Өңірімізге жұмыс сапарымен келген экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев бірқатар маңызды өндірістік және инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысты.
Алдымен “Қызылжар-cу” ЖШС-ның кәріз суларын тазарту нысанында болды. Аталған кәсіпорын сарқынды суларды күкіртсутек иісінен тазарту үшін хлорелла биомассасын қолданады. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары ойластырған тазалаудың тың әдісі тиімділігін дәлелдепті. Қазір Шымкент және Қостанай қаласында да кеңінен қолданылып жатыр.
Бұдан кейін вице-министр Петропавл қаласындағы гидротехникалық құрылыс нысанының жұмысымен танысты. Қарғын суды өткізу режімі қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Өңірде жағдай тұрақты.
Вице-министр “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қайталама шикізаттан қағаз өнімдерін дайындаудың, сондай-ақ тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие пластиктен жасалған тауар өндірісінің барысымен танысты. Аталған кәсіпорында өндірілген пластик кәріз жабындысы салмағы 25 тоннаға дейінгі жүкті көтере алады.
Вице-министр өңірдегі басқа да бірнеше өндірістік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесіп, толғандырып жүрген сұрақтарына жауап берді.
Жұмыс сапарын өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қорытындылаған ол аққайыңдар өлкесінде назар аударарлық мәселелердің бар екенін атап өтті. Мәселен, өңірдегі тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының дені талапқа сай келмейді. Ал қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі тек 18 пайызды құрайды. Дегенмен өңірде экологиялық ахуал тұрақты.
– Ғарыштық бақылау аясында өңірде заңсыз 163 қоқыс полигоны анықталып, 98 пайызы жойылды. Су шаруашылығы саласындағы 3 жобаны жүзеге асыруға 1,2 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Бұл қаржы Булаев, Есіл және Преснов топтық су құбырларының апаттық учаскелерін қалыпқа келтіруге бағытталмақ, – дейді Нұркен Шәрбиев.
Мемлекет басшысы 2 млрд. ағаш отырғызу бойынша тапсырма бергені мәлім. Былтыр өңірде 7 млн. көшет егілген. Биыл көшеттің санын 23 млн.-ға жеткізу жоспарланған.
Баспасөз мәслихаты барысында вице-министр балық шаруашылығы саласын дамыту әлеуетіне тоқталды. 2021-2030 жылдарға арналған бағдарлама аясында былтыр облысымызда 986 тонна тауарлық балық өсіріліпті. Бұл жоспарланғаннан 286 тоннаға артық. Ал биыл жоспар бойынша 800 тонна балық өсірілмек.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.