«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛДЫҚТЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ МАҢЫЗДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев бірқатар маңызды өндірістік және инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысты.

Алдымен “Қызылжар-cу” ЖШС-ның кәріз суларын тазарту нысанында болды. Аталған кәсіпорын сарқынды сулар­ды күкіртсутек иісінен тазарту үшін хлорелла биомассасын қолданады. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақстан университетінің ғалымдары ойластырған тазалаудың тың әдісі тиімділігін дәлелдепті. Қазір Шымкент және Қостанай қала­сында да кеңінен қолданылып жатыр.

Бұдан кейін вице-министр Петропавл қала­сындағы гидротехникалық құрылыс нысанының жұмысымен танысты. Қарғын суды өткізу режімі қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Өңірде жағдай тұрақты.

Вице-министр “Радуга” жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінде қайталама шикізаттан қағаз өнімде­рін дайындаудың, сондай-ақ тұты­нушылар арасында үлкен сұра­нысқа ие пластиктен жасалған тауар өндірісінің барысымен танысты. Аталған кәсіпорында өндірілген пластик кәріз жабындысы салмағы 25 тоннаға дейінгі жүкті көтере алады.

Вице-министр өңірдегі басқа да бірнеше өндірістік нысандарды ара­лап, еңбек ұжымдарымен кездесіп, толғандырып жүрген сұрақтарына жауап берді.

Жұмыс сапарын өңірлік комму­никациялар қызметінің алаңында қорытындылаған ол аққайыңдар өл­кесінде назар аударарлық мәселелердің бар екенін атап өтті. Мәсе­лен, өңірдегі тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының дені та­лапқа сай келмейді. Ал қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі тек 18 пайызды құрайды. Дегенмен өңірде экологиялық ахуал тұрақты.

– Ғарыштық бақылау аясында өңірде заңсыз 163 қоқыс поли­гоны анықталып, 98 пайызы жойылды. Су шаруашылығы сала­сындағы 3 жобаны жүзеге асыруға 1,2 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Бұл қаржы Булаев, Есіл және Преснов топтық су құбырларының апаттық учаскелерін қалыпқа келтіруге бағытталмақ, – дейді Нұркен Шәрбиев.

Мемлекет басшысы 2 млрд. ағаш отырғызу бойынша тапсырма бергені мәлім. Былтыр өңірде 7 млн. көшет егілген. Биыл көшеттің санын 23 млн.-ға жеткізу жоспарланған.

Баспасөз мәслихаты барысын­да вице-министр балық шаруашылығы саласын да­мыту әлеуетіне тоқталды. 2021-2030 жылдарға арналған бағдарлама аясында былтыр облысымызда 986 тонна тауарлық балық өсіріліпті. Бұл жоспарланғаннан 286 тоннаға артық. Ал биыл жоспар бойынша 800 тонна балық өсірілмек.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp