«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Саңлақтардың көздегені — UFC

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

UFC-де Шавкат Рахмонов, Жалғас Жұ­ма­ғұлов, Мария Агапова және Сер­гей Морозов сынды еліміздің санаулы ғана спортшысы бар. Олар­дың қатарына шетелдік қандастары­мызды қосуға болады. Атап айтсақ, Қытайда дүниеге келген Сайран Нұр­данбек пен Мақсат Қайсар, Ресейдің Орынбор өлкесінде туып-өскен Да­мир Исмағұлов күш сынасып жүр. Сәл ертеректе Жұмабек Тұрсын өнер көрсетті. Қаны бір қазақ болған­нан кейін бұл азаматтардың да та­бысы бізге ортақ. Өз жерлестеріміз­бен қатар, солардың да әрбір жеңісі­не қуанамыз.

Қазіргі кезде тек Шавкат Рахмо­нов қана қарсыластарын қоғадай жа­пырып келеді. Күні кеше Лас-Вегаста америкалық Джефф Нилді үшінші раундта қылқындырып, жеңіске жетті. Дамир Исмағұловтың да аяқалысы жақсы еді. Қатарынан бес кезде­суде жеңіске жеткен ол былтырғы жылдың желтоқсан айында ресейлік Арман Царукяннан ұпай санымен ұтылған соң UFC-ден кететінін мәлім етті. Ал өзге спортшыларымыздың өне­рі ала-құла. Жалғас Жұмағұлов әлемнің ең белді промоушеніндегі алты жекпе-жегінің бе­сеуінде жеңі­лістің кермек дәмін татты. Осы орай­да Жалғас төрешілердің әділет­сіздігі­не төзе алмайтынын айтты. Сөйтіп, UFC-дегі файтерлеріміздің қатары бірте-бірте кеміп келеді. Сол себепті де жекпе-жек десе, қандары қыз-қыз қайнап, деле­белері қозатын жан­күйерлерді “Ал­дағы уақытта жоғарыда есімдері аталған спорт­шылардың орнын кімдер басады?” деген сауал ерекше толғандырып жүр. Енді осы сұраққа жауап іздеп көрейік.

Ең бірінші кезекте Асу Алмабаев­ты атап өткен жөн. 29 жастағы сақа спорт­шы осы спорт түрін серік ет­келі 10 жылға жуықтады. Тұсаукесер кездесуінде ол ресейлік Вадим Бу­сеевті ұпай санымен ұтты. Одан кейін үш жылдай октагонда көрінбеді. 2016 жылы қайта оралып, түрлі жа­рыстарда Елдос Қалиев, Олег Эдик және Галамырза Айвазовты айқын ба­сымдықпен жеңді. Келесі жыл Асу үшін сәтсіз болды. “Fight Nights Global” мен “Алаш Прайд” промоушен­дері ұйымдастырған екі бірдей дүбір­лі додада қандасымыз жеңіліс тап­ты. Махачкалада ол Тагир Уланбе­ков­ке, Алматыда Мехман Мәмедовке жол берді. Бұл сәтсіздіктерден да­рынды жас жақсы сабақ алды. Есе­сіне одан кейінгі алты жылда 13 жек­пе-жек өткізіп, барлығында жеңіс тойын тойлады. Алмабаевтан таяқ жегендер арасында Александр Дос­кальчук та бар. Украиналық файтер кезінде Санкт-Петер­бургте өткен “M-1 Challenge 92” турнирінің басты бәсекесінде біздің тағы бір мықты спорт­шымыз Арман Әшімовті ұтқа­нын жан­­күйерлер жақсы біледі. Ала­тау баурайын­да ұйымдастырылған турнирде Асу Дос­кальчукті “қылқындыру” әдісімен жеңді.

Кезінде “M-1 Global” және “NAIZA” ұйымдарының теңдессізі деп танылған Асу Алмабаев соңғы уақытта іргетасы Таяу Шығыста қа­ланған “BRAVE CF” про­моушенінде сәтті өнер көрсетіп жүр. Тіпті оның чемпиондық белбеу үшін таласатын мүмкіндігі де бар. Бірақ Алмабаевқа бұл атақ қажет пе? Асудың арманы – UFC-де күш сынасу және де ол сол жоспарын жүзеге асырғанша тын­бай­тын секілді. Күні кеше ғана ол Шавкат Рахмоновпен бірге АҚШ-қа аттанып, әлемнің ең белді промоу­шенінде өнер көрсетіп жүрген коман­далық әріптесінің Джефф Нилға қарсы жекпе-жекке жақсылап даярлануына өз үлесін қосты. Асу UFC-мен келісім жасасқаны хабарланды, бі­рақ қашан жекпе-жекке шығатыны жа­рияланған жоқ.

Айқас алаңында өрелі өнерімен көзге түсіп жүрген Азат Мақсұм жайында “Бүгін, ертең ол UFC-мен ке­лісімшартқа оты­рады” деген сыңай­да әңгіме жиі айтылып жүр. 27 жаста­ғы қазақ файтері Дана Уайттың ко­ман­дасында болуға әбден лайық. Оның аралас жекпе-жекпен айна­лыс­қа­нына алты жылдан асты. Сол аралықта 16 кездесу өткізіп, барлы­ғында жеңіске жетті. Алғашқы алты бәсекеде Азат өз отандастарымен айқасса, кейіннен небір мықты шетел­дік спортшыларды сабады. Солардың қатарында Бразилияның “ұр да жықтары” да бар. Мәселен, осы жылдың 21 қаңтарында Алматыдағы Ба­луан Шолақ атындағы спорт са­райын­да өткен жарыста Мақсұм бұған дейін ешкімге есе жібермеген оң­түстікамерикалық Фа­брицио Нуньесті бірінші раундта-ақ “қылқын­дыру” әдісімен жеңді.

“Ескі гвардияның” өкілдері ара­сынан Қайрат Ахметов, Артем Резников және Арман Әшімовті бөле-жара атасақ, еш айыбы жоқ. 35 жастағы Ах­метов 2010-2015 жылдар аралығын­да өткізген алғашқы 23 кездесуінде қар­сылас шақ келтірмей, көп­шілік на­зарын өзіне аударды. Әр же­ң­ісінен кейін “Қара жорға” би­лейтін жігітке деген жан­күйер­­лер­дің де құрметі ерекше. Сол ара­лықта Алматы об­лысы, Сар­қан ауданы, Бақалы ауылы­ның тумасы Син­гапурдың “ONE FC” деп аталатын белді ұйымының чем­пиондық белбеуін иеленді.

31 жастағы Артем Резников 2016-2017 жылдар аралығында қа­тарынан бес рет жеңілгенде, көрер­мендер одан күдер үзе бастаған еді. Бірақ шығыстың шымыр жігіті өзінің ерен еңбегі мен та­бандылығының арқасында көздеген ма­қсатына қол жеткізді. Одан кейін ол қата­рынан 10 қарсыласын қапы қалдырды. Қазіргі кезде Артем Шешенстанның АСА про­моушені ұйымдастырған жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайтын Гран-при бәсекесіне қатысып, ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Енді отанда­сымыз финалда Ресейдің туы астында өнер көрсететін армян жігіті Эдуард Вартанянмен айқасады. Осы бәсекеде жеңіске жеткен спортшы чемпиондық белбеумен қатар 200 мың долларды қал­таға басады.

Арман Әшімовті жұрт жақсы біледі, жақсы көреді. Себебі ол жең­се де, жеңілсе де өзін бірқалыпты ұс­тайды, еш уақытта асып-тасымайды. Үнемі күліп, жайдары жүреді. “Мұс­тафа Өзтүрік” деген лақап есіммен шығып жүрген 31 жастағы қазақтың қайсар ұлы 15 бәсекенің үшеуінде ғана жеңіліс тапты. 11 жекпе-жекте же­ңіске жетіп, тағы бір тартыс тең аяқталды. 10 қарсыласын нокаутқа жіберді. Бір айта кетерлігі, Арман – әмбебап спортшы. Ол аралас жекпе-жекпен қатар, жалаң қолмен жұды­рықтасуға да машықтанып жүр. Ал­дыңғы жылы Киевте Әшімовтің жер­гілікті спортшы, бокс­тан халықара­лық дәрежедегі спорт шебері Тимур Белякты бір соққымен сұлатып салғанын көзіміз көрді. Сондай-ақ қан­дасымыз был­тырғы жылдың ая­­ғында Алматыда кәсіпқой бокс­тан да жекпе-жек өткізіп, гру­зия­лық Бухути Татиашвилимен тең түсті.

Жоғарыда есімдері аталған­дардың қатарына Асылжан Ба­қыт­жанұлын да қосуға болады. “Алаш Прайд” пен АСА ұйымдарының мұ­рындық болуымен өткен жарыстар­да жанкештілігімен көзге түскен ол 18 кез­десудің 14-ін өз пайдасына шешті. 10 қар­сыласын кескен терек­тей сұлатып салды. Тіпті жеңілген жағдайдың өзінде Асылжанға ешкім өкпе айтпады. Өйткені қан­дасымыз әр кез “өліспей беріспеуге” бекініп, төрешілер тоқтатқанға дейін ай­қасады.

Кезінде Арман Оспановтың да UFC-де күш сынасатындай мүмкін­дігі болды. Түркістан облысы, Төле би ауданының тумасы 2012-2017 жыл­дар аралығында бірде-бір рет же­ңіл­ген жоқ. Алматыда Руслан Ха­даев пен Джеймс Ризді, Сочиде Алексей Полпудниковті және Санкт-Петербургте Тайчи Накадзиманы қалай жеңгені жайында жұрт әлі де әңгі­мелеп жүр. Міне, сол кезде амери­калық промо­ушеннің өкілдері Ар­манға назар аударды. Бірақ қанда­сымыз түрлі себептерге байланыс­ты мұхиттың арғы бетіне бара алмады. Одан кейін бағы жанбады ма, әлде бабы кем болды ма, әйтеуір, Оспанов жиі сүріне бастады. 2017 жылдың күзінен 2021 жылдың жазына дейінгі аралықта алты рет октагонға шыққан Арман сол бәсекелердің төртеуінде жеңілді. Оның Алексей Полпудни­ковке екі рет және бразилиялық Тиаго Луис Бонифацио Сильваға әлі жетпеді. Қазақ спортшысы 2019 жылы Мәскеуде Германияда тұрып жатқан шешен жігіті Лом-Әли Эскиев пен 2020 жылы Алматыда дағыстан­дық Расул Мирзаевтың тас-талқанын шығарғанда бір шаттанып қал­ған едік. Алайда Ос­панов 2021 жыл­дың 10 маусымында Нью-Джерсидегі өзінің соңғы жекпе-же­гін­де аме­рикалық Крис Уэйдке есе жі­берді.

Қазіргі кезде елімізде промоу­терлік компаниялардың қатары кө­бейіп келеді. “Алаш Прайд”, “Найза”, “Ок­тагон”, “Әлем файтерс” және тағы басқа ұйымдар қар­қынды жұ­мыс істеп жатыр. Олар­дан бөлек, бір­қатар шетелдік промоушен біздің елде дүбірлі додалар өткізуді жақ­­сы бір дәстүрге айналдырды. Соның ар­қасында дарынды жастар мен жа­лынды жігіттердің қалың шоғыры шыға бастады. Бүгінгі таңда жан­күйерлер тарапынан Әліби Ыдырыс, Қаршыға Дәуітбек, Магомед Кабар­диев, Әли Қабдолла, Дияр Нұрғожай, Сәбит Жүсіпов, Мұқағали Несіпбай, Василий Тахтай, Николай Самсуев, Дамир Төленов сынды файтерлер жайында жылы пікірлер айтылып жүр. Міне, есімдері жоғарыда атал­ған жерлестеріміз алдағы уақытта UFC-де күш сынасып, аралас жекпе-жек әлемінде өздерін түбегейлі мойындатады деп үміттенеміз.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp