«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ғылым апталығы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университе­тінде ғылым қызметкерлері күніне орай іс-шаралар легі бас­тау алды. Ғалымдардың кәсіби мерекесіне арналған “Жастар және ғылым – 2023” атты халықаралық конференция өтті. Жиынға түрлі салада ізденіп, зерттеу жүргізіп жүрген ға­лым­дар қатысып, жетістіктері­мен бөлісті. Шараны жоғары оқу ор­нының инновациялар және ин­тернационалдандыру мәсе­лелері жөніндегі басқарма мүшесі Да­мель Мектепбаева ашты.

– Ғалымдардың қатысуымен өтетін мұндай шаралар ғылым жо­лын таңдаған студенттер үшін аса маңызды. Бұл конференцияға жас ғалымдар алғаш рет қатысып отыр. Ғылым саласына алғашқы қадамдар осындай шараларға қатысудан басталады. Өткен жыл жоғары оқу орнының ғылым қызметкерлері үшін табысты болды. Биылғы жылдан да үмітіміз зор, – дей келе, басқарма мүшесі университеттің өткен жылы жеткен жетістіктеріне тоқталып, ал­дағы жоспарлары жайлы баяндады.

Кейіннен конференция пленар­лық отырыспен жалғасып, жас ға­лымдар баяндамалар жасады. “Ака­демиялық ұтқырлықтың болашақ педагогтардың тұлғалық-кәсіби қа­лып­тасуына әсері”, “Балалар аспап­тық орындауындағы қазақ фольк­лоры” сынды тақырыптарға жасал­ған баяндамалар – студенттердің із­денісі мен тынымсыз еңбегінің ай­ғағы.

– Бүгінде университетімізде ака­де­миялық ұтқырлық бағдарламасы жұмыс істейді. Сол арқылы студент­теріміз өзге қалалар мен шетелдер­ге барып, білім алып жүр. Мен осы тақырыпты арқау етіп, зерттеулер жүргіздім, өзге оқу орындарынан тә­жірибе алмасып келгендермен кез­десіп, статистикалық мәліметтерді жинадым. Зерттеу қорытындыларын алдағы уақытта академиялық ұтқыр­лық бағдарламасының жұмысын же­тілдіру үшін пайдалануға болады, – дейді магистрант Дина Ертаева.

Бұдан бөлек оқу орнында ғылым күніне орай “дөңгелек үстелдер”, техникалық, гуманитарлық ғылым­дар бойынша семинарлар мен бай­қаулар өткізілді. Кәсіптік мереке ая­сында Мағжан Жұмабаев пен ғалым Мырзатай Серғалиевтің мерей­тойына арналған шаралар да ұйым­дастырылады.

Бір өкініштісі, оқу орнындағы ғы­лыми шаралардың басым бөлігі бастан-аяқ өзге тілде өткізілді. Пленарлық отырыс барысында да баяндама оқығандардың арасында қазақтілді ғалымдардың аз екенін аңғардық. Бір кездері Қаныш Сәт­баевтар қазығын қағып кеткен қазақ ғылымының тілі қазақшаланбай, ұлттық мүдде жайлы айту да қиын екен. Халықаралық конфе­ренция бағдарламасындағы ірікте­ліп алын­ған саусақпен санарлық баяндама­ның арасынан келмеске кеткен ке­ңестік идеологияның артықшылық­тары жайлы жазылған зерттеуді көзіміз шалып, көңіліміз күпті болып қайттық.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp