Ардагер спортшының еңбегін Ұлттық Олимпиада комитеті де жоғары бағалап, мойнына күміс алқа таққаны белгілі. Әзірге мұндай марапат біздің өңірде тек Бауыржан Құлжановта ғана бар. Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматының айтуынша, жастар батыр бабаларымыздың, атақты спортшыларымыздың жеңісті жолдарын ұмытпауы керек. Осы мақсатпен өз үйінің жанынан аспан астындағы мұражай ұйымдастырып, әйгілі спортшылардың мүсіндері қойылған аллея ашқан. Алдағы уақытта ол облыс спортынан сыр шертетін үлкен музей салуды жоспарлап отыр. Алға қойған мақсатына қол жеткізбей тынбайтын атақты балуан бұл істі де атқаратынына ешқандай күмән жоқ.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.