«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СТУДЕНТТЕР — ҮЛКЕН КҮШ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ жастары қай кезде болсын елдік, ұлттық мәселеге келгенде бастарын қосып, бір жерге жиыла алған. Талай жыл тарихтың теперішін көріп келген ел келер буыннан үміт күтіп, ертеңіне сенген. Содан да болар күншығыс елдері ішінде ең алғашқы жастар ұйымын қазақтың ұл-қыздары құрған екен. Сол кезде ел мүддесі үшін жұмыс істеген Орта Азия мен Қазақстан жастар қозғалысы, “Бірлік”, “Жас азамат” сияқты ұйымдардың ғұмыры ұзаққа бармаса да, аз уақытта тарихта қалған істерге ұйытқы болды. Кейін Мәскеуде құрылған “Жас тұлпар” да осы мақсатты көздеді. Өткенімізге зер салып қарасақ, қазақ жастарының көп жиналған ірі оқу орындары мен қалаларда міндетті түрде арнайы ұйым ашылып отырған. Бір қуанарлығы, мұндай ұйымдар бүгінде әр қалада көптеп ашылып, жұмыс істеп келеді. Бұл жайлы Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасов жастарға арнаған сөзінде былай деген екен: “Қаладағы жастар көбінесе оқу оқиды. Бұларды ұйымдастыру оңай. Бұлар бір жерде. Бұлардың жиылуы да оңай. Бұлардың арасында әртүрлі әдеби, саяси жұмыстарды жүргізу де оңай”.

Істің ыңғайын біліп, жастармен жұмыс істеймін дейтін адамға студенттер көп шоғырланған оқу орындары – таптырмас мүмкіндік. Смағұл Сәдуақасов жазғандай, кейінгі буын өкілдері көп жиналған жерде бастаманы жүзеге асырып, түрлі топтар мен ұйымдар құру да қиын жұмыс емес. Бүгінде біз де Алаш қайраткерлері салып кеткен сара жолды үлгі етіп, жергілікті жастар ұйымдарына ұйытқы болуға тырысып жүрміз.

Өңірдегі университет қабырғасында бірнеше ұйым жұмыс істесе, соның бірі – жастар ісі жөніндегі комитет. Жалпы оқу орнында белсенді, ерікті жастардың қатары қалың. Солардың басым бөлігі ұйымымыздың жұмысына атсалысып, бірлесіп жұмыс істеуде. Комитеттің ашылғанына біраз жыл болғанмен, оның жұмыс бағыты, алға қойған мақсаттары өзгеріп отырады. Студенттердің жаңа буыны ауысқан сайын жас толқын ұйымға өз идеяларын ала келеді. Осылайша жұмысымыз үнемі жаңа бағыт алып, тәжірибеміз арта түседі. Өзім осы ұйымды басқарған бірнеше жылдың ішінде бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылып, белсенділердің қатары артты. Оқу орнына жаңадан қабылданған бірінші курс студенттерінің қызығушылығы мол. Ұйымшыл әрі белсенді командамыз қай шыңды болсын бағындыра алатынын көрсетіп келеді.

Жастар ісі жөніндегі комитеттің жұмысы бірнеше бағытта жүреді. Біз білім алушыларды отансүйгіштікке баулуға, интелектуалдық және шығармашылық қабілеттерін арттыруға, тұлғалық дамуға ерекше мән береміз. Осының дәлелі ретінде белсенді жастардың ұйымдастыруымен университетте өтетін шараларды айтуға болады. Соңғы жылдың өзінде мұнда елдегі саяси өзгерістерді талқылауға арналған “дөңгелек үстелдер”, түрлі саладағы білікті мамандармен кездесулер өтті. Жастарымыздың білімін арттыратын интелектуалдық шаралар, байқаулар да жиі ұйымдастырылады. Ал шығармашыл жандар біздің конкурстарда өнерлерін сынап салып, қолдау таба алады. Бұлардан бөлек, қайырымдылықпен де айналысып, мұқтаж жандарға жәрдем беріп келеміз. Осында өтетін кинокештерден жиналған қаржының бәрі зәру жандарға беріледі. Әр күз бен көктем сайын сенбіліктерге шығып, қаланы абаттандырамыз. Саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттық сайыстар да жиі өтеді. Сонымен қатар белсенділермен бірге экскурсияларға шығу, табиғат аясына барып демалып қайту да әдетке айналған. Біздегі ерекше шаралардың бірі – жақында оқу орнында өткен мерекелік жәрмеңке.

Жастар ісі жөніндегі комитет тек мұнымен ғана шектеліп қалмай, өзге өңірлердегі және өз облысымыздағы ұйымдармен байланыс орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді. Белсенділеріміз өңірдегі жастарға қатысты қай мәселеге болсын үн қатып, оның шешілуіне үлес қосуға тырысады. Ұйым мүшелерінің осы еңбектері ескеріліп, үздіктері түрлі марапаттарға да ие блып жүр.

Бекзат ЛАТЫПОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың жастар ісі жөніндегі комитетінің төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp