«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Дұрыс таңдау

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамандықты дұрыс таңдау – табысты болудың бір сыры. Әр адам қабілет-қарымы мен қызығушылығына қарай мамандық игерсе, өмірден өз орнын табады. Үлкендердің жастарға “мамандықты жүрек қалауымен таңда” деген ақылды жиі айтатыны да сондықтан. Осы сөздің астарын түсініп, мәнін ұққандардың бірі – Жәнібек Машанов.

Мектепті тамамдаған соң өзін түрлі салада сынап көрген ол “Жол активтерінің” Ұлттық сапа орталығының филиалына жүргізуші болып жұмысқа орналасады. Инженерлерді тасып жүріп, жол сапасын зерттеу, түрлі зертханалық жұмыстар жүргізу ісіне қызығушылығы ояна бастайды. Әріптестеріне көмектесе жүріп, өзінің осы кәсіпке икемді екенін түсінеді. Қызығушылығы оянған Жәнібек Машанов бар ынтасымен бұл кәсіптің қыр-сырын игере бастайды. Бас-аяғы бір жылдың ішінде алдына жолшы боламын деген нақты мақсат қояды. Сол арманның жетелеуімен Л.Б.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтына құжат тапсырып, автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы мамандығы бойынша оқуға түседі.

Жәнібек Машановтың еңбекқор екенін жүргізуші кезінен жақсы білетін “Жол активтерінің” Ұлттық сапа орталығы филиалының басшылығы оны 3-ші дәрежедегі маман ретінде қызметке алады. Бастапқыда техник болған ол қазір табандылығы мен ізденімпаздығының арқасында инженер қызметін атқарып жүр.

– Маған қазіргі жұмысым ұнайды. Асфальттың сапасын тексеру, олардың талапқа сай келетінін анықтау қызықтырды. Әрі қасымдағы жігіттер де білгенін үйретіп, түсінбей қалған жерім болса, қол ұшын созуға дайын тұрады. Қазір мен инспекциялау мақсатында құрылыс алаңдарына шығып, асфальт төсеу, жолдарды жөндеу үрдісін бақылаймын. Адам алдына мақсат қойып, үнемі ізденісте болса, өзіне лайық орын табады. Себебі жаның қалап игерген кәсіп қажытпайды, – дейді Жәнібек Машанов.

“Сен де – бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар қалан!” – деп ұлы Абай айтқандай, әрқайсысымыз үшін өмірде өз орнымызды табу маңызды. Жәнібек сияқты ұстанымы дұрыс адамдар қоғамға пайдалы еңбек етеді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp