Облыстық перинаталдық орталықтың маңайы күн сайын у-шу болып жатады. Бұл маңнан түрлі шарлармен, гүлдермен безендірілген көліктер ағыны бір толастаған емес. Бірі қызды болғандарына қуанса, екіншісі атұстарының дүниеге келгеніне шаттанып, шампан атады.
Әрине, өмірге шекесі торсықтай ұл, қызғалдақтай қыз әкеліп жатқан аналардың көбейгені бізді де қуантады. “Пәленше кестетігерлі, түгенше немерелі болыпты” деген қуанышты жаңалықты естігенде жаның жадырап сала береді емес пе? Менің айтпағым бұл емес. Перзентхананың жанында орын алып жатқан әсіремақтаншақтық, даңғойлық жайында болмақ.
Қазіргі ер-азаматтардың дені өмірге сәби әкелген келіншектері мен нәрестелерін перзентханадан даңғаза ән-думанмен, шоу-бағдарламамен шығарып алуға құмар. Өз басым бұл әрекетті дұрыс деп санамаймын. Дүниеге сәби әкелудің оңай емес екенін әр ана жақсы біледі. Өмір мен өлімнің ортасында азапты сәтті басынан өткерген әйелдің осындай у-шуды қаламайтыны, тезірек үйіне жетіп, жақындарының жылуын, қамқорлығын сезінуді аңсайтыны белгілі. Оның үстіне перзентханада қилы оқиғалар орын алып жатады. Толғақ үстінде ажал құшқандарды, сәбилерінен айырылып қалғандарды, дерттерін асқындырып, жандары жараланғандарды өз басым талай мәрте кездестірдім. Сәбиі мен келіншегін перзентханадан арнайы қымбат көлік жалдап, әншілерге ән айтқызып шығарып алып жатқандарды көргенде тоғыз ай тоғыз күн күткен нәрестесінен қапыда айырылып қалған ананың жағдайы қалай болатынын бағамдай беріңіз.
Мынау жарық әлемге шыр етіп сәбидің келгені – үлкен бақыт. Біздің халқымыз бақытын ел-жұрттың көзінен жасырын ұстауды, осылайша тіл мен көзден сақтауды білген ғой. Қазіргі жастарға да осыны ескерген дұрыс секілді.
Зейнеп ТӘНІБАЕВА,
еңбек ардагері.