Қоғамдық-гуманитарлық бағытта жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылар арасындағы республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі 18 сәуірде басталып, 21 сәуірде аяқталады. Зияткерлік жарыстың бұл сайысына өңірден үздік деп танылған 37 үміткер қатысады, олардың 15-і – ауыл мектебінің оқушылары.
Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары Қуаныш Белгібайдың айтуынша, былтырғы бәсекеде оқушылар 1 алтын, 4 күміс, 19 қоланы олжалапты. Бұл жолы талапкерлер 9 пән бойынша сынға түседі. Академиялық адалдық пен ашықтықты сақтау мақсатында олимпиада барысын Оқу-ағарту министрлігінің, білім саласындағы сапаны қаматамасыз ету департаментінің, “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының өкілдері қадағалайды. Олимпиада өтетін орын бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, іс-шара онлайн-режімде көрстіледі.
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы Адэля Дулатова өз бағын орыс тілі және әдебиеті пәнінен сынамақ. 4 жыл қатарынан зияткерлік жарысқа қатысып жүрген ол былтыр республикалық кезеңде 2-ші орынды иеленген болатын. Болашақтағы мамандығын осы пәнмен байланыстырмақ. Эссе жазуға көп уақытын арнапты.
Республикалық кезеңде облыс намысын қорғап жүрген оқушылардың білім деңгейі жылдан жылға артып келеді. Зияткерлік жарысқа қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізген оқушылар халықаралық олипиадаларға қатысуға мүмкіндік алады.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.