«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Жаңа құс” отандық брендке айналмақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір тұрғындарын жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету үшін облыста жаңа жобалардың құрылысы қарқын алып, олардың алды бүгінде сәтті жүзеге асырылуда. Өткен жылы бастау алған құны 76 млрд. теңге болатын 33 ірі жоба азық-түлік импортын азайтып, облыстың ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыруға сеп болмақ. Республика бойынша сүт өнімдерінің төрттен бірін шығарып, алға озып тұрған қызылжарлық шаруалар алдағы жылдары ауыл шаруашылығының өзге салалары бойынша да көш бастауды көздеп отыр. Кең даланың төсінде жылқы, сиыр, қой өргізген шаруалар құс бағуға келгенде де қарап қалған емес. Өткен жылы кірпіші қалана бастаған 3 құс фабрикасы осыған дәлел. Аталған нысанның екеуі жыл өтпей-ақ қолданысқа беріліп, өз жұмысын бастап кеткен. Аққайың ауданындағы “Северный бройлер”, Қызылжар ауданындағы “Жаңа құс” фабрикалары аз уақытта жаңа бренд ретінде көпшілікке танылып, құс еті нарығындағы ірі өндірушілерге айналып келеді.

Ашылғанына жарты жылға жуықтаған “Жаңа құс” құс фабрикасы облысымыздағы бірегей инвестициялық жоба саналады. Қызылжар ауданының Новокаменка ауылында орын тепкен кәсіпорынның жарты жылдағы жетістіктері мен бүгінгі жай-күйі туралы бізге директоры Радий Кушербаев айтып берді.

– Нысанның құрылысы 2021 жылы басталып, былтыр қолданысқа берілді. Жобаға өзіміздің 1,7 млрд. теңге мен “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы берген қаржыны құйдық.

Оның көп бөлігі заманауи техника, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарды алуға жұмсалды. Бүгінгі таңда кәсіпорын толық дерлік автоматтандырылған. Мәселен құстардың жағдайын арнайы компьютер бақылап отырады. Оған арнайы бағдарлама енгізілген. Компьютер құс қорасының микроклиматын реттеп, қолайлы температура мен ылғалдылықты қадағалайды. Тіпті құстардың санын және салмағын да реттей алады. Сондықтан инкубаторды бақылап отыру үшін бір ғана маман жеткілікті. Цифрлы технологиялар өнімділікті арттырып, жұмыс күшін үнемдеуге мүмкіндік беруде, – дейді Радий Кушербаев.

Жаңа фабриканың ашылуы мыңға жуық тұрғыны бар Новокаменка ауылы үшін қуанышты жаңалық болды. Кәсіпорындағы 50-ге жуық қызметкердің басым бөлігі осы елді мекеннің тұрғыны. Ал көрші ауылдардан келетіндер кәсіпорынның арнайы көлігімен тасымалданады. Мұндағы орташа жалақы 170 мың теңгенің маңайында. Бұдан бөлек, олар серіктестік есебінен тегін тамақтандырылып, құс етін сатылымдағыдан арзан бағамен ала алады. Жұмысшыларға жасалып отырған жайлы жағдай туралы айтқан директор өндірістің де қыр-сырын жасырмай бөлісті.

Мұндағы құс екі айға жетпей союға дайын болады екен. Жұмыртқаны жарып шыққан балапан тез жетіліп, 42 күн ішінде 3 килограмм салмақ жинайды. Осынша аз мерзім ішінде дайын құс етін шығару тұтынушылардың күмәнін тудыруы да мүмкін. Алайда фабрика басшысы құстың ешқандай химиялық қоспаларсыз өсірілетінін айтады. Оның сөзінше, кәсіпорын мамандары өндірісті іске қосу алдында білікті мамандармен кеңесіп, тек таза жем-азық беру туралы келісімге келген. Тіпті құс өсіруде пайдаланылатын медициналық препараттардың өзі табиғи жолмен алынатын көрінеді. Бройлерлерді сою, бөлшектеу жұмысы да роботтарға жүктелген. Дайын өнім Бескөл мен облыс орталығындағы дүкен сөрелеріне жөнелтіледі. Алайда онда да көп тұрақтамай тұтынушылардың себетіне түседі екен.

Радий Кушербаевтың айтуынша, ірі қара етінің бағасы қымбаттаған сайын құс етіне деген сұраныс артып келеді. Сондықтан да облыстағы құс фабрикалары өндіріс көлемін арттыруды мақсат етіп отыр. Осылайша 8,5 мың тоннаға жеткізіп, өзге өңірлердің де тұтынушыларын қуантпақ. Яғни қазір жылына 1,5 тонна өнім шығаратын қуаты бар “Жаңа құс” серіктестігі болашақта бұл көрсеткішті бірнеше есе арттырмақшы. Осы мақсатпен кәсіпорын басшылығы құстардың жем-азығын даярлайтын заманауи кешен сатып алып, орнатып қойған. Ол сағатына 15 тонна жем әзірлей алады. Осылайша “Жаңа құс” бренді отандық нарықтың айтарлықтай бөлігін иемденуді көздеуде.

Фархат ТАСТАМБЕК.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp