Облыстық прокуратураның қылмыстық қудалау жөніндегі басқармасының бастығы Ғани Жалби мен аға прокурор Максим Доровиктің қатысуымен өткен брифингте “Халық кеңесі” деп аталатын топтың үш белсендісінің қамауға алынғаны белгілі болды.
Ғани Жалби биыл наурыз айында “Халық кеңесі” тобы қатысушыларының облыс орталығындағы колледждердің бірінде жиын өткізгені жайлы ақпарат әлеуметтік желілерде таралып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жергілікті департаменті сепаратизм фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізгенін айтты.
Облыстық прокуратураның нұсқауымен Ұлттық қауіпсіздік, полиция, экономикалық тергеу департаменттері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, процестік прокурорлар тағайындалды.
Тергеу барысында “Халық кеңесі” тобына қатысушы 20 адамның 2023 жылы 19 наурызда Петропавл қаласындағы колледждердің бірінде жиналыс ұйымдастырғаны, өздерінің сепаратистік көзқарастарын білдіргені анықталды. Жиналыста Қазақстан Республикасынан бөлініп, тәуелсіз Петропавл қаласының халық кеңесін құру туралы шешім қабылдап, “Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының халық кеңесі декларациясын” жариялаған. Еліміздің конституциялық құрылысын бұзуға әрекет ете отырып, оның тәуелсіздігін, жерінің тұтастығын жоққа шығарған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында әртүрлі сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Түрлі мамандардың қатысуымен өткен психологиялық-филологиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес сепаратизм белгілері анықталды.
Қылмыстық істің жинақталған материалдары негізінде “Халықтық кеңестің” үш мүшесінің әрекеттері Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлімі бойынша Қазақстан Республикасының біртұтастығын ыдыратуды насихаттау немесе оған жария түрде бұқаралық ақпарат құралдарын және телебайланыс желілерін пайдалану және Қылмыстық кодекстің 179-бабына сәйкес мемлекеттің конституциялық құрылысын күштеп өзгерту баптары бойынша сараланды. Олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Басқа ақпараттар Қылмыстық кодекстің 201-бабына орай жариялауға жатпайды.
– Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасуда. Жиналысқа қатысқан басқа адамдарға қатысты жан-жақты баға беріліп, кінәлары дәлелденген жағдайда жауапқа тартылатын болады, – деді сөзінің соңында Ғани Жалби.
Брифингте жиынға қатысушылардың бірі кәмелетке толмаған баласын ертіп келгені, тағы бірі қабылданған шешімге қарсы шығып, қолдамағаны белгілі болды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.