«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХАМЕН САУДА-САТТЫҚ АРТА ТҮСПЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Саха республикасының инвестицияларды тарту және экспортты қолдау агенттігі өкілдерінен құралған делегация облысымыздағы бірқатар өндіріс орнын аралады. Ондағы мақсат – арадағы қарым-қатынасты нығайтып, өзара тәжірибе алмасу. Шетелдік меймандар алдымен Петропавлдағы “Alageum Electric” зауытында болды.

Еліміздегі ірі компаниялардың бірі – “Alageum Electric” зауытының филиалы өңірімізде осыдан екі жыл бұрын ашылған. “Қызыл­жар” арнайы экономикалық айма­ғында орналасқан кәсіпорынға 10 млрд. теңге инвестиция құйылған. Зауыт жылына 15 млрд. теңгенің 13 мың электротехникалық өнімін шыға­рады. Қондырғылардың 98 пайызы ТМД елдеріне экспортқа жөнелтіледі. Шығарылатын өнімдердің қатарында 6, 10, 35 кВ болатын трансформатор­лар мен жоғары вольтты ұя­шықтар бар. Алдағы уақытта мұнда қосымша тағы 2 жоба іске асырылмақ.

“Зауыттың әлеуеті зор. Алда­ғы уақытта кәсіпорынмен байланыс орнатуды жос­парлап отырмыз. Бұл жерде шығарылатын трансформатор­лар Ре­сей, Қырғызстан секілді көптеген мемлекеттерде сұранысқа ие. Петропавлға өз маманда­рымызды да жіберіп, тәжірибелерін шыңдауды көздеудеміз”, – деді Саха республикасы инвестицияларды тарту және экс­портты қолдау агенттігінің директоры Анна Стручкова.

“Зенченко және К” командиттік серіктестігі еліміздегі сүт өңдейтін ірі кәсіпорындардың қатарына кі­реді. Серіктестіктің тыныс-тіршілігі­мен Саха республикасынан кел­ген делегация да танысты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша зауыт 146 мың тоннадан астам сүт өңдеп, 36 мың тонна дайын өнім шығарды. Бүгінгі күні компания 32 түрлі сүт өні­мін саудалайды. Кәсіп­орында 182 маман еңбек етуде. Шетелдік меймандар бола­шақта өз елдерінде дәл осындай кәсіпорын ашуды жоспарлап отырғандарын айтты.

“Біздің негізгі тұтынушылары­мыз Қызылжар және Астана қаласы­ның тұрғындары. 60-70 тонна дайын өнім күн сайын елордаға жөнелтіледі. Бұдан бөлек, Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Саха республикасымен де бірге жұ­мыс істеуге дайынбыз. Ондағы жас мамандарды оқытып, кәсіпорында тәжірибеден өткізу жағын қарастырудамыз”, – дейді “Зенченко және К” командиттік серіктестікке тиесілі сүт зауы­тының директоры Виктор Сухов.

Кейін меймандар Қызылжар ауданының Чапаев елді мекеніндегі 700 басқа шақталған “Қызылжар сүт” тауарлы-сүт фермасына барды. Нысан 2019 жылы ашылған. Қазір мұнда бір сиыр тәулігіне ша­мамен 27 литр сүт береді. Көптеген кәсіпкерлер ірі қара өсіруде Симменталь тұқымды сиырға ба­сымдық береді, өйткені малдың бұл түрі біздің ауа райына бейімделген әрі жемшөп талғамайды. Сиырлар негізінен Австриядан, Чехиядан және Германиядан әкелінеді.

“Біз өз елімізде осындай кешен ашып, “Зенченко және К” секілді сүт өңдейтін зауыт салмақ ойымыз бар. Сіздердің маман­дары­ңыздың ақыл-кеңесі ауадай қажет болады. Бірқатар өндіріс ор­нын ара­ладық. Қатты ұнады. Сол­түстік Қазақстан облысының кәсіпкер­ле­рі мал шаруашылығы саласы­ның қыр-сырын жақсы білетіні көрі­ніп тұр. Барлығы автоматтанды­рылған, за­манауи қондырғылар ор­натылған. Біз де осы тәжірибені қолдансақ па дейміз”, – деді Анна Стручкова.

Майгүл СЕЙІЛБЕК.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp