«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӨЗ БЕН ІСТІҢ БІРЛІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауында экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет дегені тектен тек айтылған жоқ. Президент жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалыққанын, халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайтынына ерекше екпін түсірді. “Бізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар керек. Мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып, қайта жасақтау қажет. Кадрлық резервті нығайту керек”, – деп атап көрсетті.

“Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы” Жарлықта цифрландыру, басшылық жауапкершілікті үздіксіз жетілдіру, аппаратта шешімдердің қабылдануын жылдамдату, мемлекеттік қызметшілердің дербестігі мен жеке жауапкершілігін арттыру, құжат айналымы мен есеп берушілікті қысқарту сияқты кешенді шараларды мүлтіксіз жүзеге асыру қарастырылған. Мемлекеттік органдарға нормативтік-құқықтық актілерді өздерінің функцияларын заңнамалық деңгейде нақтылап жатпай-ақ қабылдауға рұқсат берілуі құптарлық.

Жыл өткен сайын қоғам тарапынан мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күшейіп, басты назар азаматтардың мүдделері үшін қызмет етуге бағытталуда. Мемлекеттік қызметшілердің өзара әрекеттесуіндегі қарым-қатынаста адами қасиеттерге, моральдық ұстанымдар мен құндылықтарға үлкен мән берілетіні сондықтан. Өйткені, осы санаттағылардың бойында моральдық ұстанымдардың болмауы, түбінде жағымсыз құбылыстарға, құқық бұзушылықтарға, жемқорлыққа соқтырып, бұл өз кезегінде халықтың мемлекетке деген сенімін азайтып, мемлекеттік қызметшінің беделіне нұқсан келтірері анық.

Мемлекеттік қызметші күнделікті жұмыс барысындағы мінез-құлық қағидаларын реттейтін Әдеп кодексін басшылыққа алуға міндетті. Кодекске сәйкес, жоғары кәсіби, адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтауға тиіс. Әдептілік – өркениетті қоғамның адамгершілік қағидаларының бірі.

Кодексте мемлекеттік қызметшілердің ұстануы тиіс мінез-құлықтарының жалпы және қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары бекітілген. Жалпы стандарттарға мемлекеттік қызметшілердің өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы, әділдігін және ашықтығын қамтамасыз ету, жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбау, іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау жатады. Яғни бұрынғыға қарағанда мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптардың артқанын байқауға болады.

Мемлекеттік қызметші әркез Әдеп кодексінің талаптарын естен шығармағаны абзал. Бұл тұрғыда үлкен жауапкершілік танытып, әрдайым өзіне-өзі есеп беріп отыруы қажет.

Мемлекеттік аппараттың қызметі халық сұранысын қанағаттандыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Бүгінгі таңда бұл ұғымды сервистік қызмет көрсету ретінде де қарастырып жүр. Әрбір мемлекеттік қызметші осыны жете ұғына отырып, осы бағытта жұмыс істесе, ұтары көп болмақ.

Бюрократиядан арылту ісінде мемлекеттік басқарудың барлық саласын цифрлық трансформациялау және жүйелік реинжинирингтеу маңызды саналады. Мұның өзі мемлекеттік қызметшілерді қажетсіз рәсімдер мен үдерістерден босатуға мүмкіндік береді.

Уақыт ағымына орай мемлекеттік қызметшілер алдында зор міндет тұр. Тіпті барша Қазақстан халқы алдындағы жауапкершілік десе де болады. Олар қабылдаған шешімдер, іс-әрекеттер елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан мемлекетіміздің дамуына үлес қосу үшін аянбай еңбек ету қажет және күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керек.

Арман МҰСАЕВ,

Сот әкімшілігі облыстық департаменті басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі уәкіл.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp