«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Даңғойлықты доғару керек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық перинаталдық орталықтың маңайы күн сайын у-шу болып жатады. Бұл маңнан түрлі шарлармен, гүлдермен безендірілген көліктер ағыны бір толастаған емес. Бірі қызды болғандарына қуанса, екіншісі атұстарының дүниеге келгеніне шаттанып, шампан атады.

Әрине, өмірге шекесі торсықтай ұл, қызғалдақтай қыз әкеліп жатқан аналардың көбейгені бізді де қуан­тады. “Пәленше кестетігерлі, түген­ше немерелі болыпты” деген қуа­нышты жаңалықты естігенде жаның жадырап сала береді емес пе? Ме­нің айтпағым бұл емес. Перзентха­на­ның жанында орын алып жатқан әсіремақтаншақтық, даңғойлық жайын­да болмақ.

Қазіргі ер-азаматтардың дені өмір­ге сәби әкелген келіншектері мен нәрестелерін перзентханадан даңғаза ән-думанмен, шоу-бағдарламамен шығарып алуға құмар. Өз басым бұл әрекетті дұрыс деп са­намаймын. Дүниеге сәби әкелудің оңай емес екенін әр ана жақсы бі­леді. Өмір мен өлімнің ортасында азапты сәтті басынан өткерген әйелдің осындай у-шуды қаламай­тыны, тезірек үйіне жетіп, жақында­рының жылуын, қамқорлығын сезі­нуді аңсайтыны белгілі. Оның үстіне перзентханада қилы оқиғалар орын алып жатады. Толғақ үстінде ажал құшқандарды, сәбилерінен айыры­лып қалғандарды, дерттерін асқындырып, жандары жараланған­дарды өз басым талай мәрте кез­дестірдім. Сәбиі мен келіншегін пер­зентхана­дан арнайы қымбат көлік жалдап, әншілерге ән айтқызып шы­ғарып алып жатқандарды көргенде тоғыз ай тоғыз күн күткен нәрестесі­нен қапыда айырылып қалған ананың жағ­дайы қалай болатынын ба­ғамдай беріңіз.

Мынау жарық әлемге шыр етіп сәбидің келгені – үлкен бақыт. Біздің халқымыз бақытын ел-жұрттың көзі­нен жасырын ұстауды, осылайша тіл мен көзден сақтауды білген ғой. Қазіргі жастарға да осыны ескерген дұрыс секілді.

Зейнеп ТӘНІБАЕВА,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp