Өңірімізде жыл басталғалы 60 шақты малдан бруцеллез ауруы анықталды.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, малдардың дертке шалдыққандығы жоспарлы диагностикалық зерттеу барысында белгілі болған. Қызылжар ауданындағы Светлопольский ауылдық округі әкімінің шешімімен 19 сәуірде Байсал елді мекенінің бірнеше көшесіне шектеу шаралары енгізілді. Бұл ауылдан малды және оның өнімдерін сыртқа шығаруға тыйым салынған.
“Шектеу шаралары алынып тасталуы үшін дерт жұқтырған жануарлар екі рет тексеріліп, екеуінде де теріс нәтиже көрсетуі тиіс. Жыл басынан бері Қызылжар ауданында 9 малдан ауру анықталды. Бұдан басқа Айыртау мен Ақжар аудандарында ірі қараға сарып диагнозы қойылды. Ауырған малдың жалпы саны – 58”, – дейді облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Нариман Тасболатов.
Биыл 150 мың бас ірі қара мен дәл осынша ұсақ малдан сынама алынған. Бұл өңірдегі тексерілуі тиіс түліктің 65 пайызы.
“Бруцеллез – созылмалы дерт. Бұл ауру адамдарға малдан алынатын өнімдер, әсіресе сүт арқылы жұғады. Дертке шалдыққан жандардың буыны сырқырап ауырады, ауру созылмалы түрде өтеді”, – дейді Нариман Тасболатов.
Былтыр зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша 6 ауданның 27 елді мекенінде бруцеллезбен ауыратын 206 ірі қара мал анықталды, бұл 2021 жылғыдан 254 басқа аз. Жойылған ауру мал үшін иелеріне 36,3 млн. теңге өтемақы төленді.
Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің деректері бойынша облыста ірі қара мал бруцеллезін жұқтыру көрсеткіші – 0,05, республика бойынша – 0,35, көршілес Ақмола облысында – 0,10, Қостанай облысында – 0,24, Павлодар облысында – 0,34 пайыз.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.