“Қарап отырсақ, бабаларымыз табиғат құбылыстарын тамыршыдай дөп басып, астрономия ғылымына да жетік болғанын аңғарамыз. Алайда қазақ күнтізбесіндегі ай амалдары жайлы жиі естігенмен, жастар түгілі үлкендердің өзі олардың мән-мағынасын жете біле бермейді. Сәуірдің аяғында республикамыздың біраз өңірлерінде қалың қар жауып, жұртшылық табиғаттың құбылмалы мінезіне “бесқонақ”, “отамалы” деп баға беріп жатты. Бұл нені білдіреді?” – деп сұрақ жолдаған Есен Бәйкенов деген азаматтың сауалына қазақ мәдениетінің тарихын зерттеуші, “Сана” әдеби-музыкалық клубының жетекшісі Сағындық Салмұрзиннің жауабын ұсынамыз.
“Сауал иесі дұрыс мәселе көтеріп отыр. Ұлтымыздың этнографиялық мәдениетінде көпшілік біле бермейтін тылсым сырлар мен құпия қалтарыстар көп. Солардың бірі – күн мен ай, жұлдыздар қозғалысы. Он екі ай ішіндегі әртүрлі амалдарды бабаларымыз көне күнтізбеде молынан пайдаланып, кәдеге жаратқан. Сөйтіп, күнделікті тұрмысына қарай ыңғайлап, қолданып отырған. Кейбіріне тоқтала кетейік.
17-19 наурыз – “Май боран”. “Бесқонақтың” бір түрі. Босаға жұлдызының тууына орай “Босаға басы” деп те атаған. 27-28 наурыз аралығы “Құс қанаты” делінеді.
Бұл кезде қалықтап қар жауып, осы қармен бірге жыл құсы ілесе келеді деген наным-сенім болған. 4-5 сәуір аралығын “Отамалы” деп жүр. Қыстың соңғы боранынан кейін малға да, жанға да жайлы мезгіл туған. 14-18 сәуір аралығы – “Бесқонақ”, бұл күндер қарлы, аязды, жауын-шашынды келгендіктен, жұртшылық қатты сақтанған. Қаннен-қаперсіз қыдырып шыққан бес адам суыққа ұрынып, үсіп өліпті деген аңыз да бар. 28-29 сәуірде тобылғы, қарағай бүршік жарып, “Бүршік жарған” деп аталған. 9 мамыр “Қызыл жұмыртқа” саналады. Осы күні қаз-үйрек жұмыртқасын жарып, қызыл шақа балапанын шығарады. “Құралайдың салқыны” шамамен 18-20 мамырға қарай басталып, оншақты күнге созылады. Қара суық түсіп, ызғырық жел еседі. Осы кезде киік жаппай төлдеп, лағы аяқтанады.
29-31 мамыр – “Үркердің батуы”. Үркер шалшыққа батса, яғни осы күндері жаңбыр болса, жаз жаңбырлы болады деген ырым бар. Осыдан бір аптадан кейін шілденің ыстығы басталады. Ол 40 күнге созылмақ. 14-15 тамыз – “Таразының тууы”. Халық арасында “Таразы туа таң суыр” деген мәтел бар. Күздің нышаны, алғашқы суығы білінеді. Бұлт қоюлана түседі. 21-22 қыркүйек – “Сүмбіле жұлдызының тууы”. Ел арасында “Сүмбіле туа су суыр” деген мәтел бар. Қабағын түйген күз жаңбырлатып өтеді. 4-5 қазан “Боққырау” деп аталады. Алғашқы суық бой көрсетіп, қырау тұрады. “Ақыраптың алты күні” 14-19 қазанға сәйкес келеді. Бұл күндері қазақ жұлдызшылары тезектің өте майда күлін сағат сайын ұшырып отырып, желдің бағытын, күшін, бұлттың жоғары-төмендігін, алғашқы ұшқын қардың жобасын байқап, қыстың алты айындағы ауа райын болжаған. “Қараша қаздың қайтуы” (18-19 қараша) жаңбырға, оның соңы көктайғаққа ұласады. 17-27 қаңтар – “Сары аяз”. Кейде оны “Қыс шілдесі” деп те атайды. Аяздың шарықтау шегі”.
Дайындаған:
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.