Заман қанша құбылып, небір қиындықтарын алға тосса да, жаңа өзгерістерге ұмтылып, ұлы уақыт көшіне жұтылып кетпей келе жатқан құтты қоныстың бірі – Мектеп ауылы. Түкпірдегі елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысып қайтуыма бірден-бір себепкер болған – осы елдің тумасы, қадірменді ақсақал Әлім Төлебаев. “Алдындағы малымен, жүрген ескі заңымен, не екенін білмеймін, сол ауылды сүйемін”, – деп Мағжан ақын жырлағандай, малға да, жанға да құт Есіл өзенінің сағасына қонған 50 үйлі елді мекен тұрғындарының өздеріне тән парасат-пайымы, болмысы сырт көзге бірден аңғарылады. Киелі шаңырақтың не себепті бұлай аталуының өзіндік сыры бар. Тарихқа шегініс жасасақ, өткен ғасырдың 30-шы жылдары Бозбала, Саяғаш, Көкшұңқыр, Қосағаш, Әйтімбет, Дауымбай қоныстарын жайлап, осы жерлерде кіндік қаны тамған азаматтар ұжымдасып, “бір жеңнен қол, бір жағадан бас” шығаруға пәтуаласқан. Көрші орыс селосы – Николаевкадан бір бай көпестің қарағайдан қиып салған зәулім үйін бұзып әкеліп, мектеп тұрғызған. Кейін оны Ленинге (қазір Ысқақ Ыбыраев) “алып кетіп”, құрылыс материалдарын интернат салуға пайдаланған. Сонда да ескінің көзіндей болып бір жұрнағы сақталып қалған. Ол – арада бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге дейін оқушылардың қажетіне жарап тұрған шеберхана. Алғашқыда “Мектеп” ұжымшары ретінде құрылып, кейін “Новопокровка”, “Тереңсай”, “Алматы” кеңшарларының бөлімшесіне айналған. Еліміз егемендігін алып, жеке-дара мемлекет ретінде етек-жеңін енді жинай бастаған, экономикасы шатқаяқтап тұрған елең-алаң шақта картадан сызылып, жойылып кете жаздаған. Көне көз, құйма құлақ қариялардың айтуларынша, ауылдың жадау тұрмысы, жүдеу кейпі көпшіліктің сағын сындыра қоймаған. Құлаққа ұрған танадай жым-жырт тіршілікке қан жүгіртіп, келешекке деген үміт отын жағуға ұмтылған үлкендер жағы “бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай” бірігіп, отбасы мен бала-шағаны асыраудың оңтайлы жолдарын іздестірген. Бірі комбайнның қаңылтырынан шелек, леген, енді бірі үйеңкі ағашынан доға иіп, бірі домбыра жасап, қарасудан балық аулап, бала-шаға нәпақасын айырды. Не керек, ернеуінен асып төгіліп, өткел бермес асау өзендей толқи аққан уақыт құдыреттің өзін еріктеріне бағындыра білген, қарашаңырақты шайқалтпай сақтап қалған табандылық, шыдамдылық, мақсаткерлік қасиеттері сүйсіндірмей қоймайды. Ағайынды Мұқановтар, Ахмадиндер, Төлебаевтар, Сейтбековтер, Байлиндер, Бәйкеновтер, Әбілмәжіновтер, Қапаровтар, Қалиевтер, тағы басқа әулеттер ерінбеген жанның еңбегі жанатынының үлгі-өнегесін көрсеткен. Тарап кетудің аз-ақ алдында тұрған ауылдың түтіні түзу ұша бастаған. Алдарынан жұмыс үркіп отыратын қайратты азаматтар ала жаздай шөп шауып, отын-суын қамдап, артылғанын өзгелерге пұлдап, нарық заңына ыңғайланған. Берісі Өрнек, Қаратал, Ыбыраев, әрісі Волошинка, Ақсу, Лузинка, Черуновка тұрғындарын қамтамасыз еткен. Осы кезге дейін асар әдісімен 30 баспана бой көтерген. Бүгінде әр үйде – бір-бір трактор бар, таңның атысынан күннің батысына дейін еш тыным жоқ. Шөп те шабады, отын-су да тасиды. Қай жерде жұмыстың “құлағы” қылтиса, құсша ұша жөнеледі. Қолы қимылдағанның аузы қимылдайтынын жақсы түсінгендіктен, кергімейді, міндетсімейді. Әйтпесе, туыстан, бауырмалдықтан ажырап бара жатқан бүгінгідей қым-қуыт, адам баласы түсініп болмас аласапыран, болжаусыз заманда қалың шаңның астында көміліп қалу оп-оңай. Көмекке зәру көпбалалы отбасылардың, қарттардың өтініш-тілектері екі етілмей, тап-тұйнақтай орындалады.
Ауылдан ешкімнің көшкісі жоқ. Керісінше, “Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасы аясында сонау киелі Түркістан төрінен бірнеше отбасы қоныс тепкен. Ол туралы 9 жылдық мектептің директоры Талғат Қосаев айтып берді. Білім ошағында 32 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 14-і – мұғалім.
– Есімдері мақтанышпен аталатын жерлестеріміз Кәрім Есмұқанов, Әміржан Қалиев, Думан Нұрғалиев, Қорған Әйіпұлы, Ерлік Есләмбек, тағы басқалары сыртта жүрсе де, қамқорлығын аяған емес. Бірнеше компьютер мен ноутбук сыйлады. Басқа да азаматтардың және аудандық әкімдіктің қолдауымен парталар, шкафтар ауыстырылды, жаңа линолеум төселді. “Ақылды пеш” орнатылды. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша жұмысқа қабылданды. “Уақытша отбасы” бағдарламасы арқылы мектебіміз 12 балаға толықты, – деген Талғат Қабжанұлы бізді күнгейден қоныс аударған отбасылармен таныстырды.
Бастауыш сынып мұғалімі Сая Өксікбаева осында оқу ісінің меңгерушісі болып істейтін курстасы Айгүл Махметованың шақыртуымен былтыр ат басын тіреген. Өзімен бірге қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, түркістандық Жазира Жалмұрзаеваны ерте келген. Саяның – төрт, Жазираның үш баласы бар. Саяның сіңлісі де мектепте еңбек етеді. Жазира “Уақытша отбасы” бағдарламасы шеңберінде сіңлілерінің екі баласын бауырына басқан. 35 жыл жұмыс өтілі бар орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлнара Зайноллақызы Астанада тұратын Қанат, Дияс есімді жиендерін алып келген. Айнаш Базарбаева да – жобаға белсене қатысушылардың бірі. Бұған дейін облыс орталығында оқыған жиені Айданға қазақ мектебіне қатынау өте қиынға соққан. Әжесінің тілін алып, ауылда оқуға келіскен. 8-сынып оқушысы – 50 шақты қой, 4-5 сиыр өргізген атасының қолғанаты. Осында келгелі еңбекпен шынығып, ана тілінде жатық сөйлейтін болған. Міне, мектепте оқушы санының 39-ға жетуінің басты сыры – осы. Әйтпесе, жабылып қалар ма еді?
Ауылдың негізгі күн көрісі–төрт түлік мал. Жер телімін жалға алушылар “балапанды күзде санар” уақытта ғана төбе көрсететін көрінеді. Оның өзінде пай үлестірер кезде “қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатып” келеді екен. “Барға қанағат, жоққа салауат” айтып үйренген тұрғындар бергенге риза, артық сұрап арларын сатқан емес.
Ауылдың үлкені де, сыйлысы да – сексеннің сеңгіріне көтерілген Тұяқ Сейітбеков. Негізгі мамандығы – механизатор. Кәмила әжей – 12 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген “Батыр ана”. 1993 жылы ағайынды бес отбасы бірігіп, алғашқы шаруа қожалығын құрған. Кейін шаруашылықты кеңейтіп, егістік алқапты 700 гектарға дейін жеткізген. Бүгінде шаруа қожалығына ұлы Ербол ие болып отыр. Техникалар толық жаңаланған. Сыйымдылығы 2 мың тонналық қырман қалпына келтірілген. 100-ге жуық қой, 30 шақты жылқы, осынша ірі қара өсіреді. Қайырымдылық шараларымен де айналысады. Күнгейден қоныс аударған отбасының біріне баспана салып берген.
Мектепте шаруашылық меңгерушісі болып істейтін Темірболат Мұқанов – игілікті істердің ұйытқысы, жастардың ақылшысы. Өмірден көрген-түйгені мол. Бастапқыда үлкен ағасының ұйғарымымен “Ағайындылар” серіктестігін құрған. Алайда ауыртпалық еңсе көтертпей, жерді “Атамекен-Агро” ЖШС-ға беруге тура келген. Пай үлесін заттай, астықтай алып тұрады. Өзі болса, қосалқы шаруашылықпен айналысады, 60-қа жуық саулық қой, 10-15 сиыр ұстайды.
Жаңабай Сейдахметов, Нұрбек Бейсенбаев сияқты атпал азаматтар атакәсіпті жандандырып, тыным таппай жүрсе, олардың орталарына жас отбасылардың орала бастауы да қуантады. Солардың бірі – Рауан Серікұлы. Орда бұзар жастан енді асқан оның талабы таудай. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін алғашқы әскери дайындық мамандығы бойынша бітіргеннен кейін Петропавл қалалық классикалық гимназиясында жұмыс істей жүріп, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінен несие рәсімдеген. Бес асылтұқымды бұқа сатып алып, табынға қосқан. Ондағы мақсаты – жергілікті сиырлардың сапасын арттыру. Аз уақыттың ішінде ісін дөңгелетіп, қыр-сырына төселе бастағанда Үкімет тарапынан жеңілдікті субсидия беру тоқтатылып, не істерін білмей дағдарып қалған. Ойлана келіп, туған жер төсіне оралуға бел байлаған. “Достық” кредиттік серіктестігінің аудандағы филиалына мүше болып, 6 млн. теңге несиеге 24 бас ірі қара сатып алған. Үйдің жанынан шағын қора тұрғызған. Лизингке “МТЗ” тракторын рәсімдеген. Өкініштісі сол, үш жылдың ішінде 180 гектар жер теліміне әзер дегенде қол жеткізген. Мал басын көбейтейін десе, жайылым жеткіліксіз. Иелері астық өсірмегендіктен, арамшөп басып кеткен егістік алқаптарын пайдалануды ойлаған. Бірақ рұқсат ала алмай әлі күнге дейін табанынан тозып жүр.
Мектептіктердің Елубай Байлинге деген құрметі ерекше. Елекеңнің “темір көлікті” тізгіндегеніне – тұп-тура отыз жыл. Содан бері Мектеп – Өрнек – Жарғайың – Амангелді – Ильинка – Александровка – Еңбек – Лесхоз – Покровка – Явленка – Петропавл бағыты бойынша күнде қатынап, жолаушыларға қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Қазір оның жеке иелігінде екі “Газель” микроавтобусы бар. Қолы ашық жан “Уақытша отбасы” бағдарламасына қатысушыларға бір-бір қойдан беріп, азық-түлікпен де көмектесті. Наурыз мерекесіне орай өткізілген жабағы жарыстың барлық шығынын көтеріп алған. Сөз арасында Елекеңнің жан жары Зураның жезтаңдай әнші екенін айта кеткен жөн. Даусының Мәдина Ералиевамен ұқсастығы сондай, кейде онымен шатастырып алып жатады. Ал ұлы Әзімбек – республикаға танымал өнер иесі.
– Ауылымыздың орналасқан жері, табиғаты керемет, ауасы таза, суы мөлдір. Мал өсіруге өте қолайлы. Ауылдасым Сырым Балахметовтің екі тракторы, өрісінде 100 қойы бар. Тұяқ ағамыз мал өсірушілерге әркез жәрдемдесіп отырады. Жемазықты қолжетімді бағамен сатады. Үйге дейін әкеп береді. Былтыр 1 орама ( 3 центнер) шөптің бағасы 10-12 мың теңгеге дейін шарықтап кеткенде “Дауымбай” шаруа қожалығы 8 мың теңгеден саудалады. Өзім де қой, жылқы, сиыр өсіремін. Жастарымыз – малсақ, еңбекке деген құлшыныстары ерен. Тиісті орындардан қолдау тапса, ауылға жаппай ораларына сенімдімін. Ауылдан ешкім көшкісі келмейді. Ақтық демі біткенше атақоныста тұрақтап қалуды мақсат еткендердің туған жерге деген сезімі елжіретпей қоймайды, – деген Елубай Әшімұлы бізді былтыр бой көтерген 250 орынды дәмханаға бастап барды. Оның іші кірсе, шыққысыз, түгелдей еуропалық нақышта безендірілген. Ауыл азаматтарынан жиналған қаражатқа тұрғызылыпты.
Мектептіктер бір кіндіктен жалғыз өскен Ағыбай Әбілмәжіновті ерекше бір жылылықпен еске алып отыратынын байқадым. Марқұм сырттай біртоға, жуас көрінгенімен, шындық үшін шырылдап, отқа түсетін бірбеткей болыпты. Сол мінезі талай рет маңдайына таяқ болып тиген. Бірнеше дипломы бар білікті маман бола тұра жұмыстан да қуылған. “Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс” аупартком арақ ішпейтін, темекі тартпайтын, қақ-соқпен ісі жоқ оны веттехник қызметінен еш себепсіз босатып жіберген. Бар “айыбы” – нақақтан-нақақ кінәланған ауылдастарына ара түсуі. Осы мәселе бойынша “Человек и закон” журналында жарық көрген мақаласы облыс басшыларының екі аяғын бір етікке тығып, бидайша қуырған.
– Ағыбай бірде қиранды клуб жанынан өтіп бара жатып, үйінділер астында жатқан кітаптарды көріп қалады. Оқырман іздеп жүріп оқитын қазақтың классик ақын-жазушыларының шығармалары далада шашылып жатқанын маған қинала айтты. Мұның алдында ғимаратты бұзбау жөнінде жергілікті басшылықтан бірнеше рет өтінген, ескерткен. Төрт мыңға жуық кітапты бір бөлмеге жиыстырып, кітапханаға айналдырдық. Қанша айтқанмен, менің кітапханашылық тәжірибем бар, тегін, ақысыз қызмет көрсетуге кірісіп кеттік. Көпшілік үйдің сыртындағы “кітапхана” деген жазуды оқып, біртіндеп келе бастады. Отағасымның көркем әдебиетке деген құмарлығын айтсаңшы, 52 жасында “кітапхана ісі” мамандығын алып шықты. Елді мекеніміздің 75 жылдығы атап өтілгенде Жұмаш Сейітбеков ақсақал бастаған қауым ауыл мәдениетін жандандыру, мәдениет ошақтарын қалпына келтіру жөнінде бастама көтеріп, Ағыбайдың тәуекелі мол игі ісіне халық қалаулыларының назарын аударды. Мәселе мәслихатта талқыланып, арнайы штат бөлінді. Оның үлгісімен Жарғайың, Өрнек, Бірлік, Талапкер, Жекекөл ауылдарында кітапхана ашылып, әрқайсысына бір-бір штат қарастырылды. Бұл – үлкен ерлікке пара-пар жеңіс еді. Кейін отбасымыз жаңа үйге қоныс аударғанда кітапхана аумағы ұлғайды. Қазір кітап қоры алты мыңға жетеғабыл. Тіпті клуб салмақ болып, құрылыс материалдарын да жинастырған болатын. Әттең, арамыздан ерте кетті. Өзі жоқ болса да, ол жағып кеткен шамды сөндірмей отырмын, – деді жан жары Рыскелді мұңды үнмен. “Жақсының аты өлмейді” деген осы!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың береке бастауы – ауылды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. 2022 жылы 26 қарашада “Қазақстанның ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы” Жарлыққа қол қойды.
“Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. Ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауы тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс істейтін боламыз”, – деген болатын Мемлекет басшысы. 2023 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша республикада 6293 ауылдық елді мекен бар. Онда шамамен 7,8 миллионға жуық адам тұрады. Бірақ “Ауыл – ел бесігі” жобасын іске асыру үшін ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың елді мекеннің іріктеп алынуы түсініксіз. Сонда Мектеп сияқты шағын ауылдар қайтпек? Бұл – бір ауылдың емес, мың ауылдың мұңы болып тұр. 2019-2022 жылдары рспубликалық бюджеттен 326 млрд. теңге бөлініп, 4 жылға жуық уақытта 3,7 мың жоба жүзеге асырылған. Атап айтқанда, 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы объектісі, 1,2 мың әлеуметтік, 2,2 мың көлік инфрақұрылымы жөнделіп, жаңадан салынған. 30 мыңдай жұмыс орны ашылған. Былтыр 577 ауылдық елді мекенде 1 мыңнан астам жобаны іске асыруға 128 млрд. теңге бөлінген. Өкінішке қарай, шағын елді мекендер бұл бағдарламаға ілікпеген. Республикалық мүдделі ведомстволар тарапынан мұндай немкетті көзқарас жалғаса беретін болса, ертеңге деген сәулелі үміттің үзілері анық. Осы ауылдағы газетіміздің белсенді авторы, тұрақты оқырманы Қалижан Тәшкенов өткен жылы “Ауыл” партиясы жергілікті бөлімшесінің бір топ өкілі келіп кеткенін, берген уәделерінің соңы сиыр-құйымшақтанып, қағаз жүзінде қалғанын қынжыла жеткізді. “Үкімет тарапынан қолдау болмаса, осы күн-көрісімізге зар болып қалуымыз ғажап емес”, – дейді тәжірибелі ұстаз.
Алақандай ғана ауылды қатты қинап тұрғаны – ауданға, облысқа қатынайтын жолдың адам төзгісіз жайы. Тұрғындар оның азабына әбден көндігіп кеткен, айта-айта шаршаған. Бұдан бөлек, интернет, ұялы байланыс сапасының төмендігі, мектеп ғимаратының тозғаны, тарлығы еңселерін қанша түсірсе де, түгін тартса, майы шығатын атақонысты ешнәрсеге айырбастамақ емес.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.