Саха республикасының инвестицияларды тарту және экспортты қолдау агенттігі өкілдерінен құралған делегация облысымыздағы бірқатар өндіріс орнын аралады. Ондағы мақсат – арадағы қарым-қатынасты нығайтып, өзара тәжірибе алмасу. Шетелдік меймандар алдымен Петропавлдағы “Alageum Electric” зауытында болды.
Еліміздегі ірі компаниялардың бірі – “Alageum Electric” зауытының филиалы өңірімізде осыдан екі жыл бұрын ашылған. “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорынға 10 млрд. теңге инвестиция құйылған. Зауыт жылына 15 млрд. теңгенің 13 мың электротехникалық өнімін шығарады. Қондырғылардың 98 пайызы ТМД елдеріне экспортқа жөнелтіледі. Шығарылатын өнімдердің қатарында 6, 10, 35 кВ болатын трансформаторлар мен жоғары вольтты ұяшықтар бар. Алдағы уақытта мұнда қосымша тағы 2 жоба іске асырылмақ.
“Зауыттың әлеуеті зор. Алдағы уақытта кәсіпорынмен байланыс орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл жерде шығарылатын трансформаторлар Ресей, Қырғызстан секілді көптеген мемлекеттерде сұранысқа ие. Петропавлға өз мамандарымызды да жіберіп, тәжірибелерін шыңдауды көздеудеміз”, – деді Саха республикасы инвестицияларды тарту және экспортты қолдау агенттігінің директоры Анна Стручкова.
“Зенченко және К” командиттік серіктестігі еліміздегі сүт өңдейтін ірі кәсіпорындардың қатарына кіреді. Серіктестіктің тыныс-тіршілігімен Саха республикасынан келген делегация да танысты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша зауыт 146 мың тоннадан астам сүт өңдеп, 36 мың тонна дайын өнім шығарды. Бүгінгі күні компания 32 түрлі сүт өнімін саудалайды. Кәсіпорында 182 маман еңбек етуде. Шетелдік меймандар болашақта өз елдерінде дәл осындай кәсіпорын ашуды жоспарлап отырғандарын айтты.
“Біздің негізгі тұтынушыларымыз Қызылжар және Астана қаласының тұрғындары. 60-70 тонна дайын өнім күн сайын елордаға жөнелтіледі. Бұдан бөлек, Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Саха республикасымен де бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Ондағы жас мамандарды оқытып, кәсіпорында тәжірибеден өткізу жағын қарастырудамыз”, – дейді “Зенченко және К” командиттік серіктестікке тиесілі сүт зауытының директоры Виктор Сухов.
Кейін меймандар Қызылжар ауданының Чапаев елді мекеніндегі 700 басқа шақталған “Қызылжар сүт” тауарлы-сүт фермасына барды. Нысан 2019 жылы ашылған. Қазір мұнда бір сиыр тәулігіне шамамен 27 литр сүт береді. Көптеген кәсіпкерлер ірі қара өсіруде Симменталь тұқымды сиырға басымдық береді, өйткені малдың бұл түрі біздің ауа райына бейімделген әрі жемшөп талғамайды. Сиырлар негізінен Австриядан, Чехиядан және Германиядан әкелінеді.
“Біз өз елімізде осындай кешен ашып, “Зенченко және К” секілді сүт өңдейтін зауыт салмақ ойымыз бар. Сіздердің мамандарыңыздың ақыл-кеңесі ауадай қажет болады. Бірқатар өндіріс орнын араладық. Қатты ұнады. Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері мал шаруашылығы саласының қыр-сырын жақсы білетіні көрініп тұр. Барлығы автоматтандырылған, заманауи қондырғылар орнатылған. Біз де осы тәжірибені қолдансақ па дейміз”, – деді Анна Стручкова.
Майгүл СЕЙІЛБЕК.