«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛҒА БАРҒАНДАРҒА АРТЫҚ ТӨЛЕНЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында күн тәртібінде тұрған бірқатар мәселелер қаралды. Әсіресе өңіріміздің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын жүзеге асыру барысы мен медициналық кадр тапшылығын шешу жолдары жан-жақты талқыланды.

Облыстық экономика басқармасының башысы Қуанышбек Қалижанов кешенді жоспар аясында 87 іс-шараны жүзеге асыру көзделгенін айтты. Оның жалпы құны – 1,8 трлн. теңге. Өткен жылы 21 іс-шара орындалыпты. Республикалық бюджеттен 62024,9 млн. теңге бөлініп, 98 пайызы, жергілікті бюджеттен бөлінген 14216,0 млн. теңгенің 14213,7 млн. теңгесі игерілді. Жеке инвестициялар бойынша көрсеткіш 129,4 млрд. теңгені құрады. Ал үстіміздегі жылы 63 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған. Оларды жүзеге асыруға 333,8 млрд. теңге қарастырылған. Басқарма басшысы түрлі бағыт бойынша атқарылған жұмыстарды жіпке тізгендей қылып атап шықты. Алайда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы дегеніміз ашылған зауыттар мен өндірілген өнім ғана емес қой. Демографиялық ахуал, таратылған ауылдар, кадр тыпшылығы, игерілмеген қаржы, жүзеге асырылмаған жобалар бойынша орын алған олқылықтар мен кемшіліктер де ашық айтылуы тиіс еді. Осы ретте қоғамдық кеңес мүшесі Павел Афанасьев басқарма басшысының баяндамасына көңілі толмайтындығын айтты.

– Баяндамаңызда салыстырмалы сараптама жасалмаған. Құр сандарды тізіп шыққаннан өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалынан хабардар болмаймыз. Тұрғындар тарапынан жолдарға қатысты арыз-шағым көп түсіп жатыр. Ауылдардағы қоғамдық көлік қатынасы жайлы бір ауыз сөз айтылмады. Олар ауылдан қалаға қалай қатынап жүр? Түйінді мәселелерді тарқатып айтудың орнына орағытып өттіңіз, – деді Павел Афанасьев.

Сонымен қатар өңірімізде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың саны азайғанын, бірнеше жылдан бері мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша жобалар жоқтың қасы екенін, облыстық көпсалалы аурухананың құрылысы тоқтап тұрғанын айтпау, “ауруын жасырған өледінің кебі” емес пе? Бейінді басқарма басшысы қоғамдық кеңес мүшелерінің сынын орынды қабылдап, алдағы уақытта ескеретінін айтты.

Бүгінгі таңда өңір тұрғындарына 5699 медицина қызметкері көмек көрсетіп жатыр. Оның 1248-і – дәрігер, 4451-і – орта буын медициналық қызметкерлер. Өңірімізге әлі 183 дәрігер керек. Оның ішінде 46-сы – ауылдық жерге қажет мамандар.

Өңірімізде акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, рентгенологтар, хирургтер, балалардың мамандықтары бойынша дәрігерлері, онкологтар, кардиологтар тапшы. “Жергілікті жерде маман жетіспеушілігі олардың облыстан тыс жерлерге көшуінің, зейнеткерлікке шығуының және жеке секторға жұмысқа ауысуының салдары”, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрболат Иманжанов. Осы ретте облысқа келетін мамандарға төленетін әлеуметтік қолдаудың мөлшерін көбейту арқылы мәселені шешу ұсынылды. Мәселен, қалада тұрақтайтын жалпы тәжірибелік дәрігерлерге – 1000000 теңге, ауылға баратындарына – 1500000 теңге төлеу жоспарланған. Ал қаладағы медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін салалық дәрігерлерге – 3500000 теңге, ауылға баратындарға – 5000000 теңге әлеуметтік қолдау төленбек.

Жалпы елімізде медицина мамандарын даярлауда жүйелілік жоқ. Бір жылдары педиатрия факультеттерін жауып, жалпы тәжірибелік дәрігерлерді оқытуға басымдық берілді. Осының салдарынан баланың жанын да, тәнін түсінетін дәрігерлер күрт азайды. Сол кезде ересек адам мен баланың дене құрылысы бірдей емес деген орынды сын да ескерусіз қалып еді. Осындай келеңсіздіктер мен еңбек нарығындағы сұраныс ескерілмесе, жөн-жосықсыз маман даярлаудың салдары бүгінгідей түйінді мәселелерді тудырады. Осыны тілге тиек еткен қоғамдық кеңес мүшелері мұндай әлеуметтік қолдау тек медицина мамандарына ғана емес, өңірге қажет кадрлардың бәріне төленуі тиіс деді. Әсіресе ауылдық жерлерде кез келген салада кадр тапшылығы айқын сезіліп отыр.

Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, әрқайсысы бойынша сын-ескертпелер айтылды. Салалық басқарма өкілдері тиісті қорытынды шығарамыз деген уәделерін берді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp