«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ АУА РАЙЫН ҚАЛАЙ БОЛЖАҒАН?

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

“Қарап отырсақ, бабаларымыз табиғат құбылыстарын тамыршыдай дөп басып, астро­но­мия ғылымына да жетік болғанын аңғарамыз. Алайда қазақ күнтізбесіндегі ай амалдары жайлы жиі естігенмен, жастар түгілі үлкендердің өзі олардың мән-мағынасын жете біле бермейді. Сә­уірдің аяғында республикамыздың біраз өңірлерінде қалың қар жауып, жұртшылық табиғаттың құбылмалы мінезіне “бесқонақ”, “отамалы” деп баға беріп жатты. Бұл нені білдіреді?” – деп сұрақ жолдаған Есен Бәйкенов деген азаматтың сауалына қазақ мәдениетінің тарихын зерттеуші, “Сана” әдеби-музыкалық клубының жетекшісі Сағындық Салмұрзиннің жауабын ұсынамыз.

“Сауал иесі дұрыс мәселе кө­те­ріп отыр. Ұлтымыздың этногра­фиялық мәдениетінде көпшілік біле бермейтін тылсым сырлар мен құ­пия қалтарыстар көп. Со­лардың бірі – күн мен ай, жұлдыз­дар қозғалысы. Он екі ай ішіндегі әртүрлі амалдарды бабаларымыз көне күнтізбеде молынан пайдала­нып, кәдеге жаратқан. Сөйтіп, күнделікті тұрмысына қарай ыңғайлап, қолданып отырған. Кейбіріне тоқтала кетейік.

17-19 наурыз – “Май боран”. “Бесқонақтың” бір түрі. Босаға жұлдызының тууына орай “Босаға басы” деп те атаған. 27-28 наурыз аралығы “Құс қанаты” делінеді.

Бұл кезде қалықтап қар жауып, осы қармен бірге жыл құсы ілесе келеді деген наным-сенім болған. 4-5 сәуір аралығын “Отамалы” деп жүр. Қыстың соңғы боранынан кейін малға да, жанға да жайлы мезгіл туған. 14-18 сәуір аралығы – “Бес­қонақ”, бұл күндер қарлы, аязды, жауын-шашынды келгендік­тен, жұрт­­шылық қатты сақтанған. Қан­нен-қаперсіз қыдырып шыққан бес адам суыққа ұрынып, үсіп өліпті де­ген аңыз да бар. 28-29 сәуірде то­былғы, қарағай бүршік жарып, “Бүршік жар­ған” деп аталған. 9 мамыр “Қы­зыл жұмыртқа” саналады. Осы күні қаз-үйрек жұмыртқасын жарып, қызыл шақа балапанын шы­ға­рады. “Құралайдың салқыны” ша­ма­мен 18-20 мамырға қарай баста­лып, оншақты күнге созылады. Қара суық түсіп, ыз­ғырық жел есе­ді. Осы кезде киік жаппай төлдеп, лағы аяқ­танады.

29-31 мамыр – “Үркердің ба­туы”. Үркер шалшыққа батса, яғни осы күн­дері жаңбыр болса, жаз жаң­быр­лы болады деген ырым бар. Осыдан бір аптадан кейін шіл­денің ыстығы бас­талады. Ол 40 күн­ге со­зылмақ. 14-15 тамыз – “Таразының тууы”. Ха­лық арасында “Таразы туа таң суыр” деген мәтел бар. Күздің нышаны, ал­ғашқы суығы білінеді. Бұлт қоюлана түседі. 21-22 қыркүйек – “Сүмбіле жұлдызы­ның тууы”. Ел арасында “Сүмбіле туа су суыр” деген мәтел бар. Қабағын түйген күз жаңбырла­тып өтеді. 4-5 қазан “Боққырау” деп аталады. Ал­ғашқы суық бой көрсетіп, қырау тұрады. “Ақыраптың алты күні” 14-19 қазанға сәйкес ке­леді. Бұл күндері қазақ жұлдыз­шылары тезектің өте майда күлін сағат сайын ұшырып отырып, желдің ба­ғытын, күшін, бұлттың жоғары-тө­мендігін, алғашқы ұшқын қардың жобасын бай­қап, қыстың алты айындағы ауа райын болжаған. “Қараша қаздың қайтуы” (18-19 қараша) жаңбырға, оның соңы көктай­ғаққа ұласады. 17-27 қаңтар – “Са­ры аяз”. Кейде оны “Қыс шілдесі” деп те атайды. Аяздың шарықтау шегі”.

Дайындаған:

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp