Өңірімізде желшешек жұқтырудың 1078 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе артық.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, желшешек жұқтырғандардың 90 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Науқастардың 61 пайызы – Петропавл қаласының тұрғындары.
Мамандардың айтуынша, желшешек ауа арқылы таралады. Жұқпалы дерт балаларда жеңіл өтеді. Әдетте сырқаттанғандар ауруханаға жатқызылмайды. Алайда алғашқы белгілері пайда болған жағдайда бірден дәрігерге көрінген жөн.
“Ауру дене температурасы көтерілген кезде қозады. Теріге бөртпелер шығып, ол бірер күнде бүкіл денеге қаптап кетеді. Тілдің түсі өзгереді. Желшешекпен ауыратын науқастарды анықтау үшін медицина қызметкерлері амбулаториялық қабылдау, өткізіп, медициналық тексерулер жүргізеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда желшешекті жұқтырған соңғы науқас оқшауланған сәттен бастап күнтізбелік жиырма бір күнге карантин белгіленеді. Карантин енгізілген ұжымдарда дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі”, – дейді департаменттің бас маманы Айнаш Сағындықова.
Облыста 21 балабақшаның жекелеген топтарында карантин енгізілді. Оның 19-ы – Петропавлда, қалған екеуі Айыртау және Тайынша аудандарында орналасқан.
Дина МҰРАТ,
“Soltüstık Qazaqstan”.