UFC-де Шавкат Рахмонов, Жалғас Жұмағұлов, Мария Агапова және Сергей Морозов сынды еліміздің санаулы ғана спортшысы бар. Олардың қатарына шетелдік қандастарымызды қосуға болады. Атап айтсақ, Қытайда дүниеге келген Сайран Нұрданбек пен Мақсат Қайсар, Ресейдің Орынбор өлкесінде туып-өскен Дамир Исмағұлов күш сынасып жүр. Сәл ертеректе Жұмабек Тұрсын өнер көрсетті. Қаны бір қазақ болғаннан кейін бұл азаматтардың да табысы бізге ортақ. Өз жерлестерімізбен қатар, солардың да әрбір жеңісіне қуанамыз.
Қазіргі кезде тек Шавкат Рахмонов қана қарсыластарын қоғадай жапырып келеді. Күні кеше Лас-Вегаста америкалық Джефф Нилді үшінші раундта қылқындырып, жеңіске жетті. Дамир Исмағұловтың да аяқалысы жақсы еді. Қатарынан бес кездесуде жеңіске жеткен ол былтырғы жылдың желтоқсан айында ресейлік Арман Царукяннан ұпай санымен ұтылған соң UFC-ден кететінін мәлім етті. Ал өзге спортшыларымыздың өнері ала-құла. Жалғас Жұмағұлов әлемнің ең белді промоушеніндегі алты жекпе-жегінің бесеуінде жеңілістің кермек дәмін татты. Осы орайда Жалғас төрешілердің әділетсіздігіне төзе алмайтынын айтты. Сөйтіп, UFC-дегі файтерлеріміздің қатары бірте-бірте кеміп келеді. Сол себепті де жекпе-жек десе, қандары қыз-қыз қайнап, делебелері қозатын жанкүйерлерді “Алдағы уақытта жоғарыда есімдері аталған спортшылардың орнын кімдер басады?” деген сауал ерекше толғандырып жүр. Енді осы сұраққа жауап іздеп көрейік.
Ең бірінші кезекте Асу Алмабаевты атап өткен жөн. 29 жастағы сақа спортшы осы спорт түрін серік еткелі 10 жылға жуықтады. Тұсаукесер кездесуінде ол ресейлік Вадим Бусеевті ұпай санымен ұтты. Одан кейін үш жылдай октагонда көрінбеді. 2016 жылы қайта оралып, түрлі жарыстарда Елдос Қалиев, Олег Эдик және Галамырза Айвазовты айқын басымдықпен жеңді. Келесі жыл Асу үшін сәтсіз болды. “Fight Nights Global” мен “Алаш Прайд” промоушендері ұйымдастырған екі бірдей дүбірлі додада қандасымыз жеңіліс тапты. Махачкалада ол Тагир Уланбековке, Алматыда Мехман Мәмедовке жол берді. Бұл сәтсіздіктерден дарынды жас жақсы сабақ алды. Есесіне одан кейінгі алты жылда 13 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіс тойын тойлады. Алмабаевтан таяқ жегендер арасында Александр Доскальчук та бар. Украиналық файтер кезінде Санкт-Петербургте өткен “M-1 Challenge 92” турнирінің басты бәсекесінде біздің тағы бір мықты спортшымыз Арман Әшімовті ұтқанын жанкүйерлер жақсы біледі. Алатау баурайында ұйымдастырылған турнирде Асу Доскальчукті “қылқындыру” әдісімен жеңді.
Кезінде “M-1 Global” және “NAIZA” ұйымдарының теңдессізі деп танылған Асу Алмабаев соңғы уақытта іргетасы Таяу Шығыста қаланған “BRAVE CF” промоушенінде сәтті өнер көрсетіп жүр. Тіпті оның чемпиондық белбеу үшін таласатын мүмкіндігі де бар. Бірақ Алмабаевқа бұл атақ қажет пе? Асудың арманы – UFC-де күш сынасу және де ол сол жоспарын жүзеге асырғанша тынбайтын секілді. Күні кеше ғана ол Шавкат Рахмоновпен бірге АҚШ-қа аттанып, әлемнің ең белді промоушенінде өнер көрсетіп жүрген командалық әріптесінің Джефф Нилға қарсы жекпе-жекке жақсылап даярлануына өз үлесін қосты. Асу UFC-мен келісім жасасқаны хабарланды, бірақ қашан жекпе-жекке шығатыны жарияланған жоқ.
Айқас алаңында өрелі өнерімен көзге түсіп жүрген Азат Мақсұм жайында “Бүгін, ертең ол UFC-мен келісімшартқа отырады” деген сыңайда әңгіме жиі айтылып жүр. 27 жастағы қазақ файтері Дана Уайттың командасында болуға әбден лайық. Оның аралас жекпе-жекпен айналысқанына алты жылдан асты. Сол аралықта 16 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Алғашқы алты бәсекеде Азат өз отандастарымен айқасса, кейіннен небір мықты шетелдік спортшыларды сабады. Солардың қатарында Бразилияның “ұр да жықтары” да бар. Мәселен, осы жылдың 21 қаңтарында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен жарыста Мақсұм бұған дейін ешкімге есе жібермеген оңтүстікамерикалық Фабрицио Нуньесті бірінші раундта-ақ “қылқындыру” әдісімен жеңді.
“Ескі гвардияның” өкілдері арасынан Қайрат Ахметов, Артем Резников және Арман Әшімовті бөле-жара атасақ, еш айыбы жоқ. 35 жастағы Ахметов 2010-2015 жылдар аралығында өткізген алғашқы 23 кездесуінде қарсылас шақ келтірмей, көпшілік назарын өзіне аударды. Әр жеңісінен кейін “Қара жорға” билейтін жігітке деген жанкүйерлердің де құрметі ерекше. Сол аралықта Алматы облысы, Сарқан ауданы, Бақалы ауылының тумасы Сингапурдың “ONE FC” деп аталатын белді ұйымының чемпиондық белбеуін иеленді.
31 жастағы Артем Резников 2016-2017 жылдар аралығында қатарынан бес рет жеңілгенде, көрермендер одан күдер үзе бастаған еді. Бірақ шығыстың шымыр жігіті өзінің ерен еңбегі мен табандылығының арқасында көздеген мақсатына қол жеткізді. Одан кейін ол қатарынан 10 қарсыласын қапы қалдырды. Қазіргі кезде Артем Шешенстанның АСА промоушені ұйымдастырған жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайтын Гран-при бәсекесіне қатысып, ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Енді отандасымыз финалда Ресейдің туы астында өнер көрсететін армян жігіті Эдуард Вартанянмен айқасады. Осы бәсекеде жеңіске жеткен спортшы чемпиондық белбеумен қатар 200 мың долларды қалтаға басады.
Арман Әшімовті жұрт жақсы біледі, жақсы көреді. Себебі ол жеңсе де, жеңілсе де өзін бірқалыпты ұстайды, еш уақытта асып-тасымайды. Үнемі күліп, жайдары жүреді. “Мұстафа Өзтүрік” деген лақап есіммен шығып жүрген 31 жастағы қазақтың қайсар ұлы 15 бәсекенің үшеуінде ғана жеңіліс тапты. 11 жекпе-жекте жеңіске жетіп, тағы бір тартыс тең аяқталды. 10 қарсыласын нокаутқа жіберді. Бір айта кетерлігі, Арман – әмбебап спортшы. Ол аралас жекпе-жекпен қатар, жалаң қолмен жұдырықтасуға да машықтанып жүр. Алдыңғы жылы Киевте Әшімовтің жергілікті спортшы, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тимур Белякты бір соққымен сұлатып салғанын көзіміз көрді. Сондай-ақ қандасымыз былтырғы жылдың аяғында Алматыда кәсіпқой бокстан да жекпе-жек өткізіп, грузиялық Бухути Татиашвилимен тең түсті.
Жоғарыда есімдері аталғандардың қатарына Асылжан Бақытжанұлын да қосуға болады. “Алаш Прайд” пен АСА ұйымдарының мұрындық болуымен өткен жарыстарда жанкештілігімен көзге түскен ол 18 кездесудің 14-ін өз пайдасына шешті. 10 қарсыласын кескен теректей сұлатып салды. Тіпті жеңілген жағдайдың өзінде Асылжанға ешкім өкпе айтпады. Өйткені қандасымыз әр кез “өліспей беріспеуге” бекініп, төрешілер тоқтатқанға дейін айқасады.
Кезінде Арман Оспановтың да UFC-де күш сынасатындай мүмкіндігі болды. Түркістан облысы, Төле би ауданының тумасы 2012-2017 жылдар аралығында бірде-бір рет жеңілген жоқ. Алматыда Руслан Хадаев пен Джеймс Ризді, Сочиде Алексей Полпудниковті және Санкт-Петербургте Тайчи Накадзиманы қалай жеңгені жайында жұрт әлі де әңгімелеп жүр. Міне, сол кезде америкалық промоушеннің өкілдері Арманға назар аударды. Бірақ қандасымыз түрлі себептерге байланысты мұхиттың арғы бетіне бара алмады. Одан кейін бағы жанбады ма, әлде бабы кем болды ма, әйтеуір, Оспанов жиі сүріне бастады. 2017 жылдың күзінен 2021 жылдың жазына дейінгі аралықта алты рет октагонға шыққан Арман сол бәсекелердің төртеуінде жеңілді. Оның Алексей Полпудниковке екі рет және бразилиялық Тиаго Луис Бонифацио Сильваға әлі жетпеді. Қазақ спортшысы 2019 жылы Мәскеуде Германияда тұрып жатқан шешен жігіті Лом-Әли Эскиев пен 2020 жылы Алматыда дағыстандық Расул Мирзаевтың тас-талқанын шығарғанда бір шаттанып қалған едік. Алайда Оспанов 2021 жылдың 10 маусымында Нью-Джерсидегі өзінің соңғы жекпе-жегінде америкалық Крис Уэйдке есе жіберді.
Қазіргі кезде елімізде промоутерлік компаниялардың қатары көбейіп келеді. “Алаш Прайд”, “Найза”, “Октагон”, “Әлем файтерс” және тағы басқа ұйымдар қарқынды жұмыс істеп жатыр. Олардан бөлек, бірқатар шетелдік промоушен біздің елде дүбірлі додалар өткізуді жақсы бір дәстүрге айналдырды. Соның арқасында дарынды жастар мен жалынды жігіттердің қалың шоғыры шыға бастады. Бүгінгі таңда жанкүйерлер тарапынан Әліби Ыдырыс, Қаршыға Дәуітбек, Магомед Кабардиев, Әли Қабдолла, Дияр Нұрғожай, Сәбит Жүсіпов, Мұқағали Несіпбай, Василий Тахтай, Николай Самсуев, Дамир Төленов сынды файтерлер жайында жылы пікірлер айтылып жүр. Міне, есімдері жоғарыда аталған жерлестеріміз алдағы уақытта UFC-де күш сынасып, аралас жекпе-жек әлемінде өздерін түбегейлі мойындатады деп үміттенеміз.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН.