«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҒА ҰСТАТҚАН ЖАҒДАЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде балалар мен жасөспірім­дер арасындағы құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылық өзекті мәселе­лердің біріне айналған. Әсіресе соң­ғы жайт қоғамның үлкен алаңдаушы­лығын тудырып отыр. Оның бір дәле­ліне облыстық прокуратураның бас­тамашылдығымен өткізілген алқалы басқосуды айтуға болады. Жиында кәмелетке толмағандар зорлық-зом­былық құрбанына жиі ұшырайтыны­на нақты деректер келтірілді.

Уәлиханов ауданында болған оқиға менің де жағамды ұстатты, ұс­таз, ана ретінде жүрегіме ауыр қа­был­дадым. 10 жасар бала патронат­тық отбасында жүйелі түрде таяқ жеп, салдарынан шыдай алмай үйінен қашып кеткен. 25 қаңтарда бел­гісіз жаққа кетіп, із-түссіз жо­ғал­ған оны тайлы-тұяғымен іздеп, екі күннен кейін ауылдағы қа­рау­сыз қалған үйден тапқан. Жас­қай­рат елді мекенінің тұрғыны “Не молчиKZ” қо­рына хабарласып, оқу­шының үйден кетуінің се­бебін айт­пағанша тиісті орындар­дың селт ет­пеуі, жауырды жаба то­қығаны қайран қалдырады. Денесі кө­геріп, мектепке келіп жүрген баланың жағдайына бі­лім беру ұйымының да селт ет­пеуін қалай түсінеміз. Про­ку­ратура қыз­мет­керлері хабарлаған­дай, 2017 жыл­дан бері ол ерлі-зайыптылардың патронаттық тәрбие­сінде болған. Оған психологиялық жә­не физикалық күш көрсеткен. Дене жарақатын ал­ғанын дәрігерлер де растаған. Осын­дайда жұдырықтай құлын­шақтың не жазығы бар еді деген сұ­рақ қойғың келеді. Туыстық жағы­нан бөтен емес көрінеді. Сіңлісі ұлын апасының бауырына салған. Патро­наттық ата-ана өздеріне ар­тыл­ған мін­детті жа­уапкершілікпен ат­қару­дың орнына баланың тәрбиесі­не жүр­дім-бардым қараған. Бұл – бір күнде орын алған оқиға емес. Сонда жер­гілікті әкімдік, полиция өкілдері, мек­теп басшылы­ғы қайда қараған? Бе­сіктен белі шық­паған бала айна­ла­­сы­нан сүйіспеншілік, мейірімділік, ая­лы алақан, жылы құшақ іздеп, бұл қа­сиеттерді таппа­ғаннан кейін қаты­гез­дікке, безбүй­рек­тікке, жаман әдет­­терге, теріс қы­лықтарға ұрын­басына кім кепіл? Осы факті тәрбие тал бе­сік­тен басталады деген ата-баба дәстүрінен тамыр үзіп қалғаны­мыз­ды айғақтайды. Жа­сыратыны жоқ, бала қателік жаса­са, ақылмен жай­лап ұғындырудың ор­нына бірден жазалауға, ұрысып-жекуге бейім тұ­ратын отбасылар аз емес. Оның ақы­ры небір психология­лық ауытқушы­лықтарға, дағдарыс­тарға соқтырып, теріс жолға түсуіне итермелейді. Кө­бі­міз адам өміріндегі 14-25 жас ара­лығы агрессивті әсер­лерге тез бе­рілгіш, түрлі қиындық­тарды еңсер­уге қауқарсыз кезең еке­нін ескере бермейміз.

Ата-ана – баланың ұста­зы, тәр­биешісі. Өмірлік ұстанымы қа­лып­тас­паған жасөспірімнің еліміз­дің ер­теңгі қорғаны болар азамат ретін­де ер­жетуі қоршаған ортасына бай­ла­нысты екенін де естен шығармайық.

Сәуле НӘБИҚЫЗЫ,

Петропавл қаласының тұрғыны.

РЕДАКЦИЯДАН: Газетіміздің оқырманы жасөспірімдер тәрбиесіне қатысты өте түйткілді проблеманы көтеріп отыр. Бұл мәселе газет беттерінде де жүйелі түрде қозғалып, жазылып келеді.

Облыстық прокуратурада өткен жиында есеп берген білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова өз қызметтік міндеттерін тиісті дәрежеде орындамаған білім саласы өкілдері тәртіптік жазаға тартылғанын айтқан болатын. Біз де өз тарапымыздан Уәлиханов аудандық оқу бөліміне сұрау салып, кімдердің жазаланғанын білдік.

Аудандық білім бөлімі берген ақпарат бойынша, қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі әдіскер Жарқынай Уажанова, Жасқайрат негізгі мектебінің психологы Жанар Баймұқанова, әлеуметтік ұстаз Құндыз Рабкен, 5-сынып жетекшісі Наргүл Мұхамеджанова, мектеп директорының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Тазагүл Асылхан мен Жұмабике Оспанова тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Мектеп директорының міндетін атқарушы Ертай Рахымжанов қызметінен босатылған. Патронаттық ата-ананың әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (34500 теңге) айыппұл салынған.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp