«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘУЕЛІ БӘЙТЕРЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен кішкентайымнан атам мен әжемнің бауырында өстім. Кеш қарайып, үйдегілер ұйқыға кеткенде әжем маған ертегілер, батырлар жырын оқып беретін. “Баяғы өткен заманда бір бай болыпты”, – деп басталатын әңгіменің қалай аяқталатынын тағатсыздана тосатын едім. Кейде әжем ертегінің соңын айтпай, қалай бітетінін менен сұрайтын. Мен қиялыма ерік беріп, оқиғаның шарықтау шегін, түйінін өз ойымнан құрастыратынмын. Мектептегі мұғалімдер маған “өз жасыңнан ерте есейгенсің”, – деп жиі айтатын. Бұған атам мен әжемнің тигізген ықпалы зор.

Олар – “соғыс балалары” деген буынның өкілдері. Тұрмыс тауқыме­тін, жоқшылықты көп көрді. Дастар­қан басында, ұйқыға жатар кезде екеуінен. “Балалық шақтарыңыз қа­лай болды?” – деп сұраймын. Әжем ауыр күрсініп: “Біз сендер сияқ­ты бала болып ойнамадық. Май­дан даласында жүрген ер-азаматтар аман-есен елге оралсын деген ниет­пен қырманда шешемізге қолдау көр­сеттік, масақ тердік. Ішерге тамақ, киерге киім таппай қалған кездеріміз де болды. Қазір, Құдайға шүкір, елі­міз тыныш. Бейбіт елде өмір сүрудеміз. Ең бастысы халқымыз аман болсын, жер бетін соғыс оты шарпымасын”, – дейді.

Атам – Өтемұрат Зәкіров Өзбек­станның Қарақалпақстан автоно­миялық республикасында, әжем – Шад­ман Түрікменстанда дүниеге келген. Екеуі де еңбекке ерте ара­ласқан. Жас күнінен трактор тізгін­деп, жер жыртып, егін еккен атам әң­гімені майын тамызып айтады. Әжем он сегіз жасында тұрмысқа шық­қан. Сол кездерді еске алғанда: “Атаң мені салт атпен алып қашқан еді. Қазіргідей танысып, қол ұстасып жүру деген жоқ. Бір-бірімізді бір-ақ рет көрдік. Келесі күні ерлі-зайыпты атандық”, – деп күліп алады.

Өмірдің түрлі сынақтарын бас­тан өткерген екеуінің бір-бірлерімен ренжісіп, сөзге келіскен сәттерін көр­ген емеспін. Керісінше, қиын сәттер­де бір-бірлеріне қамқор бола білді. Атам жұмыстан үйге кеш оралғанда әжем жан-жарының алдына жылы-жұмсағын тосып, күлімдеп күтіп ала­тын. Ағайын-туысқа сыйлы болды, отбасында татулықтың туын жықпауға тырысты.

Ата-әжем – төрт ұл мен төрт қыз өсіріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған жандар. Олардан тараған 13 немере мен 3 шөбере бүгінде екеуінің көз қуаныштарына айнал­ған. Әжем Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 12 мау­сымдағы Жарлығымен “Алтын алқа” иегері атанды.

Ата-әжем 2007 жылы көші-қон бағдарламасы аясында Мағжан Жұмабаев ауданындағы Медвежка ауылына көшіп келді. Балалары да жанында тұрады. Олар күн сайын ата-аналарының жағдайын сұрау үшін қарашаңыраққа бас сұғуды әдетке айналдырған.

Менің ардақтыларым тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек сияқты. Айтулы мерекелерде, отбасылық қызық-қуаныштарда басымыз қосыла қалған кезде ата-әжемның жанарынан қуаныштың нұрын бай­қаймын. Ұрпақтарының мейірімі мен сыйластығына бөленіп отырған оларға қарап қуанамын.

Қанат ӨТЕМҰРАТОВ.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp