М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде ғылым қызметкерлері күніне орай іс-шаралар легі бастау алды. Ғалымдардың кәсіби мерекесіне арналған “Жастар және ғылым – 2023” атты халықаралық конференция өтті. Жиынға түрлі салада ізденіп, зерттеу жүргізіп жүрген ғалымдар қатысып, жетістіктерімен бөлісті. Шараны жоғары оқу орнының инновациялар және интернационалдандыру мәселелері жөніндегі басқарма мүшесі Дамель Мектепбаева ашты.
– Ғалымдардың қатысуымен өтетін мұндай шаралар ғылым жолын таңдаған студенттер үшін аса маңызды. Бұл конференцияға жас ғалымдар алғаш рет қатысып отыр. Ғылым саласына алғашқы қадамдар осындай шараларға қатысудан басталады. Өткен жыл жоғары оқу орнының ғылым қызметкерлері үшін табысты болды. Биылғы жылдан да үмітіміз зор, – дей келе, басқарма мүшесі университеттің өткен жылы жеткен жетістіктеріне тоқталып, алдағы жоспарлары жайлы баяндады.
Кейіннен конференция пленарлық отырыспен жалғасып, жас ғалымдар баяндамалар жасады. “Академиялық ұтқырлықтың болашақ педагогтардың тұлғалық-кәсіби қалыптасуына әсері”, “Балалар аспаптық орындауындағы қазақ фольклоры” сынды тақырыптарға жасалған баяндамалар – студенттердің ізденісі мен тынымсыз еңбегінің айғағы.
– Бүгінде университетімізде академиялық ұтқырлық бағдарламасы жұмыс істейді. Сол арқылы студенттеріміз өзге қалалар мен шетелдерге барып, білім алып жүр. Мен осы тақырыпты арқау етіп, зерттеулер жүргіздім, өзге оқу орындарынан тәжірибе алмасып келгендермен кездесіп, статистикалық мәліметтерді жинадым. Зерттеу қорытындыларын алдағы уақытта академиялық ұтқырлық бағдарламасының жұмысын жетілдіру үшін пайдалануға болады, – дейді магистрант Дина Ертаева.
Бұдан бөлек оқу орнында ғылым күніне орай “дөңгелек үстелдер”, техникалық, гуманитарлық ғылымдар бойынша семинарлар мен байқаулар өткізілді. Кәсіптік мереке аясында Мағжан Жұмабаев пен ғалым Мырзатай Серғалиевтің мерейтойына арналған шаралар да ұйымдастырылады.
Бір өкініштісі, оқу орнындағы ғылыми шаралардың басым бөлігі бастан-аяқ өзге тілде өткізілді. Пленарлық отырыс барысында да баяндама оқығандардың арасында қазақтілді ғалымдардың аз екенін аңғардық. Бір кездері Қаныш Сәтбаевтар қазығын қағып кеткен қазақ ғылымының тілі қазақшаланбай, ұлттық мүдде жайлы айту да қиын екен. Халықаралық конференция бағдарламасындағы іріктеліп алынған саусақпен санарлық баяндаманың арасынан келмеске кеткен кеңестік идеологияның артықшылықтары жайлы жазылған зерттеуді көзіміз шалып, көңіліміз күпті болып қайттық.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.