Елімізде жастарға қатысты түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Олардың құқықтарын қорғап, қоғам өміріне белсене араласуын қамтамасыз ететін “Жастар саясаты туралы” Заң бар. Аталған құжат ел жастарының қай салада болмасын белсенді жұмыс істеуіне жағдай жасауды мақсат етеді. Өткен жылдың басында тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қабылданған заңға өзгеріс енгізу қажеттігі айтыла бастады. Бұл бастама жүзеге асып, өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы заңдағы өзгерістерге қол қойды. өзгерістердің ең маңыздысы –14-35 жас аралығындағылардың бәрі жастардың санатына енгізілуі. Бұрын Қазақстанда 3,7 млн. жас бар делініп келсе, енді бұл көрсеткіш 6 миллионға жетіп отыр.
Бұл өзгерістің берер артықшылықтары мол. Енді олар жастарға арналған гранттық бағдағдарламаларға, жеңілдетілген ипотека мен несиелерге өтініш бере алады. “Жастар практикасы”, “Дипломмен – ауылға”, “Алғашқы жұмыс орны” сынды бағдарламалар да бұдан былай 35 жасқа дейінгілерге қолжетімді. Мемлекет тарапынан жастарға берілетін сыйлықтар мен марапаттар да осы азаматтарға табысталады.
Алайда жас санатын көтеру бұл саладағы мәселені түбегейлі шешпейді. Олардың саны өскендіктен, жұмыссыз, қоғамнан тыс қалған, “Neet” санатындағылардың да саны едәуір артатыны анық.
Әдия ТАСБОЛАТ,
“Soltüstık Qazaqstan”.