«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бағаны негізсіз көтерген

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі облыстық департаментінің басшысы Марлен Хамзин монополиялық субъектілердің іс-әрекетін, нарықтағы тауар және қызмет көрсету сапасын, бағаның тұрақтылығын, баға өзгерген жағдайда заңдылығын қадағалайтын мекеменің жұмысын баяндады.

Өңірімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы – басты назарда. Былтыр осы бағытта 39 сараптама шарасы жүргізіліпті. Әсіресе тұтынушылар арасында дүрбелең тудырған қант, жұмыртқа, көмір, газ бағасына ерекше көңіл бөлінген. Қарақұмық жармасы, макарон өнімдері, отын сүрегінің көтерме және бөлшек саудасы, санитарлық қызмет көрсету, скринингтік зерттеулер қызметі де назардан тыс қалмапты.

Монополияға қарсы жұмыс істейтін орган былтыр 46 хабарлама жолдап, 44 талап толық орындалыпты. Мәселен көтерме саудамен айналысатын “Кант-СК” ЖШС мен “Козлова Н.А” жеке кәсіпкерлігі қант бағасын түсірген. Бір келісін 333 теңгеден сатып жатқан саудагерлер тауарды 5-6 теңгеге арзандатыпты. Кебекке қатысты туындаған дау-дамайға монополияға қарсы департамент араласқан кезде ғана баға күрт төмендеген. Кебектің бір тоннасын 68-77 мың теңге аралығында саудалап жатқан “Беркат”, “Богатырский продукт”, “Север” СҮ”, “Петропавл нан-тоқаш комбинаты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бағаны 50-57 мыңға дейін арзандатқан.

Сұйытылған мұнай газын саудалауда баға көтерген бірнеше монополистің қызметін тексеру барысында заң бұзушылықтар анықталып, іс сотқа жетті. Нәтижесінде нарық субъектілерінен заңсыз алынған монополиялық табыс өндіріліп, кәсіпорындардың басшылығы әкімшілік айыппұл салу арқылы жауапкершілікке тартылды. Былтыр осындай әкімшілік жазалардан түскен айыппұл төлемінің жалпы сомасы 132 миллион теңгені құраған.

Департамент былтыр такси қызметін көрсету, тұрғын үйді сату, қанттың көтерме саудасы, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және көму сияқты қызметтерге қатысты монополияға қарсы 11 сыртқы комплаенс актісін жасады. Үстіміздегі жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату саласына, жанармай мен газ саудалайтын нарық субъектілеріне монополияға қарсы 28 сыртқы комплаенс актісі толтырылды.

Департамент биыл “Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің муниципалдық телерадиоарнасы”, “Карат-Прогноз” және “Петропавл қаласының тұрғын үй қызметі” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне жоспарлы түрде тексерістер ұйымдастырып, сараптама жасамақ.

Биылғы жылдың наурыз айында департаментке “Қызылжар су” ЖШС-дан қызмет түрлерін кеңейтуге немесе өзгертуге қатысты өтініш түскен, бірақ ол монополияға қарсы органның мақұлдауынан өтпепті.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp