Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңейтілген кеңесте білім саласындағы түйткілдердің бірі – балалардың білімін біржақты бағалау екенін атап өтті.
Оған бір дәлел – оқушылардың Бірыңғай ұлттық тестілеуден алған бағасы мен мектептегі бағасының екі түрлі болуы. Мұндай алшақтық халықаралық және ұлттық бағалау кезінде де байқалып жүргенін айта келіп, жаппай белең алған көзбояушылықтан арылу міндетін қойды.
Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 19 орта білім беру ұйымын мемлекеттік аттестаттаудан өткізгенде мектепте алған білімді толыққанды бағалаудың кемшін тұсы бірден байқалды. 8 мектеп сынақтан ойдағыдай өтсе, 57,9 пайызы аттестаттау комиссиясының талаптарына сәйкес емес.
Жалпы білім беру ұйымдарында оқу пәндерінің базалық мазмұнын игеру қадағаланады. Тәрбие жұмысы, “Жол қозғалысы ережелері” мемлекеттік жалпыға міндетті бағалау стандарттарына сәйкес іске асырылып, оқу жүктемесінің ең жоғары апталық және жалпы көлемі сақталады. Сондай-ақ жоғары және бірінші санаттыларға, педагог-сарапшыға, педагог-зерттеуші, педагог-шеберлерге біліктілік талаптары барынша қатаңдатылған. Тайынша ауданындағы Теңдік орта, Леонидов негізгі, Мамлют ауданының Искорка негізгі, Петропавл қаласындағы №5 және №12 орта мектептеріне, Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейіне оң қорытынды берілді. Ал 11 мектепте мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттардың, білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды.
Ең жиі кездесетін кемшіліктер – қалыптастырушы және жиынтық бағалау талаптарын сақтамау, “Kundelik.kz” электрондық журналдарын дұрыс толтырмау, тоқсандық бағалар мен мұғалімдер қойған бағалардың сәйкес келмеуі, бөлім бойынша жиынтық бағалауда шекті балды жоғарылату, бір күнде үштен көп тоқсандық жиынтық бағалау өткізу және тағы басқалары. Екі мектепте оқу үдерісін ұйымдастыру кезінде білім алушылардың білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктері толық көлемде ескерілмеген. Тағы бір мектепте инклюзивті білім беру талаптары орындалмаған. Таңдау және факультативтер бойынша, “Өмір қауіпсіздігі негіздері” міндетті оқу курстарын жүргізерде сыныптар топтарға бөлінбеген. Аттестатталатын білім беру ұйымдары үшін ең қиыны – педагогтардың атқаратын лауазымына біліктілігінің сәйкес келмеуі. Төрт мектепте мамандығы сәйкес келмейтін адамдар жұмыс істеп келген. Екі мектепте оқу жоспарлары үлгілік кестелермен үйлестірілмеген. Кітапхана қорының толықтырылмауы, асханада санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының болмауы, педагогтардың біліктілікті арттыру курстарынан уақтылы өтпеуі, ұлттық білім беру деректер базасының нақты мәліметтермен үйлеспеуі сияқты олқылықтар да тіркелді. Мектепке дейінгі ұйымдардың бірінде педагогтар бес жыл бойы аттестаттаудан өтпеген. Топтардың толымдылығы қызметтік үлгілік қағидаттарымен үйлеспейді. Қазақ тілі бойынша оқу бағдарламасы толық орындалмаған.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл мемлекеттік аттестаттаудан өткен орта білім беру ұйымдары көбейіп, анықталған олқылықтар айтарлықтай азайғанымен, мектепте алған білімді объективті бағалау жөнінен шешімін табатын мәселелер аз емес.
Марина ПАНАРИНА,
облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің басшысы.