«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жатақхана тапшылығы қашан жойылады?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жатақхана – студенттердің екінші үйі. Оқу орны арман қуған жастардың басын бір арнаға тоғыстырса, студенттік өмірдің қызығы осы жатақханада өтеді. Ауылдардан, өзге қалалардан келген жастардың ортақ үйіне айналатын жатақханаға деген сұраныс жоғары. Себебі, бағасы арзан, оқу орнына жақын. Алайда соңғы жылдары елімізде жатақхана тапшылығы өзекті мәселеге айналды. Әсіресе жаңа оқу жылы қарсаңында орын тимей, амалсыз пәтер жалдаған студенттердің жағдайы алаңдатпай қоймайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауында студенттерді жатақханамен қамту мәселесіне тоқталды. “Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн”, – деп нақты тапсырма берген еді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бүгінде елдегі 104 жоғары оқу орнында 209 жатақхана бар. Онда 101 мыңнан астам студент тұрады. Бұдан бөлек, университеттер 14309 орынға арналған 100 жатақхананы, хостелдерді жалға алып жатыр.

Қазіргі таңда елімізде түйінді мәселені шешу үшін түрлі амалдар қарастырылуда. Соның бірі – мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жатақхана салу. Осы ретте “Қаржы орталығы” акционерлік қоғамының мамандары кәсіпкерлермен кездесулер өткізіп, студенттік жатақхана салғандар мемлекеттен қомақты қаржы алатынын жеткізді. Аталған акционерлік қоғамның өкілі біздің өңірге де келіп, кәсіпкерлермен кездесті. Олар ұсынған деректерге сүйенсек, біздің өңірде 2791 орын қажет. Республика бойынша жатақхана тапшылығы рейтингінде бесінші орында тұрмыз.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті баспасөз хатшысы Диана Халимова жоғары оқу орнында 5699 студент білім алып жатқанын айтты. Оның 1165-і жатақханада тұрады екен. Студенттердің 20 пайыздайы ғана жатақханамен қамтылған. Грант иелері үшін жатақханада тұру ақысы жылына 42000-69000 теңге аралығында болса, ақылы бөлімде оқитындар 120000 теңгеге дейін төлейді. Педагогика бағытында оқитын студенттер айына 58800 теңге, қалған мамандықтар бойынша білім алушылар 36600 теңге мөлшерінде шәкіртақы алатынын да айта кеткен жөн. Жатақхана санитарлық-тұрмыстық бөлмелермен қамтылған, тамақ дайындайтын электрлі плита, душ бөлмелері, кір жуғыш машиналары мен кептіргіштер қарастырылған.

– Нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, бір студент 6 шаршы метр жерде тұруы керек. Жатақханаларда бөлмелер әртүрлі, бір бөлмеде 2-3 студенттен тұрады, – дейді университеттің студенттермен жұмыс департаментінің директоры Асқар Қабікенов.

Қазіргі таңда университет студенттеріне арналған 1200 орындық екі жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Қос нысанды салу өткен жылдың маусым айында басталған. Жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Құрылысқа жауапты “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Роман Тыртышный студенттер үйі 11 қабаттан, 2 блоктан тұратынын айтты. Әрқайсысы 600 орынға шақталған. Әр қабатта 3-4 адамға арналған 20 бөлме болады.

– Қазір жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс материалдарының басым бөлігін мердігер компания өзі шығарады. Ғимараттың сырты жапондық панельдермен қапталады. Жатақхана құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс, – дейді Роман Тыртышный.

Егер жатақхана құрылысы жоспарға сәйкес осы жылдың соңына дейін аяқталса, пәтер жалдап жүрген студенттер үшін үлкен қуаныш болары анық. Сол күнді асыға күтіп жүргендердің бірі – 3-курс студенті Диас Өмірзақ. Екі бөлмелі пәтерді төрт бала 120000 теңгеге жалдайды. Сабақтан тыс уақытта даяшы болып істейтін студент шәкіртақысын күн-көріске жұмсап, еңбекақысымен пәтерақыны төлейді. Тапқаны қапқанына жетпесе ата-анасына салмақ салады.

Былтыр жазда Ресейде мобилизация жарияланып, соғыстан қашқандар біздің елге келіп бой тасалағанда, пәтер жалдап жүрген студенттердің сөмкелерін арқалап көшеде қалғанын ұмыта қойған жоқпыз. “Елдің болашағы – білімді жастар” дегенімізбен, оларды әлеуметтік тұрғыдан қорғауға әлі қауқарсыз екеніміз сонда байқалды. Жылдар бойы қордаланған мәселені бір сәтте түбегейлі шешу мүмкін емес. Сондықтан әр оқу жылы қарсаңында ақысы күрт қымбаттап кетіп, арзандау пәтер іздеп шарқ ұрған студенттердің қатары әлі сирей қоймасы анық.

Әдия ТАСБОЛАТ,

“Soltüstık qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp