Облыс әкімі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Есіл және Қызылжар аудандарына барып, ауылдардың ахуалымен, шаруашылықтардың жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесті.
Есіл ауданында орналасқан “Атамекен Агро Корнеевка” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1350 бас сиырға арналған тауарлы-сүт фермасын салып жатыр. Жобаның құны – 11,5 млрд. теңге. Жылдық қуаттылығы – 6000 тонна. “Орайын тапқанға мал шаруашылығы да – табысты сала. Мемлекет тарапынан қолдау көп, ең бастысы, сүт өнімдеріне сұраныс мол”, – деген өңір басшысы агроқұрылым жетекшілерімен кездесіп, егіс науқанына дайындық барысын сұрады.
Егіс кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау маңызды. Әкім Волошинка ауылдық округінде өрт сөндіру бекетінің жұмысымен танысты. “Пушкинское” ЖШС-ның директоры Николай Козленко серіктестіктің екі өрт сөндіру машинасы бар екенін айтты. Қажет болған жағдайда көршілес аудандар мен елді мекен тұрғындарына да көмек көрсетеді. Дәрігерлік амбулатория талапқа сай жабдықталған. Серіктестіктің қаражаты есебінен 11 млн. теңгеге жөнделіпті. Кадр тапшылығы жоқ. Медициналық қызметпен жақын маңдағы елді мекендер де қамтылған. Облыс әкіміне медициналық қызметтерді кеңейту, тіс емдеу кабинетін ашу, күндізгі стационарға арналған кереуеттер санын көбейту жөнінде өтініштер айтылды. Тұрғындармен жүздескенде су желісі мен жолдарды қалпына келтіру, ауыл шаруашылығын дамыту, несие беру, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселелері де талқыланды.
Мәдениет үйінде тұрғындар алдында есеп берген ауылдық округ әкімі Виталий Кочергин атқарылған іс-шаралармен қатар алдағы жоспарларын да баяндады. Округ құрамындағы үш ауылда 915 адам тұрады. Олардың дені 4 ауыл шаруашылығы құрылымында жұмыс істейді. “Пушкинское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – округтегі ең ірі серіктестік. 18 мың гектар егістік алқабы бар, тұрақты жұмысқа 162 адам тартылған. Орташа еңбекақы – 215 мың теңге.
“Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында асылтұқымды ірі қара әкелу жөнінде екі жоба жүзеге асырылмақ. “Бизнес бастау” жобасы аясында да екі тұрғын кәсіпкерлік негіздерін оқуға өтінім берген. Ағаш өңдеу бойынша екі жобаны іске қосу жоспарланған.
– Бюджет есебінен Ивано-Петровка ауылында 18 млн. теңгеге спорт кешені және 1,2 млн. теңгеге балалар ойын алаңы орнатылды. Волошинкада ауылішілік жолдарды орташа жөндеуге жобалық-сметалық құжат дайындалды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жалпы сомасы 8 млн. теңгеге инертті материалдар сатып алынды. Осы жұмыстарды атқаруға аудандық бюджеттен 7 млн. теңге бөлінді, – деді ауылдық округ әкімі Виталий Кочергин.
Жиында жайылымдар мен шабындықтардың жетіспейтіндігі айтылды, тұрғындар интернет пен ұялы байланыстың сапасыздығына шағымданды. Ауылдық округ аумағында 2500 га жайылым бар екен. Бұл мәселе шешілетінін айтқан өңір басшысы аудан әкіміне интернет пен ұялы байланыс мәселесін қысқа мерзімде шешуді тапсырды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына жемшөп дақылдарының көлемін ұлғайтудың маңыздылығына тоқталды.
– Жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету үшін сүт фермаларын салу қажет. Жаңа үйлер салғанда суға дейін тартып беру керек. Кей шаруа қожалықтары осы әдісті қолдана бастады, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
“Пушкинское” және “Дальное” ЖШС-ның басшылары Николай Козленко мен Николай Плетнев мемлекеттік-жекешелік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндады. Ал аудан әкімі Медет Оспанов сапалы ауыз-суға байланысты туындаған сауалдарға жауап берді. Сметалық құны 5,8 млрд. теңге болатын “Преснов су құбырын қайта жаңарту” жобасы аясында 13 ауылға, оның ішінде Волошинка және Ивано-Петровкаға су тарту жоспарланған.
Өңір басшысы кездесуді қорытындылай келіп, агроқұрылым иелеріне әлеуметтік жауапкершілікті күшейтуге, адамдарды жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтып, лайықты еңбекақы төлеу керектігін айтты. Ауылдағы ағайынға жайлы жағдай жасалса, көптеген мәселелер өздігінен шешіледі. Мемлекет инфрақұрылымды жаңғыртуға көмектесіп, ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдауға әзір.
Осы күні облыс әкімі Айдарбек Сапаров Қызылжар ауданына барды. Жұмыс сапары барысында Архангельск ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектерін мұқият тыңдады. Түйткілді проблемалардың бірқатары сол жерде шешімін тапты.
Округ құрамындағы екі ауылда 8 кәсіпкер егін егумен, көкөніс өсірумен, мал шаруашылығымен айналысады. Мәселен, “Ер Агро” ЖШС-ы 3860 гектарға егін егіп, 400-ге жуық ірі қара өсіреді. Шаруашылық директоры Анатолий Шушамоин орташа еңбекақы – 187 мың теңге екенін айтты. Жыл қорытындысы бойынша сыйақы төленеді. Биыл еңбекақыны 220 мың теңгеге дейін көбейту көзделген. Былтыр астық өнімділігі 16,6 центнерге жетіпті. 84362 млн. теңге жеңілдікті субсидия рәсімделіп, бюджетке 28416 млн. теңге салық төленген. Тұрақты түрде еңбек ететін жұмысшылардың саны – 37.
Ауылдықтар жолдың жайын, ауызсудың тапшылығын, қоғамдық көліктің жоқтығын айтып шағымданды. Тұрғындарды облыс орталығы түгілі Бескөлге жеткізер қоғамдық көліктің жоқтығы назаландырады. Облыс, аудан орталығынан дәрі-дәрмек пен азық-түлік алу үшін жаяулап-жалпылап күре жолға шығып, көлік тоқтатуға мәжбүр.
– Ауданның әр ауылына тұрақты көлік қатынасын ашу қажет. 1 шілдеден бастап бұл елді мекенге автобус қатынауы тиіс, – деген Айдарбек Сейпілұлы шаруашылықтарға бірлесіп, “Газель” көлігін сатып алуды ұсынды. Ал мемлекет өз кезегінде шығынның бір бөлігін өтейтін болады. Өңір басшысы мердігерлер анықталса, су тарту жұмыстары басталатынын айтты. Топтық сумен қамтамасыз етуде қиындықтар бар екенін жасырмады. Республикалық Су комитетімен бірлесіп, кешенді іс-шаралар тізбегі жасалған. Новокаменканың жолын жөндеуге қажетті 116 млн. теңге облыстық сессияда қаралып, шешілетін болады. Архангельскінің бір көшесін асфальттауға да қаржылық көмек беріледі.
Жиында сөз алған ақсақалдар алқасының мүшесі Әлім Төлебаев 11 жылдық аралас мектеп жанындағы шағын орталықта қазақша топтың жоқтығына қынжылды. Өңір басшысы облыстық білім басқармасының басшысына бұл мәселені 1 қыркүйекке дейін шешуді жүктеп, тұрғындар мен жергілікті билік туындаған сұрақтарды бірге шешсе, кез келген мәселенің жауабы табылатынын айтты.
– Білім беру, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау салаларына қаржы жеткілікті түрде қарастырылған. Түйткілді мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді. Кей күрделі жайттар уақытты қажет етеді. Алда атқарылатын шаруалар жетіп артылады. Әрқайсысы рет-ретімен шешіледі, – деген өңір басшысы жеке кәсіппен шұғылданамын деушілерге 2,5 пайызбен шағын несие берілетінін атап өтті.
Мираш ӘБУОВ.
Алдияр АЙТПАЕВ.