“Amanat” партиясы ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында “Halyk Bank”-пен бірлесе отырып, “Қарызсыз қоғам” жобасын іске қосты. Оның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру. Жобаға қатысуға өтінім 2 мамырдан бастап қабылданып, жыл соңына дейін жалғасады.
Қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша тегін курс республикалық саяси ұйымның аудандық филиалдарында өтеді. Курсқа келгендер 5 күн оқиды. Әр топ 30-50 адамнан жасақталады. Бір айда 3 топ оқыту жоспарланып отыр.
Оқу бағдарламасы несие бойынша қарыздары бар және борышкерлер тізіміндегі адамдар, дәл қазіргі уақытта несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен берешектері жоқтар, жеңілдікпен несие алып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған.
Жоба аясында ауылдық елді мекендердің 80 мыңға жуық тұрғынын қамту жоспарланған. Қатысушылар өз қаражатын тиімді басқаруды және шығынды оңтайландыруды, қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын, несиелік қарыздар санын азайтудың қандай жолдары барын, алаяқтық әрекеттерден сақтануды үйренеді.
“Қарызсыз қоғам” жобасының алғашқы кезеңінде еліміздің 8 өңірі – Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстары қамтылады.
Ілияс СӘБДИНОВ,
“Amanat” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.