«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСХАТ — ҮЗДІК АУЫЛ ӘКІМІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жариялаған дәстүрлі “Үздік ауыл әкімі” республикалық байқауының облыстық кезеңі өтіп, жеңімпаздар анықталды. Оған аталған қызметте екі жылдан астам уақыт еңбек еткен, жақсы нәтижелерге қол жеткізген 16 ауыл әкімі қатысты.

Байқау ережесі бойынша қатысушылар екі кезең бойынша сынға түсті. Алдымен олар өз жетістіктерін, атқарған жұмыстарын, қоғамдық қызметін, жаңа бастамаларын өңірлік комиссияның назарына ұсынды. Содан кейін елді мекендерді дамыту бойынша дайындаған жобаларын қорғады.

Қазылар алқасының мүшелері байқаудың екі кезеңіне тыңғылықты дайындықпен келген Ақжар ауданына қарасты Кішіқарой ауылдық округінің әкімі Асхат Сәрсенбаевты, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ноғайбай би ауылдық округінің әкімі Эльвира Васильева мен Аққайың ауданындағы Тоқшын ауылдық округінің әкімі Боранбай Имантаевты жоғары бағалады.

– Мен 2018 жылы Ноғайбай би ауылдық округінің әкімі болып сайландым. Осыдан төрт жыл бұрын Астана қаласында өткен “Ауыл әйелдері” форумына қатыстым. Ауқымды шарада мені “Жасыл технология” тақырыбы қатты қызықтырды. Бүгінгі байқауда “Таза қуат” атты жобамды қорғадым. Алдағы уақытта баламалы энергия көздерін ашып, оны өзім жетекшілік етіп отырған ауылдық округте қолдануды жоспарлап отырмын, – дейді Эльвира Васильева.

Қазылар алқасының мүшесі Шынар Қасейінова тірек ауылдарды дамытудың маңызды екенін айтты. Елді мекендерді көркейту үшін инвесторлар тартып, тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Байқауға қатысқан үміткерлердің жобалары мен ұсыныстарында осы мәселелерді шешудің жолдары анық көрініс табуы тиіс.

“Үздік ауыл әкімі” байқауының республикалық кезеңінде өңір намысын елді мекенді дамыту жөніндегі тың жобаларымен, ерекше бастамасымен облыстық байқауда жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлаған Асхат Сәрсенбаев қорғайтын болады.

Өткен жылы аталған сайысқа жолдама алған Аққайың ауданындағы Шағалалы ауылдық округінің әкімі Гүлмира Добромирова “Үздік әлеуметтік жоба” аталымы бойынша топ жарып, өңіріміздің мерейін асырғанын айта кеткен жөн.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp