Мен кішкентайымнан атам мен әжемнің бауырында өстім. Кеш қарайып, үйдегілер ұйқыға кеткенде әжем маған ертегілер, батырлар жырын оқып беретін. “Баяғы өткен заманда бір бай болыпты”, – деп басталатын әңгіменің қалай аяқталатынын тағатсыздана тосатын едім. Кейде әжем ертегінің соңын айтпай, қалай бітетінін менен сұрайтын. Мен қиялыма ерік беріп, оқиғаның шарықтау шегін, түйінін өз ойымнан құрастыратынмын. Мектептегі мұғалімдер маған “өз жасыңнан ерте есейгенсің”, – деп жиі айтатын. Бұған атам мен әжемнің тигізген ықпалы зор.
Олар – “соғыс балалары” деген буынның өкілдері. Тұрмыс тауқыметін, жоқшылықты көп көрді. Дастарқан басында, ұйқыға жатар кезде екеуінен. “Балалық шақтарыңыз қалай болды?” – деп сұраймын. Әжем ауыр күрсініп: “Біз сендер сияқты бала болып ойнамадық. Майдан даласында жүрген ер-азаматтар аман-есен елге оралсын деген ниетпен қырманда шешемізге қолдау көрсеттік, масақ тердік. Ішерге тамақ, киерге киім таппай қалған кездеріміз де болды. Қазір, Құдайға шүкір, еліміз тыныш. Бейбіт елде өмір сүрудеміз. Ең бастысы халқымыз аман болсын, жер бетін соғыс оты шарпымасын”, – дейді.
Атам – Өтемұрат Зәкіров Өзбекстанның Қарақалпақстан автономиялық республикасында, әжем – Шадман Түрікменстанда дүниеге келген. Екеуі де еңбекке ерте араласқан. Жас күнінен трактор тізгіндеп, жер жыртып, егін еккен атам әңгімені майын тамызып айтады. Әжем он сегіз жасында тұрмысқа шыққан. Сол кездерді еске алғанда: “Атаң мені салт атпен алып қашқан еді. Қазіргідей танысып, қол ұстасып жүру деген жоқ. Бір-бірімізді бір-ақ рет көрдік. Келесі күні ерлі-зайыпты атандық”, – деп күліп алады.
Өмірдің түрлі сынақтарын бастан өткерген екеуінің бір-бірлерімен ренжісіп, сөзге келіскен сәттерін көрген емеспін. Керісінше, қиын сәттерде бір-бірлеріне қамқор бола білді. Атам жұмыстан үйге кеш оралғанда әжем жан-жарының алдына жылы-жұмсағын тосып, күлімдеп күтіп алатын. Ағайын-туысқа сыйлы болды, отбасында татулықтың туын жықпауға тырысты.
Ата-әжем – төрт ұл мен төрт қыз өсіріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған жандар. Олардан тараған 13 немере мен 3 шөбере бүгінде екеуінің көз қуаныштарына айналған. Әжем Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 12 маусымдағы Жарлығымен “Алтын алқа” иегері атанды.
Ата-әжем 2007 жылы көші-қон бағдарламасы аясында Мағжан Жұмабаев ауданындағы Медвежка ауылына көшіп келді. Балалары да жанында тұрады. Олар күн сайын ата-аналарының жағдайын сұрау үшін қарашаңыраққа бас сұғуды әдетке айналдырған.
Менің ардақтыларым тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек сияқты. Айтулы мерекелерде, отбасылық қызық-қуаныштарда басымыз қосыла қалған кезде ата-әжемның жанарынан қуаныштың нұрын байқаймын. Ұрпақтарының мейірімі мен сыйластығына бөленіп отырған оларға қарап қуанамын.
Қанат ӨТЕМҰРАТОВ.
Мағжан Жұмабаев ауданы.